Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№4 газет

18 қаңтар 2025 ж.

№3 газет

14 қаңтар 2025 ж.

№ 2 газет

11 қаңтар 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Ауыл мәдениетін биікке көтерген

Ауыл мәдениетін биікке көтерген

Бүгінде мәдениет саласында талабы таудай, жұмыс көзін үйлестіре алатын жас­тар жеткілікті. Олардың ішінде басшылық қызметте қарым-қабілетін танытып жүрген жандар аз емес. Соның бірі – Аманкелді ауылдық мәдениет үйінің директоры Гүлайна Қалдыбаева. Білімі мен тәжірибесін қатар ұштап келе жатқан жас маман ауылдың тыныс-тіршілігіне тереңнен қанық. Оқу, тынбай іздену, өз-өзін жан-жақты ширату жастың басты қаруы санайтын Гүлайна Нартайқызы өткен жылдың қорытындысы бойынша «Өрлеу» жастар сыйлығының иегері атанды.

Күнделікті жұмыс барысында іздеген адам бөлмесінен емес, сахна төрінен кезіктіретін Гүлайна Қалдыбаева үнемі жаңашылдыққа иек артады. Тыңнан түрен салуға дағдыланған жас маман аз ғана уақыт ішінде көпшілікке ұйымдастырушылық қасиетімен танылған. Кәсіби тұрғыдан өз ісінің шебері болуға талпынған талапты жастың өжеттігі, еңбекқорлығы – орасан зор жетістікке жетелей білген. Кез келген іс-шараға немесе байқауға, танымдық кешке, концертке толықтай дайындық жүргізіп, сценарийге дейін өзі пысықтап отырады. Әріптестерімен жан-жақты талқылау жүргізіп, тұтастай іс-шараның мазмұнын аша түсуге жағдай жасайды.

Негізінен, Гүлайна Нартайқызы – Айдарлы ауылының тумасы. Аманкелді ауылына көршілес жатқан елді мекенде туған ол – №139 орта мектептің түлегі. Жас маман М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжі мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі мамандығын меңгерген. Алғашқы еңбек жолы ұстаздық қызмет болғанымен, ол мәдениет саласына өз таңдауымен келді. Аманкелді ауылдық мәдениет үйінің директоры қызметіне тағайындалғанға дейін, жігерлі жас Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының «Сыр сұлуы» ән-би ансамблінің жетекшісі, халық шығармашылығын дамыту бөлімінің маманы қызметтерін атқарды.

– Аманкелді ауылына алғаш келгенімде облыстық деңгейде жинақтаған тәжірибем көп көмектесті. Әрине, жас болғандықтан қойылатын талап жоғары. Барлығын жоспар бойынша жүзеге асыруға міндеттіміз. Біздің ұжым өнерден кенде емес екендігін жұртшылыққа танытып келеді. Есепті кезеңде «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасы негізінде 138 іс-шара өткізілді. Тағылымы мол іс-шараларға балалар, жастар, ересектер қамтылды. Материалдық база нығайтылып, сахна пердесін қайта тіктіріп, арнайы стенд орналастырдық. Жаңа бөлме ашып, үйірме сабағын өткізуге лайықтандырдық. Жылу жүйесін жаңалап, бу қазандығын жөндеуден өткіздік. Сонымен қатар ардагерлер бөлмесі жасақталды. Өнерпаздарымыз аудандық, облыстық республикалық, халықаралық байқаудан топ жара білді. Жаңа жылда көптеген табысқа қол жеткізуге ұмтыламыз, – деді үздік жас.

Әрбір басшы өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқаруды міндеті санайды. Өткен жылы Гүлайна Нартайқызы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың «Алғыс хатына» ие болды. Сонымен қатар «Мәдениет – қоғам келбеті» атты форум аясында «Мәдениет саласындағы креативті менеджмент» атты шеберлік сағатынан өткен.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
18 қаңтар 2025 ж. 40 0