«Ғани сыйлығының» иегері

Негізінен, Гүлзат Аманкелдиева құт қонып, бақ дарыған Нағи Ілиясов ауылының тумасы. Отбасында үш қыздың ортаншысы Гүлзат Талғатқызы №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектепті үздік бітірген. Бұл ретте, талапты жас Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің «Әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану пәні» мамандығы бойынша білім алған. Бір жылдары «Үздік студент» атанған өнерлі өренді оқытқан ауылдағы мектеп басшылығына университет тарапынан арнайы «Алғыс хат» тапсырылады. Ауыл мақтанышына айналған жас ұстаз балаларды білім нәрімен сусындату үшін ауылдағы мектепке жұмысқа орналасқан. Бірнеше жыл көлемінде білімді, алғыр, барлық жағынан үздік атана білетін жас ұстаз зор жетістікке қол жеткізіп келеді.
Ауылдық мәдениет үйімен тығыз байланыс орнатқан өнерпаз көркем сөз оқу шебері. Осыған дейін көптеген байқаудың жеңімпазы және жүлдегері атанған оның бойында ерекше шығармашылық өнердің ұшқыны байқалады. Әркез өзі қатысқан байқауларға жан-жақты дайындалатын өнерлі бойжеткен өткен жылы облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Көшбасшы бол» интенсивті курсын тәмамдады. Нәтижесінде, жас ұстазға «Жастар кеңесінің» қозғалысын дамытуға қосқан үлесі үшін облыстық кәсіподақ комитетінің төрайымы Гүлнар Есқалиева «Біркөлік» шипажайына жолдама табыстады. Осы жыл дарынды ұстаз үшін табысты болды. Жас маман Гүлзат Аманкелдиева «Шығармашыл мұғалімдердің тәжірибе алаңы «Оқыту әдісін жетілдіру» идея аукционының аудандық, облыстық кезеңінен жүлделі І орынды жеңіп алды. Сонымен бірге «Өзін-өзі тану пәнін оқытудың ғылыми-әдіснамалық негіздері 72-сағат курс» сертификатын, «Мағжан және К» ЖШС-нің ұйымдастыруымен өткен «Жылдың үздік мұғалімі –2022» білім сайысында «Ізденімпаз ұстаз» номинациясы мен ақшалай сыйақы иеленді.
– Бала кезімнен ұстаз болуды армандаған болатынмын. Анам Маржан секілді балаларды оқытып, зор жетістікке жеткенді қалаймын. Жас ұстаз ретінде қай кезде де ізденуден жалықпаймын. Мамандығым бойынша оқушыларды қызықтыра алатын, тереңнен білім беретін сабақ беру тәсілін ұйымдастырамын. Кішкентайымнан өлең, қара сөз, мәтінді мәнерлеп оқығанды жақсы көрдім. Кәсіби тұрғыдан машықтандым. Аудандық, облыстық, республикалық байқауларда үздік атануға тырыстым. Мектеп қабырғасында жүрген кезімнен ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері өнерге баулыды.
Шын мәнінде, республикалық «Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығының» иегері атанғаныма шын жүректен қуаныштымын. Жастар сыйлығын осыдан 6 жыл бұрын алғашқы рет сырдариялық жас иеленген. Араға бірнеше жыл салып, аудан мерейін асырғаныма дән ризамын. Бұл ретте, айрықша қолдау көрсеткен отбасыма, аудандық білім бөлімі мен мектеп басшылығына, жастар саясаты мамандарына көпшілікке алғысымды айтамын, – дейді Гүлзат Талғатқызы.
Білім мен өнерді ұштастырған Гүлзат Аманкелдиева бұған дейін Сырдария ауданы әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығын иемдеген болатын. Сондай-ақ биыл жас маман «Филология» ғылымдарының магистрі» атанды. Үнемі зор табысқа қол жеткізіп келе жатқан жас ұстаздың кезекті жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз!
Балтабай ОРДАБЕКОВ