Шамшырақ жағып жүрген жан

Өнегелі де, ұлағатты ол туралы айтқанда жаныңа жылылық әкелетін адамдар туралы қалам тербеу бір ғанибет. Әңгіме өзіміз күнде көріп, ақыл-кеңесін алып жүрген мейірімді жүзімен, жылы сөзімен ғана емес, іс-әрекетімен, бүкіл болмысымен өзінің қатарластарынан бастап ұрпақтың үш буынын тәрбиелеген, 60 жылға жуық өмірін мемлекеттік қызметке, білім саласына, қоғамдық жұмысқа арнап келе жатқан қайраткер ана туралы тебіренбей жазу мүмкін емес.
Біздің кейіпкеріміз – Ұлмекен Шанайқызы Жаналиева осы өңірде туып-өскен. Бұрынғы Тереңөзек, қазіргі Сырдария ауданының төл перзенті. Құжат тілімен айтсақ, 1950 жылдың 18 қаңтарында Тереңөзекте дүниеге келген. Аудан орталығындағы №35 М.Калинин атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін, еңбек жолын осы білім ұясында пионер вожатый болып бастаған. Үлкен өмірге осылайша пионер жетекшісі болып аттанғаннан соң ба бүкіл саналы ғұмырында мемлекеттік қызметте болсын, қоғамдық жұмыста болсын, жетекшілік рөл атқарып келеді. Әлі де солай.
Ұлмекен Шанайқызы пионер жетекшісі болып 3 жыл еңбек еткеннен кейін Н.В.Гоголь атындағы мемлекеттік педагогикалық институттың филология факультетінің қазақ тілі және әдебиет пәні бөліміне оқуға түсті. Жоғарғы оқу орнын үздік бітіріп келгеннен кейін пионер жетекшілік қызметін одан әрі жалғастырды. Көп ұзамай мұғалім болды. Ұстаздық қызмет тек мамандық емес, ол сенің өмір сүру дағдың, ең басты мақсатың, керек десең мұратың. Әрине, педагогтардың бәрі осындай емес, бұл сөз Ұлмекен Шанайқызының биік болмысын көрсетеді. Апамыздың қадір-қасиетінің қайнар көзі, оның өз бойынан табылып, бұл кісінің қоғамдағы орны еңбегімен және қызметімен өлшенеді. Сол еңбектің салмағы қадір-қасиетінің де өлшемі болады.
Ұлмекен Жаналиеваның бойында туа бітті тәрбиешілікпен бірге жол көрсетушілік, жетекшілік қасиет бар. Тектіліктің өзі жоғары қарай жетелейді. Бірақ, биікке шығу оңай емес, құз-жартасты, соқтықпалы-соқпақты ұзақ жол жүруге тура келеді. Жұрттан көп жұмыс істейсің, көп білуің, өмір бойы ізденуің, еңбектенуің керек. Апаның бойындағы осы тұнық қасиеті әріптестері арасында беделге ие етті. Өзі білім алған қарашаңырақ №35 мектепке директор болуы сол кездері үрдіс болған демократиялық сайлау арқылы жүзеге асты. Қажыр-қайраты мен ерік-жігері мықты, бастамашыл принципті ұстазға әріптестері сенім білдірді. Ол директор болғаннан кейін де көпшіл, еңбекшіл қалпынан бір аумады. Әрбір мұғалімнің сабақ беруде ғана емес, жалпы өмірдегі бет-бейнесін таныды. Әр оқушыға назар аударды. Баланың бойындағы ерекшелікті, талантты, талапты таныды. Сырттай ғана жанашыр болған жоқ, бүкіл жан дүниесімен жол көрсетті, тілекші болды. Ұлмекен Шанайқызының елге құрметті болуының бір сыры міне осында. Кешегі оқушылары бүгін қоғамдық өмірдің сан саласында еңбек ететін азаматтар. Білген адамға ата-анасынан кейінгі жақыны ұстазы екені де анық. Шәкірттері апайды қашанда ұлық тұтады, ол да болса бір бақыт.

Ол аудандық білім бөлімінің басшысы болып, еліміз үшін қиын кезеңде жұмыс жасады. Мұғалімдер айлап айлық алмай, жазғы еңбек демалысының қаржысын алмай жаңа оқу жылын бастаған кездері де болды. Осындай қиыншылықтарды жеңуге білікті басшы өзі үлгі көрсетті. Аудандық лагерьді сақтауға жұмыс жасады. Қазір «Жалын» сауықтыру лагері облыста алдыңғы қатарда. Одан кейін аудандық мұрағатқа жетекшілікке келгенде оның ғимараты талапқа сай болмай шықты. Аудан басшылығына қайта-қайта барып жүріп, тек қана төрт қабырғасы бар ғимаратты алып, қызметкерлердің күшімен пайдалануға қосты. Жұмысты жолға қойып, ақылы қызметті жандандырды. Сөйтіп мұрағаттың елге қажет екенін дәлелдеп, мекеме басшыларының осыған назарын аударды.
Ұлмекен Шанайқызының зейнет демалысына шыққаннан кейін екінші тынысы ашылып, әйелдер кеңесінің жұмысын дөңгелетті. Оның өзіміз де талай мәрте куәсі болдық. Әйелдер кеңесі бастауыш ұйымдарының жұмысын жандандырып, жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру жолында ата дәстүрден бастау алатын тәлім мен тәрбиені талмай насихаттады. Қазіргі кезде де ол кісі басқаратын әйелдер кеңесі облыста алдыңғы қатарда.
Адал іс атқарған азамат қай жерде де құрметке ие. Көп жылғы ұстаздық, басшылық қызметтегі атқарған еңбегі еленбей қалған жоқ, аудандық, облыстық деңгейдегі марапаттардың иегері атанды. Облыстағы, аудандағы үкіметтік емес ұйымдардың белсенді жұмыс жасауына қосқан үлесі үшін республикалық азаматтық Альянсының ІҮ, ҮІ форумдарына делегат болып қатысты. Ол «Қызылорда облысының Құрметті ардагері», «Ы.Алтынсарин», «Қазақстан Республикасы мәслихатының 30 жылдығы», «Сырдария ауданының құрылғанының 90, 95 жылдығы» медальдарының иегері. Сырдария ауданының Құрметті азаматы.
«Өмір бізге ақтық минутына дейін қорғау керек деген қатаң шартпен берілген» деген Диккенстің сөзі күні бүгінде мәнін жойған жоқ. Ал Қытайдың ұлы ойшылы Конфуций: «Өмір бойы қараңғылықты жамандағанша, шағын ғана шамшырақ жақ» дейді. Сол айтқандай Ұлмекен Шанайқызы шамшырақ жағып жүрген жан.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТ,
Журналистика саласының ардагері