Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БОЛАШАҚТЫҢ БЕКЕМ ЖОЛЫ

БОЛАШАҚТЫҢ БЕКЕМ ЖОЛЫ


Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді.
Н.Назарбаев, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан

Жақында аудандық мәдениет үйінде қазақ сөзінің қабырғасын қатайтып жүрген зиялы қауым өкілдерімен келелі жиын болды. Ауданға келген жоғарғы оқу орындарының профессорлары Қ.Ергөбек, А.Әбілов, М.Кемел, С.Аңсатов Қоғамдық келісім мен жалпы ұлттық бірліктің Қазақстандық үлгісін насихаттау бойынша республикалық лекторий Қазақстан халқы Ассамблясының «Қазақтану» мәдени ағартушылық жобасы бойынша Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттау мақсатында кездесу өткізді.

Жиында ашып жүргізген аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев жоба аясында келген ғалымдарды таныстырып, бағдарламалық мақаланың негізгі мақсаты- Ұлт жоспарын орындау аясында әлемнің ең озық 30 елінің қатарына кіру болып табылады деді.

Рухани жаңғыру-адам баласының оның ішкі әлемінің жаңару, сана-сезімі, жаңа өзгерісті қабылдай білу. Рухани жаңғыруды өркениеттің өрге жүзуімен байланыстырамыз. Тарих беттеріне көз жүгіртсек, өскен ұлттың өрби түсуіне рухани жаңғыру дәлел. «Қазақтану» мәдени ағартушылық жобасы 130-дан астам ұлт пен ұлысты біріктірген ұлы еліміздің өткенін танып білуге негіз болады. Қуғын-сүргін, ашаршылықтың құрбаны бола тұра, бір түйір нанды өз баласына емес өзге ұлт перзентіне берген дана халықтың данышпандығын бүгінгі жастарға насихаттау аға ұрпақтың парызы. Елбасы рухани жаңғырудың бірнеше принциптерін ұсынды. Біріншісі, бәсекелестік қабілет. Ғаламданудың жаһандық жүйесіне еніп, ХХІ ғасырдың талаптарына дағдыланудың қамына кірісу сапалы табыстың кілті екенін атап айтты. Екіншісі, прагматизмі, Ұлан ғайыр қазыналарымыздың қалпынша қолданып, қорғау, бір мақсатпен межеленген межеге жету арқылы түрлі саяси радикалды идеологияларға тосқауыл болудың бағдарын ұсынды. Ұлттық бірегейлікті сақтау. Елбасы үшінші қағидасында ұлттық код, яғни халқымызға тән салт-санамыз,мәдениетіміз барлығы бойымызда жалындап, үні шырқалып тұруын баса айтты, Сонда ғана алға басу болатынын ескертті. Төртінші, білімнің салтанат құруы. Қазіргі таңда табыстың көзі – білімді болашақ жастардың қолында. Білімге салынған инвестиция, қайтарымы бар инвестиция екені үнемі айтылып келеді. Қоғамға керегі жай мұғалім емес, патриот ұстаз. Соңғы кезде мектептерде ұстаз-әйел адамдарының көптеп болуы, ұрпақ тәрбиесін әлсірететін тәрізді. Себебі үйінде де бала ананың көз алдында өсіп, тәрбие алатыны жасырын емес. Ал ана жүрегі нәзік келетіндіктен біздің қоғамда нәзіктікке бейім ұрпақ өсіп келе жатқаны өкінішті. Мұғалімнің мәртебесі туралы айтылған жиында, кейбір дамыған елдерде мұғалім ең жоғары жалақы алып, қоғамдық көлікте тегін жүреді. Біздің елімізге үлгі болатындай-ақ дүние. Жалпы рухани жаңғыру бағдарламасының білім саласына қатысты тұсы келешек ұрпақты кемел білімге сусундататын үлкен мүмкіндік. Еліміздің білім жүйесінде үш тілділік бағытқа басымдық берілді. Дегенмен, Жапония елін мысалға келтірген ғалым Құлбек Ергөбек онда бастауыш сыныпта балалар тек өз ана тілінде білім алатынын және ол мемлекет көштен қалмақ түгелі, озық елдердің қатарында екенін баса айтты. Жас ұрпақты ең алдымен ана тілін білуге үйрету үлгісін осы елден алсақ игі.

Қазір бәсекеден тыс қалған бірде-бір сала жоқ. Айналамыздың барлығы жаңа технологияны игеріп, цифландыруға көшті. Мұны Елбасы ерекше атап көрсетті. «Технологиялық революцияның беталысына қарасақ, таяу он жылдық уақытта қазіргі кәсіптердің жартысы жойылып кетеді. Экономиканың кәсіптік сипаты бұрын соңды ешбір дәуірде мұншама жедел өзгермеген. Біз бүгінгі жаңа атауды ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді», – деді Елбасы. Қазақ халқына тән жайбарақаттық, жалқаулық ешқандай табысқа жеткізбейді. Иә, шын мәнінде үрейлі көрінеді, бірақ, алдағы санаулы жыл ішінде бүгінгі қолданыстағы кәсіп түрлерінің тең жартысы қажетсіз болып қалары анық.

Рухани жаңғырудың бағытын ұстанған «Қазақтану» жобасы шын мәнінде ата-бабаңды танумен сабақтасады. «Он тоғызыншы ғасырда осы өңірде Тоқпан ұста өмір сүрген. Оның жасаған жақсылығы, темірден түйген түйіні, ұсталығы ел аузында сақталып, осы күнге дейін жаңғырып жүр. Қайырымды жан өзінің халқына деген адалдығымен есте қалған» деп саналы ұрпақтың бойына балалар қасиетін бір мысалмен ғана ұғындырған ғалым С.Аңсатов бүгінгі жастардың түйсігіне, пайдакүнемдігіне тоқталды. Өмірден алған мысалдар аз емес. Қазір жастардың көркем шығарма оқымай, қалтафонға телміруі болашаққа төнген қауіп. Ал, уақыт – ол тоқтамайды, алға жылжи береді. Сондықтан уақыт өте келе қоғамды дамытушы күш – жастар білімсіз болмасына кім кепіл. 180-ге жуық ғылыми еңбектің авторы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент А.Әбілов латын әліпбиіне көшу туралы өз пікірін білдірді. Ғалымның пікірінше латын-емлені дұрыстап алуға берілген мүмкіндік. Мұнан басқа жиында жерге құрмет, әдебиет, қаламгерлік туралы ой толғанды.

Лекторлардың «Қазақтану» жобасы бойынша өткізген кездесуде аудан тұрғындары атынан ризашылықтарын білдірген еңбек ардагерлері М.Келдібаев, Ұ.Жаналиева бұл шара тыңдармандарға жақсы ой салғанын және ерекше әсерлі өткенін айтты.

Б.ЖАНӘЛІ
18 қыркүйек 2018 ж. 622 0