Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Туған жерге сәлем жолдайды

Туған жерге сәлем жолдайды

«Елін сүйген сеніңіз, өз отбасы сүйе алған» деп ақын Қасым Аманжолов бекер айтпаса керек-ті. Отбасының берекесін кіргізген жарасымды жұптар елдің ұйытқысына айналуда. Осыдан 23 жыл бұрын бой көтерген еңселі Елордаға сырдариялық бірнеше отбасы қоныс аударған еді. Айтулы мерекеде туған жерден жырақта жүрген Сыр перзенттерімен байланысқа шыққан болатынбыз. Бас қаланың қазіргі тұрғындары мереке мезіретін сезініп, жер­лестеріне сәлем жолдады.
Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңадан ашылған Алматы ауданында сырда­риялық Көшеновтер отбасы тұрады. Бұған дейін Сыр өңірінде түрлі салада қызмет еткен Мейіржан мен Айгүл әсем қаланың тұрмыс-тіршілігіне едә­уір үй­­реніскен. Қазіргі таңда ота­­­ға­сы Мейіржан Исламханұлы – «Әсем қала» құрылыс компаниясында тех­ни­калық қауіпсіздік инженері қыз­метін атқарады. Ал Айгүл Жамал-ад-Динқызы – бала күтіміне байланыс­ты демалысқа шыққанға дейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша депар­таментінде еңбек етті.
– Отағасы екеуміз 2001 жылы танысып, шаңырақ көтерген болатынбыз. Әр жылдары қаржы саласы бойынша қызмет етіп, түрлі мекемеде тәжірибе жинақтадым. Елордаға осыған дейін жұмыс бабымен сән мәрте келген едік. Көз алдымызда көркейіп, танымастай өзгеруде. Біз тұратын Алматы ауданында жаңа құрылыс жұмысы жүргізіліп, әсем қала жандану үстінде. Балаларымыздың болашағы жасампаз қалада қалыптасып, зор жетістіктерге қол жеткізеді деп сенеміз.
Қай кезде де туып өскен мекеніміз Тереңөзекті сағынамыз. Балалық ке­зеңді еске аламыз. Қызмет барысында кәсіби маман ретінде толысуыма туған жерімнің үлесі зор. Сондықтан Сырдария ауданының даму жолында қолға алынған барлық бастамасына тілектестік білдіреміз, – дейді Айгүл Бақберген.
Өз кезегінде бас қалада тұрып жатқан жас отбасымен де пікірлесудің сәті түсті. Сәулеті келіскен Елорданың тұрғын­дары Бегалиевтер отбасында Мейрамбек пен Айдана тату-тәтті өмір сүріп келеді. Отасқандарына 2 жыл болған ерлі-зайыпты теміржол саласын жетік меңгерген. Жас келіншек Айдана Бегалиева – Қарағанды қала­сының тумасы. Тереңөзектік Мейрамбек Бегалиевті қызметте жүріп жолықтырады. Жарасымды жұп ТМД елдері бойынша көлемі жағынан ең үлкен саналатын «Нұрлы жол» вокзалында өткізілген «Венский бал» кешін­де бірге вальс билеп, өз өнерлерін көрсеткен. Мейрамбек Бегалиевтің ата-анасы ұстаздық қызмет етсе, зайыбы теміржолшылар отбасынан шық­қан.
– Нұр-Сұлтан қаласында қыруар тіршіліктің бел ортасында жүреміз. Күнделікті жұбайым екеуміз бірге жұ­мыс жасаймыз. «Нұрлы жол» вокзалында түрлі ұлт өкілдерімен байланыс орнатамыз. Өзіміз секілді жас отбасылар көп. Үлкен қалада жұмыстың көзін тауып, табыс таба білсең жайлы өмір сүруге болады. Күн санап гүлденген астанамыз сан мыңдаған халықты құшақ жая қарсы алуда. Осында өзіміздің баспанамызға қол жеткізіп, бақытты отбасылардың біріне айналдық.
Әрқашан тілеулес болған ата-ана­мыз­ға, балалық дәуреннің қызы­ғына батырған туған жерге ыстық сәлем жолдаймыз, – дейді Мейрамбек Бегалиев.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
06 шілде 2021 ж. 810 0