Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жандос ӘЛТАЕВ, Қытай Халық Республикасындағы Янчень индустриалды технологиялар институтының студенті: институтта 500-ге жуық өзге ұлт өкілі оқиды

Жандос ӘЛТАЕВ, Қытай Халық Республикасындағы Янчень индустриалды технологиялар институтының студенті: институтта 500-ге жуық өзге ұлт өкілі оқиды

Сырдария ауданы бойынша 15-ке жуық студент шетелде білім алуда. Өз саласы бойынша шетелде білімін жетілдіріп жүрген жас мамандар да бар. Осыдан3 жыл бұрын №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейді бітірген Жандос Әлтаев Қытай Халық Республикасындағы Янчень индустриалды технологиялар институтында оқу грантын жеңіп алған болатын. Қытай елінде білім алып жатқан жас студентпен жақында сұхбаттасқан едік.

– Жандос Еркінұлы, Қытай Халық Республикасында оқып жатқаныңызды жақсы білеміз. Шетелде оқуға грантты қалай жеңіп алдыңыз?

– Мектеп бітіруші түлектер түрлі мамандық иесі болуды армандайды. Жан-жақты ізденіс жүргізіп, өзінің қабілетіне сай мамандық таңдауға тырысады. 2018 жылы 11 сыныпта оқып жүргенімде мектеп-лицейге Қытай елінде білім алып жатқан Елдос Сәрсенбаев есімді жерлесіміз келіп кездесу өткізді. Жерлесіммен кездесуде білім алып жатқан институты жайында сұрап білген едім. Осылайша, Янчень индустриалды технологиялар институтына қызығушылығым артып, сол жақта білім алу үшін өтінішімді жолдадым. Аталған оқу орны өтінішімді қабылдағаннан кейін бірнеше тест тапсырып, оқуға түстім.

– Оқуға түсу кезінде дайындық қай тілде жүргізілді? Қытай тілін меңгеру қиындыққа соқпады ма?

– Оқуға түсетін кезімде Қытай тілін мүлдем білмейтін едім. Барлық құжатты арнайы аударма жасайтын бағдарлама көмегі арқылы тапсырдық. Кейіннен, оқуға түсіп Қытай еліне барғанымда өз ынтаммен жергілікті және ағылшын тілін меңгеріп алдым. Шын мәнінде, қытайша үйрену қиындық соқтырмайды. Негізінен, практикалық тұрғыда тіл білімін жетілдіру өте маңызды. Барлығы адамның өз қалауы бойынша жүзеге асатыны белгілі. Біз оқитын топта Қазақстаннан барған студенттер жеткілікті. Әркім өзі қалаған тілде ортақ әңгімелеседі. Мен үшін ана тіліміздің мәртебесі жоғары.

– Қытай Халық Республикасының қандай өзіндік ерекшелігі бар?

– Мен өз мамандығым бойынша Қытай Халық Республи­касының Джиангсу провинциясына қарасты Янчень қаласында 2 жыл оқыдым. Қазіргі уақытта пандемияға байланысты Қазақстанда онлайн түрде білім алудамыз. Институтта 500-ге жуық өзге ұлт өкілі оқиды. Оның ішінде, қазақ балалары басым. Янчень қаласының тұрғындары еліміз туралы көп білмейді екен. Тек Ресей мемлекетімен көршілес жатқан ел ретінде таниды. Көбіне олар жерлесіміз, талантты әнші Димаш Құдайбергеновтің өнерін жоғары бағалайды. Ең бастысы, Қытай халқы өзге елден келген азаматтарды өте жақсы көреді. Олар шетел азаматтарымен араласуды өздеріне мәртебе санайды.

Бір қызығы менен таныстарым «Қытай халқы құрт-құмырсқа жей ме?» деп сұрайды. Көпшілік арасындағы бұл ойды жоққа шығарғым келеді. Жергілікті қытайлықтар құрт-құмырсқаны ашаршылық уақытында ғана жеген екен. Бүгінде олар кәдімгі тағамдарды тұтынады. Бірақ, ас мәзірінде ащы тағамдарының болуына аса мән береді.

Ал мен тұрған Янчень қаласы зәулім үйлерімен ерекше. Аталған қаланың инфрақұрылымы мен сәулеті Алматы қаласына ұқсайды. Қытай елінде әр қаланың табиғаты, көрікті жерлері, өзіне тән ерекшелігі бір-біріне ұқсамайды. Біз 15 қабатты жатақханада тұрдық. Топтастарымызбен бірге қаланы жиі аралап, Қытай мәдениетімен танысуды ұнататынбыз.

– Сіз таңдаған мамандық несімен ерекше? Оқуды бітіргеннен кейін қай жақта жұмыс жасау жоспарда бар?

– Мен таңдаған мамандық негізінен мейрамхана саласына байланысты. Анығын айтқанда, мейрамханалардың индустрияландыру жүйесіне тікелей қатысы бар. Кез келген туристік қызметі жақсы дамыған қалаларда жұмыс жүргізе аламыз. Мейрамхана ісін үйлестіреміз.

Биыл соңғы курсты бітіргеннен кейін мамандық бойынша жұмыс істеу ойда бар. Әзірге қай қалада жұмыс жасайтынымды нақтылаған жоқпын.

– Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз?

– Әкем – Еркін Әбдіреев Тереңөзек кенті мәдениет үйінің директоры қызметін атқарады. Анам – Гүлзат Жанәлиева «Жастар денсаулығы орталығының» маманы. Отбасында 4 ағайындымыз. Үш қарындасым мектепте оқиды.

– Өзіңіз білім алған №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің ұстаздарына жылы лебізіңізді жеткізсеңіз.

– Мектеп-лицей табалдырығын 2007 жылы аттадым. Бас­тауыш сыныпта Елена Мясцова, жоғарғы сыныпта Жанна Байқадамова және Зауре Аманшейтова білім нәрімен сусындатты. Шетелде адамдармен емін-еркін қарым-қатынас орнатып, өзара тіл табысуыма ұстаздарымның үйреткен білімі жақсы әсер етті. Бұл ретте, ұстаздарыма айтар алғысым шексіз. Ұлағатты ұстаздардың бала тәрбиелеуде еңбегі зор. Сондықтан ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсете білуіміз керек. Себебі, Қытай халқының ұстаздарына қарағанда мектептегі апайларымның мен үшін орны ерекше.
– Түлектерге айтар кеңесіңіз?

– Адам ештеңеден қорықпау керек. Шетелде оқу үшін жүрексіну өткінші сезім. Ынта мен ниет болса, кез келген шетелде оқуға болады. Тек іздену, еңбектену керек.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан
Балтабай ОРДАБЕКОВ
13 наурыз 2021 ж. 682 0