Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрғындар қауіпсіздігі – басты талап

Тұрғындар қауіпсіздігі – басты талап

Қыс қаһарына енді мінді. Әсіресе осы аптада аязды күн тұрғындарға қыстың ызғарын сездірмек.

Еліміздің басым өңірлерінде ауа температурасы бірнеше градусқа дейін төмендеді. Соның әсерінен жауған қар мен жаңбыр таңертең және кешкі мезгілде қатып, көше көктайғаққа айналуда. Осы ретте мамандар тұрғындарға қауіпсіздік шараларын басты назарда сақтау қажеттігін ескертеді.

Қазгидрометтің алдын ала болжамына сәйкес құтқару қызметі бірегей нөмірі тұрғындарға алдын ала ескерту хабарламасын жолдауда. Ал ауданымызда қауіпсіздікті сақтау мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Ең алдымен аудан әкімі Берік Сәрменбаев өткен аптада ауа райының қолайсыздығы туындағанда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты техникалардың әзірлігін көрген болатын. Тұрғындар қауіпсіздігі баста назарда екенін айтқан аудан басшысы қыс күшіне мінгенде техникалардың сақадай сай болып, жолдар дер кезінде тазартылуы қажет екенін ескертті. Ауа райы тұрғындардың күнделікті өмірі мен жұмысына кедергі болмауы керек екенін айтқан аудан әкімі қауіпсіздік шараларына баса мән беру қажеттігін айтты.

Өз кезегінде осы жұмыстарға жауапты мердігер мекеме өкілі Ғ.Маханғалиев бүгінгі күні Тереңөзек кентінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге техникалардың дайын, жолдарға себуге қоймада құм-тұзды қоспа қоры бар екенін жеткізді. Бүгінгі таңда көшелерді мұздан тазарту жұмыстары бас­талып кетті. Ауа райына орай мамандар мезгілге қарамастан тиісті жұмыстарды жүргізіп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін көше бойын мұздан тазартуда.

Айта кетейік, аудан басшысы жылыту маусымына байланысты көмір қоймаларына да арнайы барды. Тұрғындарды қатты отынмен қамтамасыз етуде мәселе туындамау керектігін назарға салды. Бүгінгі таңда Тереңөзек кентіндегі «Углесбыт» ЖШС-нің қоймасында 400 тонна «Шұбаркөл», 250 тонна «Екібастұз» және «Нұрдаулет» жеке кәсіпкердің қоймасында 270 тонна «Шұбаркөл» көмірі бар екен.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
16 қаңтар 2024 ж. 242 0