Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәуір тәуір бола ма?

Сәуір тәуір бола ма?

«Сәуір болмай, тәуір болмас» дейді көпті көрген көнекөз қариялар. Әне-міне дегенше көктем мезгілінің екінші айына қадам бастық. «Сәуір болса күн күркірер, күн күркіресе, көк дүркірер» деп мақалдатқан халық жаңбыр жауса, жер көгереді деп топшылаған.

Өткен ай жауын-шашынды болғаны белгілі. Қалың қардың еруі мен жауынның мөлшерден тыс түсуі салдарынан кей облыстарда табиғи апат орын алып жатқаны да мәлім. «Қазгидромет» алдағы сәуір айына арналған ауа райы болжамын жариялады. Мамандардың айтуынша, ауаның орташа айлық температурасы еліміз бойынша нормадан 1-2 градусқа жоғары болмақ.

Сондай-ақ бұл айда жауын-шашын мөлшері рес­публика аумағының басым бөлігінде нормадан көп түседі. Десек те, Қызылорда аумағында қалыпты норма сақталады деп күтілуде.

Сәуір айы ел аумағында көктемнің шуақты күндерінің басталуымен ерекшеленбек. Күн тез ұзарып, күн көкжиектен жоғары көтеріледі. Күннің шуағы қыздырғанымен, қара жердің ызасы кебе қоймағаны анық. Қыс бойы қар астында жатқан жердің тоң-тоңы жібіп болмай, «жаз келді» деуге ерте. Далалы жазық аймаққа жататын біздің жақта көктем басталысымен жел тұрып, шаң ұйытқуы тұрғындар үшін қалыпты жағдай. Бұл туралы «112» нөмірі мен ақпарат арналары тұрғындарға алдын ала хабар таратып, ескерту жасауда. Әзірге ауа-райы бірқалыпты, біршама ыстық болмақ. Тұрғындар үшін желді күні қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігін ескерткіміз келеді.

Ай ішінде ауа райының тұрақсыздығы да байқалатын болады. Жел күшейіп, найзағай ойнап, кей өңірде бұршақ жаууы да мүмкін. Ал оңтүстік аймақта жоғары температура күтіледі. Десек те, мамандар суық ауа райының қайталануы да мүмкін екенін ескертеді. Сонымен қатар мамыр айындағы бір аптаға созылатын «Құралайдың салқыны» да алда екенін естен шығармаған жөн.

«Тт» ақпарат
Фото: qazdauiri.kz
02 сәуір 2024 ж. 169 0