Табиғат тосын мінез танытты
Қаңтар айындағы жылы ауа райы тұрғындарға жайлы болып, көпшілік көктемнің ерте шығуынан дәмеленіп те жүрген. Бірақ, ақпан айы қысты қаһарына мінгізіп, бір сілкіндіріп алатыны бар. Биылғы қыстың соңғы айы да ә дегеннен тосын мінез танытты.
Тұрғындарға белгілі, ауа райы жылы болғанмен, аудандағы ахуал сақтық шараларын қатаң сақтау қажеттігін көрсетіп тұр. Ақпаннан аппақ қар мен бет қарыр аяз күткен көпшілік көктайғақта абдырап қалды. Бірінен бастап түні бойы жауған жаңбыр салдарынан таңертең көшені түгел мұз басып қалды. Тіпті, есік алдына шығу қиындық туғызды. Абоненттерге ақпараттық қолдау көрсететін «112» бірегей құтқару қызметі алдын ала ескерту хабарламасын жібергенімен, жұртшылық жағдай дәл бұлай құбылады деп ойламаса керек.
– Мұндай табиғат құбылысы тұрғындарға жайсыздық туғызары анық. Көшедегі қозғалыс біршама саябырлағанымен, күйбең тіршіліктің қамы көпшілікті ауа райына қаратпай тұр. Көшеде жаяу жүру үлкен кісілер тұрмақ жастардың өзіне қиындық туғызып жатыр. Тоқтаусыз көлік қозғалысы салдарынан асфальт жолдар біршама ерігенімен, жаяу жүргіншілер жолы, әсіресе, тақтатаспен қапталған жолдар өте қауіпті. Көлік жүргізушілеріне де, жаяу жүргіншілерге де қауіпсіздік шараларын қатаң бақылауда ұстау қажет. Табиғат тосын мінез танытары хақ. Оған адам қарсы тұра алмас. Тек сабыр сақтап, тиісті іс-шараларды бірлесе атқарып, қауіпсіздікті сақтау қажет. Реті келсе, үлкен кісілерге үйден шықпау ләзім. Бұл да өтпелі сын сағаттар ғой. Аман-есен болып, ел-жұртты Жаратушы өзі сақтасын, – дейді аудан тұрғыны Ә.Мәсилова.
Соңғы күндері мұздан зардап шегіп, жедел-жәрдем қызметіне жүгінгендер саны да едәуір артқан. Екі тәулік ішінде төрт адам дәрігер көмегіне жүгінген. Олардың екеуі сүйектің сынуынан зардап шексе, екеуі түрлі дене жарақатын алған. Көмекке жүгінгендердің жағдайы тұрақты. Барлығы амбулаториялық емдеуге жолданған. Ал қалалық ауруханаға осындай шағыммен келіп түскендер саны қазірдің өзінде 150-ден асқан. Олардың ішінде үй жағдайында емделуге жіберілгендермен қатар аурухана төсегіне таңылғандар да бар екенін айтады медицина мамандары.
Осындай шақта құқық қорқау қызметкерлері жолда сақтық шараларына баса мән беру керектігін ескертеді.
– Көлік жүргізушілерінің мұндай ауа райында жылдамдықты асыруына тіпті болмайды. Жаяу жүргіншілерге автокөлік жолымен жүрмеуді ескертеміз. Табиғат тосын мінез көрсетіп, жол көктайғақ болғанымен ауданда жол-көлік оқиғасы тіркелген жоқ. Тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда. Осыған орай аудан орталығында жол потрульдік полиция қызметкерлері мен елді мекендерлегі учаскелік полиция қызметкерлері күндіз-түні бақылауды күшейтіп, қызмет етуде. Соңғы күндері айналаны мұз басумен қатар қалың тұман да жайсыздық туғызып отыр. Тұрғындарды барынша сақ болуға шақырамыз, – дейді аудандық полиция бөлімінің ЖПҚб-нің аға қызмет инспекторы, полиция капитаны Әзімхан Әбдірасыл.
Жағдайға орай аудан орталығында орталық көшелерге құм төселсе, ауылдық округтерде еріктілер бірлесе жұмыс атқаруда. Десек те, үстін-үстін себелеген жауын салдарынан жолдарды қайта мұз басуда. Осы ретте әр тұрғынды сақ болып, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырамыз. «Ауланы, көшені кім тазалауға міндетті» деп қарап отыратын жағдай жоқ. Әркім шамасы келгенше өз ауласын, есігінің алдын мұздан тазартса, көпшіліктің сауабын да алары анық.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ