Сәуір болмай, тәуір болмас
Соңғы күндері ауа райы құбылып, толассыз соққан шаңды жел тұрғындарға жайсыздық туғызып тұр. «Көктем келді» дегенше, табиғаттың тосын мінез танытып, күн райы бірден қалыпқа келіп кете қоймасы анық. Кішкентай күнімізде әкем «қыс пен жаздың айқасы бұл, мезгілдер бір-біріне орнын бергісі келмей, табиғат тосын мінез танытуда» деп түсіндіретін аңызға сүйеніп.
Күннің шуағы қыздырғанымен, қара жердің ызасы кебе қоймады. Қыс бойы қар астында жатқан жердің тоң-тоңы жібіп болмай, «жаз келді» деуге ерте. Далалы жазық аймаққа жататын біздің жақта көктем басталысымен жел тұрып, шаң ұйытқуы тұрғындар үшін қалыпты жағдай. Бұл туралы «112» нөмірі мен ақпарат арналары тұрғындарға алдын ала хабар таратып, ескерту жасауда. Десек те ұйытқи соққан жел әсерінен апатты жағдайлар орын алуда.
Желдің қарқыны күшті. Бес күннен бері ұйытқи соққан жел гүлдей бас-таған өрік ағашын жалаңаштап, шаруа адамына да жайсыздық туғызып отыр. Сонымен қатар тұрғын үйлердің шатыры, қабырғасы қатты соққан дауыл әсерінен жапырылып, қауіптің беті күшейді. Бірнеше өрт оқиғасы тіркеліп те үлгерді. Осы ретте тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет екендігін ескерте кеткіміз келеді. Желді күні от жағуға болмайды, жанған отты толықтай өшіріп, топырақпен көміп тастау керек. Әйтпесе жел үрлеген шоқ қайта тұтанып, арты қайғылы жағдайға душар етуі де мүмкін. Сондай-ақ тұрғындар көшеде жүргенде биік ғимараттар мен тұрғын үйлерден, алып ағаштардан алыстау жолмен, көбіне ашық алаңдармен жүргені дұрыс.
Алдағы күндері ауа райы қайта қалпына келеді. Бірнеше күн жаңбыр жаууы да ықтимал. «Сәуір болса, күн күркірер, Күн күркіресе, көк дүркірер» деп бекер айтылмайды. Күн күркіремей, көк көтеріле алмай тұрғаны да анық. Алдағы аптадан бастап күн райы қалыпқа келіп, жаздың жылы ауа райын тұрғындар айқын сезіне бастайды. Десек те мамыр айындағы бір аптаға созылатын «Құралайдың салқыны» да алда екенін естен шығармаған жөн. Тұрғындарға ауа райын бақылап, қауіпсіздік шараларын басты назарда ұстау қажеттігін ескертеміз.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ