Жұмысшы мамандарды 38 жыл түлеткен шебер
Бахытбек Ахметов – мамандығына деген құрметі ерекше азамат. Ол қарапайым еңбек адамы – жұмысшы мамандығына оқытатын өндіріс шебері. Қырық жылға жуық Сырдария аграрлы-техникалық колледжде өндірістік оқу шебері болып еңбек ететін ұстаз мамандығына шын берілген.
Алдымен колледж тарихына қысқаша тоқталар болсақ, Тереңөзек кентінде іргетасы 1969 жылы қаланған Сырдария аграрлы-техникалық колледжі – жастарға техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орны. Колледжде 1969-2024 жылдар аралығында 9 000-нан аса жұмысшы кадр даярланды.
Алғашқыда училище болып ашылған білім ордасында 1969-1970 оқу жылында ауданның құрылыс мекемелеріне арнап тас қалаушы, сылақшы, бояушы, пеш салушы, ағаш ұстасы мамандықтары бойынша жұмысшы мамандар даярланған. Училищенің алғашқы директоры Танабай Есмағанбетов болды. Бүгінде оқу орнын білікті басшы Дархан Қожахметов басқарады. Алғашқы жылы училищеде мамандық беретін 7 топта 150 оқушы білім алды. Олардың 25-і Башкирия, Украинадан келген оқушылар еді.
1972-1973 оқу жылынан бастап училище негізінен механизатор мамандарын дайындауға көшіп, оқушы саны 300-ге дейін жеткен.
Алғашқы құрылған жылы СПТУ-88 деп аталған училищенің ғимараты бұрынғы орында 1976 жылға дейін болып, осы жылы Тереңөзек кенті орталығындағы типтік үлгіде салынған училище корпусына көшеді. Жаңа ғимаратқа көшкен училище қабырғасында 450 оқушы ауыл шаруашылығы жұмыстарының механизаторы мамандығы бойынша білім алады. Бүгінде жарты ғасырдан астам тарихы бар колледж осынау жылдар ішінде атауын талай өзгертті. Алайда арнаулы оқу орнының мақсаты өзгерген жоқ. Колледж жұмысшы мамандығын дайындайды, кәсіптік мамандық береді. Бүгінде 108 студент дәнекерлеу, тігін, аспаз, тас қалаушы, ауыл шаруашылығы мамандығына оқиды. Жастарды мамандыққа баулып, қолынан іс келетін азамат етіп тәрбиелеп, білім беретін колледж оқытушылары мен шеберлері еңбек адамдарының дәрежесін көтеруге күш салуда.
Біздің кейіпкеріміз Бахытбек Ұзақбайұлын тереңөзектіктер жақсы біледі десем артық айтқандық болмас. Тумысынан адалдықты, адамгершілікті ту еткен азамат саналы ғұмырын бір салаға арнады. Бүгін біз сөз еткелі тұрған жұмысшы мамандарды оқытып, түлетуде алдына жан салмайтын тәжірибесі мол маман. Шебер маман бір мекемеде табан аудармастан үздіксіз 38 жыл бойы еңбек етуде.
– Әрбір мамандықтың қиындығы мен қызығы қатар жүреді, – дейді өндіріс шебері. Туған жерім Тереңөзекте білім алып, қазір өзім қызмет ететін колледжде кәсіби-техникалық білім алдым. Осы колледждің түлегімін. 1982 жылы Түркістан қаласындағы индустриалды-педагогикалық техникумда арнаулы мамандықта оқыдым. Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеп келген соң өзім түлеп ұшқан колледжге қызметке келдім. Кейін жоғары білім алу мақсатында Жетісайдағы Сырдария университетінде оқыдым. Қазір осы саланың ыстығы мен суығында жүргеніме біршама жыл болды. Осы уақыт аралығында жүздеген шәкірттерге ауыл шаруашылығы мамандығын алуына себепкер болдым.
Мамандықтың бәрі жақсы, тек қана таңдаудан жаңылыспау кез келген адам үшін маңызды. Бұл ретте Бахытбек Ұзақбайұлы таңдаған мамандығымен мақтанады. Қай заманда да өндірісті алға сүйрейтін жұмысшы күші қажет. Ауыл шаруашылығы саласы өңір халқының айналысатын ең маңызды бөлшегі. Ал сол өндірістің басы-қасынан табылатын мамандарды дайындау өндіріс шеберлеріне жүктелген міндет. Осы ретте кейіпкеріміз жұмысшыларды, ауыл шаруашылығы техникаларын тізгіндейтін азаматтарды үйретіп, оқытып жатқанына дән риза. Себебі өз ісінің білікті маманы жұмысын шын ниетпен, алдына мақсат пен міндет қойып, діттеген нәтижеге қол жеткізу үшін ізденеді, барын салады.
Өндіріс шебері биылғы жылды ел Президенті «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына орай алда көптеген тың жұмыс күтіп тұрғанын айтады. Облыс көлемінде өтетін іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне күш салады. Аудандағы аграрлы-техникалық колледжде ұзақ жылдан бері бірге қызмет етіп келе жатқан әріптестері де бар. Ералхан Сматов, Жандос Идрисов жұмысшы мамандықты оқытуға атсалысып келе жатқан азаматтар.
– Бахытбек Ұзақбайұлы колледждегі ең тәжірибелі маман. Оның ұзақ жылғы қызметінде көптеген шәкірттері өмірден өз орнын тауып кетті. Мықты маман иесі атанғандар да бар. Өзі осы колледжде оқып, осында қызмет етуі көпке үлгі. Әріптесіммен 20 жылдан астам уақытта өндіріс шебері ретінде бірге келеміз. Негізгі мектепті бітіргендер колледжде 2 жыл 10 ай оқып, кәсіби мамандық алса, қысқа мерзімді курстар да бар. Мәселен осы мамандықты 10 айда оқып алуға болады. Мұнан басқа ақылы негізде 2,5 айлық курс бар. Биылғы жылды Президент жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру үшін «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағанына қуаныштымыз. Жыл бойы қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетіліп, лайықты бағасын алатын болады деген сенімдеміз, – дейді өндіріс шебері Ералхан Сматов.
Колледжге оқуға, ауыл шаруашылығы мамандығын алуға келетіндер Бахытбек Ұзақбайұлының тәжірибесінен өтеді. Шебер ауыл шаруашылығы техникасын жүргізудің қыр-сырын меңгертіп қана қоймай, техника ақауын жөндеуге де үйретеді. Ол үшін студенттер МТЗ-82, Т-150 тракторына отырып, алғашқы әліппесінен бастап, барлық маңызды жұмысын іс жүзінде көреді. Ал үйренушілерді тәжірибеден өткізу үшін «Шаған Жер» ЖШС және А.Тоқмағанбетов Жер ЖШС-мен келісім-шарт жасалған. Болашақ маман иелері шаруашылықтың базасында дала жұмысына қатысады. Дегенмен қазір аудандағы шаруашылықтар жаңа шетелдік техниканы көптеп сатып алғандықтан, оқушылардың да осындай техниканы меңгеруге қызығушылығы артуда. Шетелдік техниканы тізгіндейтін мамандарды шеберлер дайындағанымен колледж базасында жаңа техникалардың болмауы толыққанды меңгеруге кедергісін келтіруде. Бұған себеп колледждің материалдық базасы көп жылдан бері жаңартылмағаны, шеберлер қолда бар мүмкіндікті ғана пайдалануда.
Еңбек адамының адал еңбегі мен әрбір жетістігі елеусіз емес. Бахытбек Ахметов ұзақ жылғы қызметінің арқасында басшылық тарапынан талай марапат алды. Министрліктен бастап, облыс әкімінің, сала басшысының Құрмет грамотасы мен алғыстарына ие болды. Бұл еңбек адамының ұзақ жылғы қызметіне берілген баға. Сонымен қатар білікті маман осыдан бірнеше жыл бұрын Белоруссияның Минск қаласына барып, әріптестерімен тәжірибе алмасты. Бұл сырдариялық өндіріс шеберінің дәрежесін өсіріп, алдағы жоспарларының іске асуына мүмкіндік пен нәтиже берді.
Алпысты алқымдаған азамат жұбайы медицина саласының маманы Гүлбайшамен 3 перзент тәрбиелеп өсірді, ұрпағынан немерелер сүйіп отырған өнегелі отбасы. Балаларының жақсы тәрбие мен білім алуына жағдай жасаған бақытты ата-ана.
Иә, әр үздік нәтиже мен қиын жұмыстың астарында адал қызметі мен маңдай тері жатыр демекші, шебердің алда атқарар қызметі қыруар. Бастысы талап пен үдеден шығып, жұмысшы мамандардың мәртебесін арттыруға атсалысу.
Бибісара ЖАНӘЛІ