Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№2 газет

11 қаңтар 2025 ж.

№1 газет

07 қаңтар 2025 ж.

№103 газет

31 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс

Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс

«Мен алдағы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияладым. Бұл – еңбек адамдарына деген ерекше құрметтің белгісі. Біз отаншылдық, еңбекқорлық және біліктілікке айрықша мән береміз» деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.

Президент Жарлығымен әр жыл белгілі бір салаға арналып, сол жыл бойына аталған бағытқа басымдық беріліп келеді. Биылғы жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланды. Осы орайда Үкіметпен жұмысшы мамандықтар жылын ұйым­дастыру жөніндегі республикалық жоспар бекі­тілген. Және Министрлікпен кәсіптік-тех­­ни­калық білім беруді трансфор­мация­лаудың 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы қабылданды.

Мемлекет басшысы аталған бастаманы 2024 жылғы халыққа Жолдауында айтқан болатын. Жолдауда аса маңызды мәселелер қаралып, нақты тапсырмалар айтылды. Соның ішінде еңбек адамының мәртебесін көтеру, экономиканың артуы білікті мамандардың қатарын толық­тырудан басталатынын нақтылап айтып өтті. «Экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет. Ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажет. Сондай-ақ болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керек. Бұл бағытта нақты жұмыстар басталды. ... Жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даяр­лауы қажет. Үкімет колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруға тиіс. Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тар­тымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам» деді Президент өз сөзінде. Ел Президенті «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құр­метті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді» деді.

Айта кетейік, елімізде кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде 772 колледж жұмыс істейді. Онда 565 мың шәкірт тәлім алуда. Қазіргі таңда аталған бағытта білім алып жатқан студенттерге тиімді жағдай қарастырылып, шәкіртақы көлемі де ұлғайған.

Сондай-ақ еліміздегі білім ордаларында кәсіпорындармен бірлесіп 1000 бейінді сынып ашылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі «Кәсіптік бағдар берудің реформасы оқушыларға еңбек нарығындағы жаңа талаптар туралы білуге, эконо­миканың нақты секторларындағы мансап перспективаларын бағалауға және мамандықтарды дұрыс таңдауға мүмкіндік береді. Бұл үшін мектептердегі кәсіби бағдарлау қызметі күшейтіледі, осы арқылы оқушылар толығымен кәсіби диагнос­тикамен қамтылады. Жоғары сынып оқушыларын практикалық дағдыларға және колледждер базасында алғашқы жұмыс кәсібіне оқыту тәжірибесі енгізіледі» деді өз мәлімдемесінде.

Айта кетейік, біздің ауданымызда Сырдария аграрлы-техникалық колледжі жастарға сапалы білім беріп келеді. Аталған білім ордасының негізі 1969 жылы қаланған. Содан бері сан мыңдаған жұмысшы кадрлар даярлап шығарған оқу орны бүгінде жаңа заман талабына сай жаңғыртылып келеді. Бастапқыда ауданның құрылыс мекемелеріне арнап тас қалаушы, сылақшы, бояушы, пеш салушы, ағаш ұстасы мамандықтары бойынша жұмысшы мамандар даярланса, кейінгі жылдары механизатор мамандары шықты. «СПТУ-88» деп аталған училищенің ғимараты бұрынғы орында 1976 жылға дейін болып, осы жылы Тереңөзек кенті орталығындағы типтік үлгіде салынған училище корпусына көшеді. 2009 жылы оқу орны №10 кәсіптік-лицей болып қайта құрылады. Ал 2012 жылы Сырдария аграрлы-техникалық колледжі болып өзгерді.

Бұған дейін де аудандық газет тілшілері адал еңбекпен ел ризығын арттырған азаматтармен тығыз байланыс орнатып, елеулі еңбекті кейінгі буынға үлгі ету мақсатында кәсіп иелеріне лайықты қолдау көрсетіп келеді. Ел көлемінде қабылданған ауқымды шешімге орай аудандық «Тіршілік тынысы» газеті жыл көлемінде жұмысшы мамандарға ерекше ден қойып, арнайы бет, сұхбат, мақалалар ұйымдастырып, ақпараттандыру жұмыстарын жандандыратын болады. Басылымның тірегі – ойлы оқырман. Аудандық газет ұжымы әркез оқырман тілегі мен ұсынысын ескеріп отырады. «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай ұтымды ой немесе лайықты азаматтарды ұсынғыңыз келсе, редакция ұжымымен байланыс орнатуға болатынын хабарлаймыз.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
11 қаңтар 2025 ж. 41 0