Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаз – ұлт болашағының айнасы

Ұстаз – ұлт болашағының айнасы

Патша қанша жерден ақымақ болса да баласының ұстазының алдын кеспейді, – дейді ежелгі гректің ғұламалары. Ал қазақта бұны «алты Алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын ұстаздікі» деген Мағжан Жұмабаевтан асырып айтпаспыз.. Ұстаз болудың жауапкершілігін бүгінгінің көзімен һәм сөзімен жіліктегенді жөн көрдік. Бесіктен шығып, есіктен аттаған баланың тәрбиелі болмағы қоғамның алғашқы сатысы, баланың тұңғыш түсер топтық ортасы – білім ордасы. Ал бүгін білім ордасының бесігін тербеткен кімдер? Олар ұлт зиялысының міндетін атқара ала ма? Ауылға келген жас маманға оқушы зиялы ретінде қарай алып жүр ме? Тарқатып көрелік...

Әсел Көшербаева – аудан орта­лығындағы №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің ұстазы. Химия пәні­нен сабақ беретін жас маман бұл білім ошағына 2018 жылы қызметке орналасқан. Жас әрі кәсіби маман деуге болады. Себебі жоғары білімді ұстаздың бағындырған белесі көп және алға қойған мақсаттары да айқын. Жас ұстаз үшін биыл ерекше жыл. Білім ошағының 11 сынып оқушыларына сынып жетекшілік етіп, үлкен өмірге қанаттандыруда. Болашақ маман емес, адами тұлға тәрбиелеуді мақсат еткен Әсел ұстаз шәкірттеріне сеніммен қарайды.

– Мен ауданға қарасты Қалжан ах­ун ауылында туып-өстім. Бала күнімнен мұғалім болуды армандаған едім. Себебі маған білім мен тәрбие берген ұстаздарымның жүріп өткен жолы үлгі болатын. «Неге химияны жақсы көресіз» деп көпшілігі сұрайды. Ерлан Әбілдаев есімді химия пәнінен сабақ берген ағайыма қатты қызықтым. Сол кісіден көп нәрсе үйрендім, керегін санама тоқыдым. Сондай қызығы мен қиыншылығы көп сала. Бірақ бір ғана мақсатым болды. Ұстаз болып, шәкірт тәрбелеймін дедім. Бүгінде сол арманға нақты іс-қимыл жасап, алғашқы еңбек жолымды бастадым. Жас болған соң ба оқушыларымды өзімнің бауырларым секілді сезінемін. Бәрі де үйлерінің еркесі. Мінездері де әртүрлі. Білікті ұстаздардың ортасында жүріп, тәжірибе жинақтап жатырмын. Олардың ой-пікірлерін бір ортаға тоғыстыру, бір үйдің баласындай тәрбиелеу аса жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан бәріне үлгіруге тырысудамын, – дейді ол.

Ел болашағы – жастарда. Сондықтан жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс», – деген өткен ғасырдың ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Ақиқаты сол. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын» демейтін бе еді біздің ұлы бабаларымыз. Ел ұстазын ардақтап, түзу ұстаным қағидатын ұстану шарт. Әсел Қонысбекқызын шәкірттері қатты құрметтейтінін байқадық. Бірі «мейірімді», бірі «қарапайым», енді бірі «қатал апай» дейді. Ұстаздық жолда қатал болу керек те болар. Себебі тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың хас жауы емес пе?!

– Оқушыларыма ең алдымен мінездің көркемділігін жеткізуге тырысамын. Қанша жерден білімді, сауатты болғанымен мінезі дұрыс емес адамдар бар қоғамда. Ал ортаға біліммен емес, мінезбен сиятымыз анық. Сол үшін сабырлы, салмақты болуды үйретемін. Одан кейін әрине басты дүние – білім. Бүгінгідей жаһандану заманында сауатсыз болсаң, қоғамға еш қажетің болмайды. Соны санаға сіңіру керек. Біз ұстаз ретінде тек білім ғана беріп қоймай, баланың өмірде өз орнын табуға сеп болуымыз керек. Неге қазір «жұмыс жоқ» деп, екі қолға бір күрек таппай жүрген жастар көп, олар осындай оқушы кезеңінен өздеріне не қажет екенін, жанына жақын мамандықты, дұрыс жолды таппағандар. Сол алғашқы ортада өз орнын таппағандар. Сондықтан ең алдымен «мен болашақта өзімді қалай елестетемін» деген сауалды қойып, оқушыға мамандығын таңдауға көмек беруіміз керек. Қырық минут бізге тек сабақ беруге берілген жоқ. Ұрпақ тәрбиелеуге берілген уақыт. Ал болашақтың кілті де, ертеңі де – жас ұрпақ, – дейді жас маман.

Қазір кез келген мектеп оқушысынан «кім болғың келеді?» деп сұрап көріңізші. Ойланбастан «әртіс, жұлдыз не вайнер» дейді. Себебі ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүру санаға сіңген қасиет. Адам жанының арашасы дәрігер не ұлтты тәрбиелейтін ұстаз болуды қалайтындар аз. Ал Әсел Қонысбекқызы секілді ауылдық жерде мұғалім болу ерлікпен пара-пар. Білім ең үлкен бизнеске айналған мына заманда білімді ұстаздың сұранысы артпақ. Сол үшін де бәсекеге қабілетті тұлға ретінде жетілмек керек. Ұстаз – ұлт болашағының айнасы. Жас ұстаздың енді ғана басталып жатқан еңбегіне біз де табыс тіледік...

Майя ҚОЖАБАЙ 
04 тамыз 2020 ж. 892 0