Аялдама «Құтқарушылар» атауымен жасақталды

– «Құтқарушылар аялдамасын» орнатудағы негізгі мақсат – төтенше жағдайлардың алдын алу және оны болдырмау, аудан тұрғындарына қауіпсіздік қағидаларын түсіндіру, қызмет барысында ерлікпен қаза тапқан әріптесімізді, мектеп бітіретін түлектерге Азаматтық қорғау академиясында білім алуды насихаттау. Аялдама – кент тұрғындарының көп шоғырланатын жері болғандықтан ақпараттық көмек ретінде де зор мүмкіндік туғызады, адамдардың қауіпсіздік мәдениетін арттырады, – деді бөлім бастығы Қанат Шарафадинов.
Аталған аялдаманың қауіпсіздік ережелері бейнеленген жадынамаларда суда шомылу кезіндегі 10 маңызды ереже, өрт кезіндегі қауіпсіздік ережелері бейнеленген. Мұнан бөлек, құтқарушы мамандығын таңдаған түлектерге Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясына қалай оқуға тапсыруға болатындығы жайлы түсіндірілген. Сондай-ақ, төтенше жағдайлар туындаған жағдайларда үрейге бой алдырмай дер кезінде қоңырау шалуға болатын шұғыл көмек көрсету телефондары жазылған. «Ерлерді ел де ұмытпас, жер де ұмытпас» деп әйгілі Мағжан ақын жырлағандай, өрт кезінде өз басын қауіпке тігіп қаза тапқан Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен І дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған Асқар Забикулиннің ерлігі насихатталған. Айта кетейік, Асқар Забикулин 2022 жылы 16 қарашада Астана қаласы Қаһарман тұрғын үй кешенінде орын алған өртте өз басын қауіпке тігіп 3 адамды құтқарып қалды. Көкшетау техникалық иститутының 2015 жылғы түлегі.
– Төтенше жағдайдардың алдын алу мақсатында жасақталған мұндай аялдамалардан жастарымыз, мектеп оқушылары көптеген мәліметтерге қанық болатыны сөзсіз. Осындай игі бастамаларға мұрындық болып отырған азаматтарға алғысымды білідермін. Алдағы уақытта да тұрғындарға пайдалы ақпараттар бар аялдамалар жасақталса деймін, – дейді кент тұрғыны А.Арысбай.