Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕЛІНЕ ТАМШЫДАЙ ҚҰТ ҚҰЙҒАН

ЕЛІНЕ ТАМШЫДАЙ ҚҰТ ҚҰЙҒАН


Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынып, жас ұрпақтың бойына сүйіспеншілік, патриоттық сезімді қалыптастыру керектігін айтқаны баршамызға белгілі.
«Аз қайырымдылық жасаудан ұялма, өйткені, құр алақан қайтару одан да аз» деген халық даналығын үнемі жадында ұстайтын азаматтар қатарында сырдариялық «Асқар Тоқмағанбетов ЛТД» ЖШС директоры Меңдіғали Есжанов та бар. Ауылдағы шаруашылыққа төраға болған сәттен ауылды қамқорлыққа алған ол елге қызмет етуден жалыққан емес.
Қазаны оттан түспеген, берекесі тасыған ауыл азаматтарын жұмысқа тартып, Сыр маржанын егіп, ел ырысын еселеумен келеді. Меңдіғали Кеңесұлының іскерлік қырынан қайырымдылығы өз алдына бір әңгіме.
Ең алғаш ауылдағы қасиетті орын саналатын имандылық үйі – мешітті күрделі жөндеуден өткізді. Имандылық жолында жасаған ізгілікті ісі бүгінде халық игілігіне жарап тұр. Арнаулы күнтізбелік мерекелерде ауыл азаматтарына сый-құрмет көрсетуді де жадынан шығармайтын жомарт жан мүмкіндігі шектеулі жандар мен тұрмысы төмен отбасыларға үнемі көмектесуді өзіне парыз санайды.
Ауыл мәдениетінің гүлденуіне, жас өнерпаздардың биіктен көрінуіне әрқашан қолдау көрсетіп келеді. Білім саласындағы үздіктерді, балабақшалардағы балаларды, мектеп оқушыларын ынталандырып келеді. Бүгінде мәртебелі мецанат ауыл көшелеріне жаяу жүргіншілер үшін көпір, аялдама салдырды. Бұдан бөлек арнайы ардагерлер бөлмесін ашып, спорттық, сауықтыру құралдарымен жабдықтады. Күн сайын ауыл ардагерлері осы жерге келіп, бильярд, шахмат, дойбы ойнап, бойын шынықтырып, ойын сергітіп қайтады. Ауылда оның әрбір жасаған қызметіне тұрғындар ризашылығын білдіріп, жұмыста абыройлы болуына тілекші.
Жоғарыда айталғандар – кәсіп иесі Меңдіғали Есжановтың ауылға жасаған жұмысының бір парасы ғана.
Ауылын сүйген азамат осылайша Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы өзегінен туындайтын рухани құндылықтарды ауыл өміріне ендіріп, туған жерді түлетуге зор үлесін қосып келеді.
Мәрттік жасаудан жалықпайтын Меңдіғали Есжанов жомарттық болмысын таныта береді. Біз ауылды аяқтан тұрғызуға, халықты оңалтуға, қажырлы еңбек ететін Меңдіғалидай жомарт жандарды лайықты мақтан тұтамыз. Қашанда ел бірлігінің тұстастай көрінісін сақтаған берекелі елді-мекеннің ардақты азаматы осыған дейінгі жасаған қайрымдылық эстафетасын жаңдандыра бермек.

Балтабай ОРДАБЕК,
Сырдария ауданы

07 маусым 2018 ж. 997 0