Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№100 газет

21 желтоқсан 2024 ж.

№ 99 газет

14 желтоқсан 2024 ж.

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Құдіреті шексіз өнер

Құдіреті шексіз өнер

Ықылым заманнан ата-баба аңсаған егемендіктен артық байлық жоқтығы мәлім. Ең алғаш Тәуелсіздікке қол жеткізген тұста қазақтың ақын-жазушылары егемендік хақында өлең-жырды төгілтіп, роман мен поэманы жарыққа шығарған болатын. Осы уақытқа дейін егемендіктің мәртебесін асқақтататын қаншама сазды әуен жүректі тебіренткені рас. Әйтсе де, біз мақалаға арқау етіп мүлдем басқа жанрды алып отырмыз. Яғни, ел болып, еңсе тіктеген 33 жылда тыңдарман қауымның талғам үдесінен шыққан Тәуелсіздік хақындағы күйлердің қазақ өнерінде алатын орны ерекше деп білеміз.

Қос ішекті домбыраның үні құлақ­тан кетпестей болатыны рас. Ұлттың мұң-зары мен қиын-қыстау күндерін жеті нота арқылы төгілте орындаған күйші біткен асқан шеберлігімен дараланады. Тәуелсіздік алған жылдары еге­мендіктің қадір-қасиетін ұғын­ды­ратын, мән-мағы­насын эс­те­тикалық тұр­ғы­дан арттыратын бір­неше күй жарыққа шық­қан екен. Бүгінде «Тә­уел­сіздік толғауы» күйі халық арасында кеңінен танымал. Күйдің авторы – қарағандылық күйші Нұрғаным Саят­қызы. Құлақ құрышын қан­дыратын күйді автордың өзі орындайды. КСРО халық әртісі профессор Е.Рахмадиевтің сыныбын тәмамдаған күйші ерекше туындысы арқылы егемендіктің баға жетпес ұлт үшін құндылық екенін тереңнен сезіндіре алған. «Тәуелсіздік толғауы» күйінің мазмұны қазақтың ежелден келе жатқан асыл-мұратын ерекше айшықтауға бағытталған.

Ал елге есімі белгілі күйші Анар Мұздаханова «Тәуелсіздік» күйімен ұлттың бостандыққа ұмтыл­ған асқақ арманы мен қайсар рухын қос ішекті домбыра үнімен жеткізген. Дербес мемлекет ретінде әлемге танылған туған жер топырағында келер ұрпақ еркіндікте ер жеткені – нағыз мақтаныш. Тілсіз аспапқа жан бітірген күйшінің толғауы әрбір адамға толғаныс сыйлайды. Елдік мүддені жоғары қоятын ұлттың ұландары егемендіктің бағасын еш уақытта түсірген емес. Қайта еліміздің тыныштығы, біртұтас мемлекеттің мызғымас бірлігі, қауіпсіздігі мен көп ұлтты халықтың ықтымақтастығы, татулығы бір ғана Тәуелсіздіктің тұғырнамасына айналған.

Мәдениет және педагогика саласында 40 жыл­ға жуық тәжірибесі бар ұстаз, аудандық өнер мектебінің «Домбыра» пәнінің мұғалімі Ағыбай Ахмет қай кезде де, елдік мұраны дәріптеуде, егемендікті айшықтауда күй өнерінің алатын орны ерекше екенін айтады.

– Қазақтың даңқты күйшілері ертеректен мән-мағынасы терең көптеген шығарманы өмірге әкелген. Қазақ қоғамында өзіндік орны қалыптасқан күйлер жиынтығы қалыптасқан. Әрбір кезеңде елдің басына төнген қауіп-қатерді, қасіретті жылдарды қос ішектің құдіреті­мен түрлендіріп жеткізе білген. Әрине, тәуелсіз ел­дің өзіндік қалыптасу кезеңі айшықталады. Күй жанрында халықтың басы­нан өткен тауқымет пен әділет­сіздікке қарсы күресі, азат өмірді аңсаған асыл арманы мен қуаныш сезімі терең толғаныспен өрнек-бояуы көрініс тапты. Күнделікті сабақ барысында шәкірттерге егемендікке қазақ халқының қалай қол жеткізгені хақында тереңнен айтып отырамыз. «Тәуелсіздік толғауы» мен «Тәуел­сіздік» күйлері әлі талай халықтың ыстық ықы­ласына бөленіп, қазақтың баға жетпес құндылы­ғын әлемге айшықтайды деп сенеміз, – дейді Ағыбай Ахмет.

Тауқыметке толы жыл­дардың өтеуі – егемен­діктің жар­қын жетістіктері екені даусыз.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
21 желтоқсан 2024 ж. 47 0