Бабамыздың үнісің сен...
Таланттардың өлкесі саналатын қасиетті Сырдариядан дәулескер күйшілер шыққан. Олардың қатарындағы күйші-сазгерлер Құрақтың Досжаны, Сламбек Ысқақов, күйшілер Рақыш Ысқақов, Нұрділда Құрманбаев, Шәріп Нұрадиновтар төгілтіп күй шертіп, қасиетті қара домбыраның қоңыр үнімен жұртшылықтың құлақ құрышын қандырған. Саф өнердің сарқылмауына үлес қосқан сол дара дарындылардың бүгінгі ізбасарлары да домбыраның құлағында ойнап, ұлттық құндылықты ұлықтау жолында аянып жүрген жоқ.
Бүгінде ауданда дәулескер күйші Құрақтың Досжанының есімі әркез жаңғырып келеді. Олай дейтініміз, «Құрақтың Досжаны» атындағы халық ұлт аспаптар оркестрі осыдан 74 жыл бұрын құрылып, оның құрамында көптеген дарынды, өнерлі күйшілер тәрбиеленіп келеді. Сансызбай Сәдуақасұлы жетекшілік жасайтын оркестрден Алдияр Шағдатов, Дина, Дана Нұрабаевалар, Нұржан Оспанов секілді өнерлілер аудан мерейін үстем етіп жүр.
Тарт күйіңді, домбыра!
Төгіл, төгіл тәтті күй,
Тау суындай сылдыра,
Желпін, желпін жел соқтыр!
Тауда тұман тұрмасын,
Көкте бұлт ыдыра!
Тыңдамаған қоймасын,
Ойды-қырды қыдыра,
Құлшына тарт, домбыра..., – деп Ілияс Жансүгіров жырлағандай, ұлттық аспап ұлт ұстыны ретінде жоғары бағаланады. Осы киелі аспапты қадір тұтқан әр қазақтың төрінде домбыра ілулі тұр. Ал әкеден балаға беріліп, талай жанның көңіл құрышын қандырған қос ішекті аспаптың кейбірі бүгінде аудандық тарихи өлкетану музейі қорында сақтаулы. Музейде қазіргі таңда ақын С.Ембергеновтың, Ж.Бекпембеттің қолданған домбыралары, қолөнер шебері, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Ж.Маханбеттің кәде-сыйлық домбыралар коллекциясы және аудандық мәдениет үйі оркестрлері қолданған домбыра-контрабас бар.
– Ұлттық домбыра күніне байланысты аудандық тарихи өлкетану музейінде қордағы домбыралардан көрме ұйымдастырылды. Негізі, аудандық музей алғаш ашылып, экспонаттар қоры жасақталғанда ақын Сейітмұрат Ембергенов өз қолымен жасаған домбыраны осында қойған. Одан кейін соғыс ардагері Жарылқасын Бекпембеттің қолданған домбырасын жары әкеліп өткізген. Осылайша, музей қорында домбыралар коллекциясы жасақталған, – дейді аудандық тарихи өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Салтанат Қуандықова.
Жалпы, музей қорындағы ұлттық аспаптар көненің көзі саналады. Сондықтан олармен танысып, қолданған тұлғаларды тану кейінгі толқынға тағылым екені сөзсіз. Қай кезде де қасиетті домбыра қазақтың үні һәм ұлт ұстыны болып қала береді.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ