Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құлақтан үні кетпестей...

Құлақтан үні кетпестей...

Қазақтың жаны мен рухы ортақ сабақтасқан домбыраның құлақтан үні кетпестей. Қашанда қазақтың ұлттық аспабына сый-құрмет бәсеңдемесі анық. Ғасырлар бойы ұлт мәдениетінің дәстүрлі музыкасын дамыта түскен қос ішекті домбыраның қадір-қасиетін ерекше сезінген дұрыс. Сол себепті, жыл са­йын шілденің бірінші жексенбісінде ұлттық домбыра күні аталып өтіледі. Мән-мағынасы терең мерекеде музыкалық аспаптың мәртебесін жоғарылату күн тәртібінен түспейді.

Әлем елдерінің сахнасында күм­бірлете күй ойнатқан домбыра өз­ге ұлт өкілдеріне қазақ елін таны­ту үстінде. Шын мәнінде, домбыра – қазақ үшін жай аспап қана емес екені айдан анық. Өзіндік дара үні қалыптасқан домбыра адам бойы­­на айрықша тебіреніс пен рух сыйлайды. Расында, Құрманғазы мен Тәттімбет, Дина мен Сүгірден келе жатқан сара жолды кейінгі буын лайықты түрде жалғап келеді. Қа­зір­гі уақытта қаншама білім және мәдениет ошақтарында домбыра үйір­месі ашылып, жас өнерпаздар үл­кен өмірге қанат қағуда. Мәселен, Сыр­дария аудандық өнер мектебінің жас ұстазы Ғалымжан Сансызбаев­ бірнеше жылдан бері ұлттық ас­пап­тың қадір-қасиетін тереңнен ұғынып, шәкірт тәрбиелеп келеді.

– Жылдан-жылға өзім секілді домбыра тартатын жастардың көбейіп келе жатқаны қуантады. Қа­рымды қаламгер, ақын Қадыр Мырза Әлі: «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп қа­сиеті мол аспапты жырға қосқаны белгілі. Қай кезде де, домбыраның шығу тарихын зерделеп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын табуына мұрындық болған абзал. Негізінен, қаламгер Ақселеу Сейдімбек «Қазақтың күй өнері» тақырыбындағы еңбегінде ұлтымыздың күй аңыздарын барынша зерттеген болатын. Сонымен бірге оның келтірген дерегіне сүйенсек, қа­зақта 5000-нан аса күй тіркелгендігіне көз жет­кіземіз. Шындығында, әрбір күйдің өзіндік болмысы, шежірелі тарихы қалыптасқан. Танымалдығы жағы­нан өзіндік орны қалыптасқан күйлер көпшілік арасында сұранысқа ие. Дегенмен, халыққа жетпеген туындыларды жарыққа шығаруымыз керек. Әрине, асыл қазынамызды қадір тұту – баршамыздың мін­детіміз. Осы күні домбырасын жанына серік еткен шәкірттерім жоғары деңгейде байқаулардан же­ңімпаз атанып жүр. Жас өнерпаздарды тәжірибе шың­дайтыны рас. Сондықтан ұлттық өнерді ұлық­тай­тын өнерпаздарды барынша тәрбиелеп шығамыз, – дейді жас ұстаз.

Ертеден ата-баба аманатын қастерлеп, оны сан қырынан дамыту жолға қойылған болатын. Құлақтың құрышын қандырған сүлейлер Құрақтың Досжаны, Сламбек Ысқақов, Рақыш Ысқақов, Нұрділда Құрманбаев, Шәріп Нұрадиновтың есімі көпшілікке етене таныс. Олар ұлт аспабының ұлылығын таныта білді. Қазіргі уақытта сондай дарындылардың нақ ізбасарлары жеткілікті. Шын мәнінде, қасиетті домбыра әр қазақтың үйінде ілулі тұруы тиіс. Осы күні жергілікті ақын С.Ембергеновтің, Ж.Бекпембеттің қол­данған домбыралары, қолөнер шебері, Қазақстан Су­ретшілер Одағының мүшесі Ж.Маханбеттің кәде-сыйлық домбыралар коллекциясы және аудандық мәдениет үйі оркестрлері қолданған домбыра-кон­трабас бар екені мәлім.

– Тарт күйіңді, домбыра!
Төгіл, төгіл тәтті күй,
Тау суындай сылдыра,
Желпін, желпін жел соқтыр!
Тауда тұман тұрмасын,
Көкте бұлт ыдыра!
Тыңдамаған қоймасын,
Ойды-қырды қыдыра,
Құлшына тарт, домбыра..., – деп Ілияс Жан­сүгіров жырлағандай, ұлттық аспап ұлт ұстыны ре­тінде жоғары бағаланады. Жалпы, ұлттық өнердің төресі күйшілік өнер мен дәстүрлі музыканың домбырамен байланысы ажырамайды. Қазіргі уақытта халықаралық деңгейдегі байқауларда өнер көрсетіп келеміз. Менің шәкірттерім күйшілік өнердің қыр-сырына қанығып отырады. Әрине, жергілікті ұлттық өнермен сусындатуға барымызды саламыз. Бізден түлеп ұшқан шәкірттер жоғары деңгейде өнер көр­сетіп жатса қуанымыз. Жүздеген күйді меңгерген өнерпаздан «Шын мықтыға тұсау жоқтығын» дә­лелдеп келеді. Осы ретте, барша өнерпаздарымыз ұлттық домбыра күнін кеңінен насихаттайды деп сенемін, – деді кәсіби ұстаз Гүлназ Сералиева.

Домбыраға байланысты аңыз-әңгімелер жет­кі­лікті. «Ертеде елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, Қамбархан деген аңшы жігіт өмір сүрген екен. Бір күні өзінің атып алған аңын сойып, терісін сыпырып болып, ішегін ағаш басына қарай лақтыра салған екен. Шұбатылған ішек бір бұтақтан екіншісіне ілініп қала берген. Күндердің күнінде Қамбархан әлгі жерден өтіп бара жатып, ерекше бір жағымды әуенді құлағы шалады. Жан-жағына қараса ән салып тұрған ешкім көрінбейді. Сөйтіп ағаш басына қараса бұтақтарда салбырап ілініп тұрған ішектерді байқайды. Олар сымдай тартылып, керіліп қалған екен. Әуеннің сол ішектерден шығып тұрғанын байқаған аңшы жігітке бір ой келеді. Ол әлгі ағашты кесіп алып, жонып, ішін қуыс етіп жасап шығарады. Сөйтіп күмбірлетіп күй тартады, өзінің ішіндегі бар зарын шығарыпты» деген әңгіме бар екен.

Сан түрлі ескерткіштерге, сондай-ақ этнограф­тардың зерттеулеріне жүгінсек, домбыра сонау ор­та ғасырларда белгілі бола бастаған деген дерек шындыққа жанасады. Негізінен, домбыра жөнінде жазулар XIV ғасыр мәліметтерінде кездесетіні жайлы жиі айтылатыны сөзсіз. Оның ең бастапқы түрі мен құрылысы қазақтың қара домбырасына қатты ұқсас келген. Қазаққа белгілі даңқты сазгерлер құлақтан кіріп, бойды алған керемет күй шығара алған. Ол күйлердің құдіреттілігі соншалықты, әлгі күйлерді тыңдап отырып, қазақтың кең байтақ даласын, ат тұяғының дүбірін естігендей боласың.

Ұлттық аспап қалыптасқаннан бастап осы кезге дейін елді рухтандырып келе жатқан домбыра – қазақтың жаны. Ол қай кезеңде де, талай тар жол, тайғақ кешуде де ұлтқа рух беріп, әрі сүйеніш, әрі жетекші болған киелі аспап. Қазақтың болмысына тән әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне жан бітіріп, құнды қасиеттерді өз қалпында сақтауда мұның орны бөлек. Өйткені, болған нәрсені бұлжытпай жеткізу, қоңыр үнмен кез келген жанды баурап алу – бұл аспаптың басты қасиеті. Сондықтан домбыра – әрбір адамның жүрегімен үндес, жанымен сырлас.

Жалпы, көнеден келе жатқан құндылықтарды жеткізуші құралдың киесінде шек жоқ. Қуанышта да, қайғы-мұңда да қос ішек өзіне тән қоңыр үнмен, ерекше әуенмен бойға дариды, кез келген хабарды жеткізеді. Оның өн бойында адамға қажетті рухани азық мол. Оны түсінген, игерген жан бабалар мұрасына қанық болып, жан ләззатын сезінбек. Яки, жерден өскен ағаш жемісін беріп, қасиетті қара домбыраны тудырса, ұлттық аспаптың қоңыр үні құлаққа еніп, бойға дарып, қазақылықты дәріптейді, рухани жан азығын сыйлайды. Қадыр Мырза Әлі тілімен:

Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра,
Қазақ – нағыз қазақ емес,
Нағыз қазақ – Домбыра!
Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек қана:
Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана.
Мұнан асырып айта да алмаспыз. Бұл күннің ел тұрғындағы үшін маңызы зор. Сондықтан баршаңыз­ды ұлттық мерекемен құттықтаймыз!
Балтабай ОРДАБЕКОВ


01 шілде 2023 ж. 237 0