Күмбірле, киелі домбыра
Қасиетті қара домбыраның қоңыр үні әлемнің түкпір-түкпірінде шырқалып келеді. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп ақын Қадір Мырза Әлі бекер айтпаса керек-ті. Расында, қазақтың көнекөз шежіресі саналатын домбыраның құндылығы ғажап. Әрбір шаңырақтың төрінде саф өнердің үні естілуі рухани мұраның жаңғыруы болып табылады. Сондықтан да шілденің алғашқы жексенбісінде елімізде «Ұлттық домбыра күні» аталып өтіледі.
Сыр сүлейінің құнды жәдігеріне айналған домбыраның шанағынан күй төгілген. Күйдің сан алуан сипаты, ақыл ойы, көңіл-күйі терең мағынаға толы. Күмбірлеген күйдің үні жүрекке жақын, адамның делебесін қоздыратын алып күшке ие.
Ықылым заманнан ата-баба аманатын қастерлеп, оны сан қырынан дамыту жолға қойылған. Құлақтың құрышын қандырған сүлейлер Құрақтың Досжаны, Сламбек Ысқақов, Рақыш Ысқақов, Нұрділда Құрманбаев, Шәріп Нұрадиновтың есімі көпшілікке таныс. Олар ұлт аспабының ұлылығын таныта білді. Бүгінде сондай дарындылардың ізін жас домбырашылар жалғап келеді. Шын мәнінде, қасиетті домбыра әр қазақтың үйінде ілулі тұруы керек.
Бүгінде елімізде домбыра жасайтын қолөнер шебері жетерлік. Негізінен, шеберлер домбыра жасауға керекті ағашты әлем елдерінен де алдыртады екен. Мәселен, домбыраның шанағы мен мойынының бетіне Африка елінде өсетін қара ағаш қолданылады екен. Сонымен бірге қарағай ағашын да шеберлер жиі пайдаланады. Бірнеше жыл кепкен ағаш оңай иіледі. Ең бірінше кезекте, домбыраның шанағы дайындалады. Содан кейін мойын ағашының дұрыс болуына аса мән беріледі. Ал бас ағашын мықты қылу арқылы ерекше сәнді етеді. Өз кезегінде бет ағашын орналастырып, шанақпен жанасатын қақпағына айрықша көңіл бөлінеді. Десе де осы күні домбыра жасауға ынтасы зор жастардың қарасы аз, тіпті бүгінде ауданда домбыра жасайтын шеберлер жоқтың қасы.
Шілде айының басында «Ұлттық домбыра күнінің» белгіленуі ұлттық құндылығымызға деген құрмет. Бұл күннің маңыздылығы жөнінде «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының «Домбыра» үйірмесінің жетекшісі Ботагөз Қалиасқарова:
– Қасиетті қара домбыраны бала кезімнен жаныма серік еткенмін. Ұлттық өнерді ұлықтап, жан-жақты дамыту үшін ұлттық аспаптан қол үзген емеспін. Домбыра – қазақтың мәңгі жасайтын киесі, рухани қазынасы. Қасиеті мол домбыра мен қазақ – егіз ұғым. Сондықтан да атаулы күннің пайда болуы жанымызды жадыратты. Осы күні домбыраның мән-мағынасын арттыру мақсатында түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді. Тарихтан белгілі талант иелері адам бойындағы мұң-шерді, қуаныш пен қайғыны күй өнерімен көпке жеткізді. Күйдің рухани мағынасы терең. Ұлттық аспаптың үнінің қазақ болып шыққанына қуанамыз. Қашанда қастерлі, бәсі биік өнердің құндылығы жойылмайды. Жас ұрпақтың домбырамен машықтануына күш-жігерімізді жұмсап, саф өнеріміздің өркендеуі жолында сапалы еңбек ете бермекпіз, – дейді.
Ендеше, дәстүр сабақтастығын жалғайтын, киелі домбыра ұлтпен бірге жасай бермек. Қай кезде де ұлттық музыканың дәуірі асқақтай берсін!
Балтабай ОРДАБЕКОВ