Ашаршылық пен қуғын-сүргін тарихы: Зерттеу мен нәтиже
Аудандық мәдениет үйінде «Сырдария ауданындағы саяси қуғын-сүргін тарихы: зерделеу және сараптау мәселелері» тақырыбында конференция өтті.
Конференцияға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің тарих және археология кафедрасының аға оқытушысы, философия ғылымдарының докторы, Қызылорда облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі жұмысшы тобының мүшесі Дәулет Омаров, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Суретшілер және Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы Жәнібек Маханбет, аудан ардагерлері мен тарих пәнінің мұғалімдері қатысты.
Конференцияны ашып, жүргізген модератор аудандық қоғамдық даму бөлімнің басшысы Бейбіт Смайлов осы күнге дейін «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі» жұмысшы топ облыс көлемінде және аудандарда құрылып, жұмыс жасағанын айтты.
– Деректер көзіне сүйенсек, 1936-1938 жылдары Қазақстан бойынша 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, олардың 25 мыңы атылған.Тізімдегі 631 атылған адамның 80 пайызы қазақтың белгілі ұлт зиялылары: ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері, Алаш арыстары болды. Бұл қасірет Сыр жұртшылығын да айналып өткен жоқ. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, тоталитарлық жүйе жүргізген саясаттың салдарынан облыс бойынша 4038 отбасы қуғынға ұшырап, 1153 адам атылған екен. Қазақ үшін қайғы-қасіретті, тарих бетінде өз таңбасы қалған бұл жылдарды ұрпақ ұмытпақ емес. Біздің ендігі жердегі борышымыз – осы қанқұйлы жылдардың оқиғасы, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтарды ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау, – деді Бейбіт Есенгелдіұлы.
Содан соң сөз кезегі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің тарих және археология кафедрасының аға оқытушысы, философия ғылымдарының докторы, Қызылорда облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі жұмысшы тобының мүшесі Дәулет Омаровқа берілді.
Дәулет Кәрібайұлы ел тарихында 1920-1950 жылдардағы саяси-қуғын зобалаң ең қасіретті кезеңнің бірі екенін, солақай саясат салдарынан жаппай ашаршылық орнап, ұлт зиялылары қуғын-сүргінге ұшырағанын айтты. Елімізде жүргізілген ақтау мәселелері бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Қайта құру кезеңі 1986 жыл болса, осы жылы ең бірінші жариялылық кезең жүріп, ұлт зиялылары ақтала бастады. Өздеріңіз білесіздер, 1988 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев секілді Алаш арыстары ақталса, 1993 жылы Президент Жарлығымен жаппай қуғын-сүргін құрбандары ақталды. 1997 жылы ақтау туралы үшінші заң қабылданды. Ал 2020 жылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен саяси-қуғын құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Жергілікті жерлерде де жұмысшы топ жұмыс істей бастады. Архив құжаттарын зерттеу жүргізілді. 2021-2023 жылдары комиссия жұмыс істеп, тарихшылар архив мәселелерімен айналысты. Нәтижесінде республика бойынша 2 млн 400-ден аса құпия құжат жарыққа шықты. Бұл құжаттар архивке өтіп, көпшіліктің оларды көруіне мүмкіндік берілді. Сондай-ақ 3 млн-нан астам құрбан болғандар мен жәбірленушілер, төре санатындағы қуғыннан зардап шеккендер анықталды. Халық көтерілісіне қатысқан адамдардың есімі белгілі болды. Басқа өңірлерге қоныстанғандар саны жарияланды. Қазақстаннан өзге мемлекетке Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қырғызстанға бас сауғалаған босқындардың есімдері анықталып, ақталды. Олардың арасында Карлагта тұтқында болғандар мен әскери абақтыға жабылғандары қаншама?! 2023 жылы мемлекеттік комиссия өз жұмысын аяқтағанымен, әлі де халық тарапынан келіп жатқан ұсыныстар негізінде жұмыс жалғаса береді. Жалпы комиссия қорытынды негізінде ақтау жөніндегі Заң қабылдау туралы шешім шығарды. Алдағы уақытта ондай Заң қабылданатын болады, арнайы кітап дайындалды, – деді ғалым Дәулет Омаров.
Айту керек, Сырдария ауданы бойынша «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөнінде аудандық жұмысшы тобы» құрылған болатын. Жұмысшы топ құрамына өлкетанушылар еніп, құрамында 14 адам жұмыс жасады. Жұмысшы топтың нәтижелі жұмыс жасауы үшін Қызылорда облысының мемлекеттік архивінің Сырдария аудандық филиалынан жұмыс орны дайындалған. Кент және ауылдық округтер әкімдіктері арқылы тұрғындардан арнайы сауалнама алынып, нәтижесінде 4 ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандары есімі анықталған.
«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі аудандық шаралар үйлестіру» әлеуметтік жобасы аясында зерделеу жұмыстары жүргізілді. Арнайы жинақ кітапша шығару, ғалымдар мен тарихшыларды қатыстыра отырып, тақырыптық конференция ұйымдастыру, кент және елді мекендерде жұмысшы топ мүшелерінің қатысуымен саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы халық арасында сауалнама жүргізу жұмыстары үйлестірілген. Жыл көлемінде атқарылған жұмыстар бойынша арнайы кітапша басылған. Алдағы уақытта жұмыс жалғасып, аудан көлеміндегі қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын ақтау бойынша атқарылған жұмыстар туралы кітап шығару жоспарланған. Бұл жайында аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Бейбіт Смайлов айтты.
– Өлкетанушылардың жұмысын жүргізу, қуғын-сүргін құрбандары болған азаматтарды анықтау мақсатында аудандық қоғамдық даму бөлімінің «Аудан көлемінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі зерделеу жұмысын ұйымдастыру» әлеуметтік жобасын «мемлекеттік сатып алу» арқылы келісімшарт негізінде «Тереңөзек жастары» қоғамдық қоры жүргізді. Қоғамдық қор қызметкерлері өлкетанушы Жәнібек Асанұлымен ауданға қарасты ауылдық округтерді аралап, қуғын-сүргін құрбандары мен ашаршылық кезеңінде зардап шеккендер туралы мәліметтер жинақтады. Былтырғы жылы да бұл бағытта жұмыстар жүргізілді. Ауылдарда көнекөз ақсақалдармен сауал-сұрақтар сұратылып, тың мәліметтер жинақталған болатын. Нәтижесімен, «Зұлмат заман» атты кітапша шығарылды. Бұл енді былтырғы жұмыстың көрсеткіші десек, биылғы аралаған ауылдардан осы тақырыпта айтарлары бар кісілер көптеп кезікті және қуғын-сүргін, ашаршылық көрген жандардың ұрпақтары немесе «осы тақырыпта естіген әңгімем бар» деп үйіне де шақырулар болды. Қуғын-сүргін, ашаршылық туралы білетін кейбір кісілер ауылдан көшіп кеткен деп ұялы телефондары мен мекен жайларында беріп жатты. Ауылдық округтерді аралап ақпарат жинақтауға өлкетанушы, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі жұмысшы топ мүшесі Ж.Маханбеттің атқарған еңбегі зор. Жұмыс жалғасады. Жергілікті бюджеттен қолдау көрсетілсе, келер жылы да тиісті ақпараттар жинақталатын болады, – деді бөлім басшысы.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі жұмысшы топ мүшесі Ж.Маханбет: «1930-1932 жылдардағы ашаршылық, ел санасына терең жара салған кеңестік дәуірде толық жабық тақырып болғаны баршамызға аян. Аштық пен қуғын-сүргін зұлматы көшпенді жұртты қынадай қырып салды. Сол зұлмат тырнағынан еш қазақ әулеті аман құтыла алған жоқ. Қазақ елін үш дүркін соққан дауылдай аштық апаты 4,5 миллионнан астам жанды опат еткен. Ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандары жайлы зерттеу жұмыстары кешегі Тәуелсіздіктен бері ғана қолға алына басталуына да шүкіршілік таныта отырып, ел ішінен азда болса, естелік жинау ісінде, сол кезеңде қиыншылықтарды бастан кешкендер ұрпақтары өздерінің шамалары жеткенше берген естеліктері былай сыр шертеді» деп бірқатар мәліметтерді келтірді. Сол заманның тірі куәгері бүгінде жүзден асқан Яхия Тасыров ағамыздың естелігін баяндады.
«Мен ашаршылық елде белең алған кезеңде өмір сүрген жанның бірімін. Мен 1925 жылы Қараөзек дариясының арғы беткі жағалауында дүниеге келіп, 8 жасымда әке-шешеден айырылдым. Туыстарым мені Ташкентке алып кетті, аштықтың ажал тырнағынан осылай құтылғанмын. Мен бала кезімде ауылдағы ойын балаларымен бірге үлкендердің өздері белсенділерге айта алмайтынын біздерге жаттатып, белсенді келе жатқанда,
Ей, белсенді, белсенді,
Көтере берме еңсеңді.
Ай жарылқап, күн туса,
Кесерміз сонда желкеңді, – деп бәріміз жарыса айтып қашып құтылатынбыз» деген қарияның естелігі сол зұлматтың қаншалықты ауыр болғанынан хабардар етеді. Содан соң Жәнібек Асанұлы жұмысшы топтың анықтаған кейбір деректеріне тоқталды.
– Қалжан ахун ауылынан бүгінде марқұм болған, кезіндегі ел құрметтісі болған Орынтай Маханбетов, Сақабаш Жәмиев, Құлшық Досбалаевтардан жеткен әңгіме, – деді өлкетанушы. Қалжан ахун ауылының батысқа қарай 17 шақырымдай жерде Әсет мешітінің орыны бар. Мешіт құрылысы 18 ғасырдың аяғы 19 ғасырдың басында жүргізілген секілді. Бұл мешіттің имамы болып Әсеттің ұлы Мұқамбетжан (Қарамолда) болыпты. 1937 жылғы қуғын кезінде үштіктің үкімімен ату жазасына кесілген. Сонымен қатар Амангелді ауылының тұрғыны 1914 жылы дүниеге келген Алтынбек Дүйсенұлы Қарнақта діни білім алған. Елде діни-ағартушылық қызметте жүргенде, елде Кеңес үкіметі орнай бере 1937 жылы қуғынға ұшырап, өзбек елінің Кәттәқорғанына ауа көшеді. Осы елде өсіп өніп, ел тыныштала елге оралған. Шаған орталығынан 10-12 шақырымдай жерде Тұрғанбай қажы мешіт орны бүгінде үйінді төбе болып жатыр. Бұл мешіт үйі 1949 жылға дейін білім саласына қызмет атқарған. Мешітте Тұрғанбай қажының ұлы Үсейінғазы имамдық қызмет етіп жүргенде 1937 жылы ұсталып атылып кетсе, Әбдірашит 1944 жылы неміс тұтқындағы Польшаның Радом қаласында қайтыс болады.
Қоғалыкөл ауылының 105 жастағы тұрғыны Рахия Ақжанова 1919 жылы Қазалы ауданы Байқожа елді мекенінде дүниеге келіп, нағашысы Смайылдың қолында тәрбиеленеді. Нағашысы колхоз төрағасы қызметінде жүргенде, бір жиналыста «Алла» деген сөзі үшін ұсталып, атылып, жанұясы Тасбөгетке жер аударылады. Рахия ана 1944 жылы Тасбөгеттегі плотина құрылысына қатысқан. Айдарлы ауылында 1904 жылы дүниеге келген Айдар Асқаров 1929 жылғы кәмпескі кезінде бүкіл отбасымен өзбек еліне ауа көшеді. Көштің басшысы Сақтаған Біржанов бастап, құпия түрде көшіп бара жатқанын сезіп қалған белсенділер қуып жеткенде жалғыз мылтық бар еді, соны құмға жасырып үлгірсе керек. Қуғыншылар тінтілеп жүргенде мылтықты тауып алып, үлкен дауға ұласса керек. Көшті тоқтатпас үшін «мылтық менікі еді» деп Бәкір Асқаров мойнына алған соң оны тұтқындап, Қызылордаға жеткізіп, 4 жылға сотталып кейін ату жазасына кесіледі. Жәнібек Асанұлы тағы басқа көптеген қуғын-сүргін құрбандары жайында тың деректерді келтірді. Конференция қорытындысымен бұл тақырып ауданда әлі де зерттелмек деген тұжырым жасалды.
Бибісара ЖАНӘЛІ