Сібір жарасы қалай жұғады және ол несімен қауіпті?
Адамдарға үй жануарларынан (ірі қара мал, қой, қозы, шошқа) жұғады. Жануарлар ауруды бұрын аталмыш аурумен ауырған малды көмген жерлерге жақын орналасқан жайлауда жайылып жүргенде жұқтыруы мүмкін, себебі күйдіргі қоздырғышы топырақта спора түрінде ұзақ жылдар бойы (100 жыл) сақталады. Адам күйдіргі ауруын жануарды күтіп баптау, мал сою, бөлшектеу, терісін сыдыру кезінде жарақат алғанда жұқтыруы мүмкін. Сонымен қатар ет, сүт өнімдерін пайдалану барысында және жүн теріні өңдеу барысында ауа-шаң жолымен де жұғады.
Ауру 95-97% жағдайда жергілікті (теріде) түрде өтіп, терідегі инфекцияның түскен жерінде қызыл дақтың пайда болуымен жедел басталады, дақ пустулаға кейін қара қабықшамен қапталған айналасы қызарған жараға айналады. Дене қызуы бірінші күннің соңында 39-40ºС-ге дейін көтеріліп, 5-7 күн сақталады.
Сібір жарасына азғана күдік туғанның өзінде медициналық көмекке жүгіну қажет. Ауру малмен немесе залалданған материалмен жанасқан адам 2 апта дәрігерлік бақылауға алынады.
Сібір жарасының алдын алу:
Ауыл шаруашылығы малдарының ауруын болдырмау және жою болып табылады. Ол үшін ауру анықталған малды оқшаулап, өлексесін өртеп, аурумен залалданған нысандарды (қора, жем т.б.) залалсыздандыру.
Ауыл шаруашылығы малдарын, әсіресе жеке иеліктегі малдарды уақытылы сібір жарасына қарсы егу.
Тұрғындар ветеринариялық-санитариялық қадағалау рұқсатынсыз мәжбүрлі түрде сойылған малдың етін жемеу керектігін білуі қажет. Сонымен қатар, сапа сертификаты жоқ бөтен елден келген ет, ет өнімдерін қолдану да қауіпті. Мал бағумен айналысатын адамдар жеке бас гигиенасын сақтауы керек.
Кәсібіне байланысты сібір жарасымен ауру қауіптілігі жоғары адамдар (ветеринариялық маман, малды сою алдында ұсталатын орында жұмыс жасайтын, мал сойып, терісін сыдырып, етін бөлшектейтіндер және т.б.) сібір жарасына қарсы екпеден бас тартпаулары керек.
Назар аударыңыз! Өз денсаулығыңыздың қауіпсіздігі үшін ветеринарлық куәлігі жоқ, сатуға рұқсат алмаған адамдардан ет өнімдерін алмаңыз.
Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы