Тары өсіріп, табысқа кенелген
Қазақ халқының ежелден пайдаланатын пайдалы дәнді-дақылдарының бірі – тарының бұрқыраған ерекше иісі кім-кімді де елең еткізбей қоймасы анық. Тарының адам денсаулығына да тигізер пайдасы мен емдік қасиеті орасан зор. Оны ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген болатын.
Тары өнімінің құрамы адам ағзасы үшін қажетті дәрумендер мен элементтерге толы. Әсіресе бауыр, бүйрек, қан қысымын жақсы реттейді. Қызыл күрең қою шайға өзгеше дәм беріп, әр шаңырақтың дастарқанынан ойып тұрып орын алатын бұл өнімге бүгінде ерекше сұраныс артып келеді. Себебі соңғы уақытта тары қосылған шай, тәтті тоқаштар мен тіскебасарлар секілді құрамында тарысы бар өнімдер трендке айналып, ерекше танымалдыққа ие болуда. Қазақтың берекелі де мерекелі дәнді-дақылы тарыны нағыз табыс көзіне айналдырған Айдарлы ауылының тұрғыны Ералхан Жармаханов – ұлттық құндылығымызды жандандырып жүрген жанашыр жанның бірі.
Сыр өңірінде аймақ брендіне айналған өнімдер мен тауарлар жетерлік деп ауыз толтыра айта аламыз. Соның бірі Айдарлы елді мекеніндегі тары егуді қолға алған жандардың еңбегін ерекше атап айтуға болады. 2022 жылы Айдарлы ауылынан үлкен әулеттің 11 ағайындысы жер үлес пайын алып, егін егіп, отбасылық кәсіпті қолға алып бастайды. Сөйтіп алғаш 10 гектар жерге жоңышқа, 3 гектарға қауын-қарбыз, картоп, 5 гектарға тары егеді. Айта кету керек, Ермахан Жармаханов мемлекет тарапынан ешқандай қайтарымсыз грант немесе несие алмаған. Кәсіпкердің сөзінше өнім әлі сатылымға шықпаған. Әзірше үлкен әулетке жетерліктей ғана төрт-түліктің жем-шөбі мен өздерінің күнделікті тұрмысына қажетті көлемде ғана пайдалануда. Бүгінде бұл кәсіппен 5 адам бірлесе айналысуда. Тары бизнесін қолған алған Ералхан Махмутханұлы бұл дәнді-дақылды егудің өзіндік қиыншылықтары да бар екенін алға тартады.
– Бастапқыда халқымыздың дамымай қалған кәсібін қолға алғым келді. Себебі елімізде сондай пайдалы табиғи өнімнің тым аз мөлшерде өндірілуінің ақсап тұрғаны алаңдатты. Қазіргі кезде тары кәсібімен айналысатындар бірте-бірте көбейіп келеді. Тары егудің бейнеті көп. Үлкен төзімділікті талап етеді деуге болады. Сол себепті де көпшілік кәсіпкердің бұл кәсіп түріне аяғы тарта бермейді. Тары суыққа төзімсіз болғандықтан тұқымы құнарлы топыраққа көктем шыға егіледі. Содан толықтай өнімді жинап алмайынша тыным таппаймыз. Алғашқы өнімді сатылымға шығарған жоқпыз. Әзірше отбасымызға жетерліктей өнімді ғана айналдырып отырмыз. Себебі отбасымыз, әулетіміз үлкен. Жалпы тарының емдік қасиетінен бөлек ауыл шаруашылығы мен өндірістегі пайдасы да қыруар екенін атап өту керек. Мысалы, тары сабанын жеген сиырдың сүтінің өнімі мен құнарлылығы артады. Сабаны қыста да көкмайсадай жұмсақ болып тұрады, сондықтан оны мал сүйсініп жейді. Тары жеген тауықтар да көп жұмыртқалайды. Жұмыртқаның қабығы қатты болады, ұзақ сақталады. Тарыны булап қазға да береді. Оның сабаны, кебегі, тіпті топаны да малға азық. Тағы бір ерекшелігі, тары дәнінен спирт алынса, сабағынан сағыз шығарылады.
– Болашақта Айдарлының тарысын өзіндік сауда белгісімен брендке айналдырып, қазақы дәстүрге сай сұранысқа ие кәсіп жасауға ниетіміз бар. Сонымен қатар егетін жер көлемін ұлғайтып, өндіріс мөлшерін көбейтсек деп жоспарлаудамыз, – дейді кейіпкеріміз.
Тарих беттерін парақтасақ, ертеректе қазақ батырлары ұзақ жорыққа шыққанда жандарынан тары мен талқанды тастамаған. Тары – тамақ әрі сусын. Құнарлы азық. Халқымыз тарыны «жауынгер дақыл» деп текке айтпаған. Ал кешегі кеңес заманында тарыны құнарлы тағамдық дақыл ретінде стратегиялық қорда ұстаған. Бүгінде елімізде тарыдан жасалған тағамды балалар бақшасы мен әскерилердің ас мәзіріне қосу туралы бастама көтеріліп жатыр. Бұдан бөлек қазіргі кезде еліміздегі көпшілік мейрамханалардың, асханалардың ас мәзірінен тарыдан жасалған ыстық тағам мен сан алуан тәтті түрлерін көруге болады. Бұл әрине қуантарлық жайт.
«Даңқты диқан», «Дала академигі» Шығанақ Берсиев 1943 жылы 40 гектардың 4 гектарынан 201 центнер өнім алып, биология ғылымында болып көрмеген табысқа жетті. Қалған 36 гектардан 80 центнерден өнім жинады. Дүниежүзілік рекорд жасап, еңбек даңқы шартарапқа тарады. Бұл рекордты еш елден ешкім қайталаған жоқ. Бұл тарихи шындық. Білгір ғалымдарша тарының жаңа сортын өсіріп шығарды. «Ойылдың ақ тарысын» әлемге әйгілі етіп, бізге мәңгілік мұра етіп қалдырды. 60-тан асқанда белшешпей үздік еңбек етіп, мәңгі өшпес өнеге қалдырды. Бұл ешкімнің ортағы жоқ, халықтың асыл мұрасы.
Тары дайындаудан нәсібін тапқан бейнеткеш жан – отбасында төрт бала тәрбиелеп отырған ұлағатты әке. Кәсіпте де өз ісін өрге дөңгелетіп жүрген кейіпкеріміздің кәсібіне мол табыс тілейміз.
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ