Өнегелі өмір

Жақында Аманкелді ауылына есеп беру жиналысына бардық. Жиыннан кейін ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыстың құрметті ардагері Нұрмағанбет Құдайбергенов кітап оқу мәдениеті туралы әңгімеледі.
– Берік Әбдіғаппарұлы, жақында бір кітап оқыдым. Жандарбек Бұлғақов жазыпты. Өте жақсы кітап екен. Адам айтар ой-пікірін тұжырымдап алып барып айту керек екен. Сосын қай жерде не сөйлейтініңді білгенің дұрыс дейді кітап авторы, – деді ардагер туындыны оқығаннан алған әсерімен бөлісіп.
– Ол кітапты мен де оқыдым. Жақсы кітап, – деді аудан әкімі.
– Кітапханалар осындай жақсы кітаптарды көп насихаттаса деймін, – деді ардагер сөзін салмақты оймен сабақтап.
– Дұрыс айтасыз, – деді аудан басшысы.
– Ақтөре, Жандарбек мықты азамат, білімді жігіт қой, иә, – деп жалғастырды қария әңгімесін бізге де назар аударып.
– Тектілік, отбасындағы тәрбиенің құндылығы ғой. Алаштың әйгілі ақыны Айтақыннан туған бала емес пе, – деп пікірімді айттым.
Аудан басшысы жақсы кітапты әсіресе жастар, сондай-ақ ағалық жасқа келген азаматтар оқуы керектігін айтып, жақсы бір пікір алмасу болды.
Арада бірер күн өткеннен кейін жұмыс барысымен аудан әкіміне барғанмын. Бірер мәселе нақтыланғаннан соң Берік Әбдіғаппарұлының жұмыс кабинетіндегі кітап сөресіне көзім түсті. Мұндағы жақсы кітаптарға қызыға қарамай өтуіңіз мүмкін емес. Қарасам, «Өнегелі өмір» деген жақсы кітап тұр екен. Аудан әкімінен орайын тауып жұмыс кабинетіндегі мазмұнды кітапты оқып шығайын деп сұрап алдым.
– Оқып болған соң қайтадан әкеліп бер. Сосын тағы бір кітап беремін, – деді әкім.
Бұл кітап Бердібек Машбекұлының өмірі мен еңбек жолына арналған. Туындыны Ұлттық ғылым академиясы дайындапты. Бар қазақтың жұдырықтай жүрегінің төрінен орын алған қайраткер тұлға туралы кітап баспаханадан шыққан бойда облыс-облыстарға тез тарап сұраушылар да көбейіп кеткен соң біздің ауданға санаулы данасы ғана келген. Біздің қолымыздағы жақсы кітап – сол санаулы дананың біреуі. Бірақ іздеген, ізденген адам оқимын десе кітапты табуына болады. Негізі бұл – іздеп жүріп оқитындай-ақ жақсы кітап. Бұл сөзімізге кітаптың сапалық мазмұны, құрастырушылар идеясының тереңдігі, кітаптың дизайнынан бастап естеліктердің жүйелілігі дәлел бола алады. Өзіміз де аудан көлемінде еңбек еткен азаматтар туралы бірнеше ғұмырбаяндық кітап жаздық қой. Бірақ қолымыздағы кітап бір төбе де, біз жазған кітаптар бір төбе. Себебі Бердібек Машбекұлы күллі қазаққа таныс, елге еңбегі сіңген, бір сөзбен айтқанда, ғасырда бір туатын дара болмыс иесі.
Кітаптың бастапқы бетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының пікірі беріліпті. Президент ой толғамын «Бердібек Машбекұлы ұзақ жылғы еселі еңбек жолында лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өркендеуіне және өңірлерді дамытуға мол үлес қосқан еді. Мемлекетіміздің сындарлы саясатын зор біліктілікпен жүргізе білді. Қазақстанның беделі мен мәртебесінің арта түсуіне қажыр-қайратын жұмсады. Азаматтық қадір-қасиетімен ел ішінде құрметке бөленді. Соңына өшпес із қалдырған Бердібек Машбекұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады!» деп түйіндепті.
Мұнан кейін кітаптың бас редакторы, академик Ғ.Мұтановтың пікірі берілген. Әрі қарай Қ.Ергөбектің толғанысы, Б.Сапарбаевтың архивтік құжаттары мен баяндамаларынан үзінділер, өмір жолының, еңбек жолының ерекше кезеңдері жазылған. Кітапта сондай-ақ Б.Сапарбаевтың сұхбаттары мен мақалалары басылған. Әр еңбек ерекше, жазылуы да, баяндалуы да жүректі тебірентеді. Тіпті қайталап оқудан да жалықпайсыз.
Өнегелі өмір жолы кітапқа арқау болған Бердібек Машбекұлындай елі үшін туған ардақты азаматтардың есімін де, еңбегін де халық ешқашан ұмытпайды. Тек кей «адамдар» көзі тірісінде пендешілікпен жалалы сөздермен жанын жаралады демесек, қадірін білетін де, терең түсінетін де халық бар. Халық – Құдайдың бір аты. Сол халықтың маңдайалды өкілдерінің пікірі, алғаусыз көңілінен туындаған ойлары – кітаптың мазмұнын ашып тұр. Бәрі де ер еңбегін әділ бағалап, ел еңсесін тіктеуде аянбай жұмыс істеген азаматтың дара болмысын даналықпен аша түскен. Бұл – қайраткер-тұлғаға деген халықтың шынайы құрметі, сүйіспеншілігі, ықыласы екені анық.
ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы М.Әшімбаев «Қазақта елге еселі еңбек сіңірген тұлғалар аз емес. Солардың бірі де бірегейі – Бердібек Машбекұлы Сапарбаев. Ол саналы ғұмырын мемлекет ісіне арнаған, өзіндік басқару мектебін қалыптастырып, халықтың шынайы ықыласына бөленген нағыз қайраткер еді. Бердібек Сапарбаевтың мемлекеттік қызметтегі еңбек жолы жарты ғасырға жуықтайды. Осы аралықта Бекең қаржы саласындағы қарапайым маманнан бастап, бірнеше облыстың әкімі, Премьер-министрдің орынбасары сияқты аса жауапты қызметтерді үлкен абыроймен атқарды. Қайраткерлік қыры өңірлерде атқарған қызметі тұсында айқын көрінгені анық. Содан болар, оған Қызылорда, Оңтүстік және Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстарын басқару міндеті жүктелді. Әзірге ел тарихында Бердібек ағамыз секілді бес бірдей өңірге басшы болған саяси тұлға жоқ. Қарап отырсақ, Бекеңнің еңбек жолының тура 18 жылы аймақтарды басқару ісіне арналған екен. Сол себепті, ардақты азаматтың өңірлерді дамыту ісіндегі қолтаңбасы әлі күнге дейін айқын көрініп тұр. Бұл істе Бердібек Машбекұлы қиыннан жол таба білетін табанды басшы ретінде есте қалды. Ұйымдастырушылық қабілеті, іскерлігі, еңбекқорлығы, сондай-ақ кісілік келбеті әртүрлі деңгейдегі басшылардың бірнеше буыны үшін үлгі болғаны сөзсіз» деп жазса, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Е.Қошанов «Қай заманда да, қай кезеңде де елге еселі, ұлтқа адал қызмет еткен арыстарымыз аз болған жоқ. Халық жадында өшпестей сақталып қалатын сондай тұлғаның бірі – Бердібек Машбекұлы. Бұл – даусыз ақиқат. Ол тұтас елге ортақ, қадірлі, абыройлы азамат еді. Б.Сапарбаев басшылық еткен облыстардағы халықтың оған деген ықыласы әрдайым ерекше болғаны да шындық. Бекең үшін мәселенің үлкен-кішісі болмайтын. Бәрін көңілінен өткізіп, жүрегімен қабылдайтын. Иірімі көп өмір-өткелдің мұнар шыңына шыққанда – бақыттан басы айналмады, асқар таудың етегінде жүргенде – ұнжырғасы түспеді. Бір сәтке де ірілігінен ажыраған жоқ, атпалдығынан айырылған жоқ. Міне, «Сапарбаев феномені» дегеніміз – осы, – деп тебірене еске алады.
Ал Әбіш Кекілбайұлы, Қабдеш Жұмаділовтердің көзі тірісінде жазған естеліктерінің жөні тіптен бөлек. Терең ой. Пайымды пәлсапа. Дәлелді дәйек. Бәрі-бәрі ер еңбегін айшықтап тұр. Сонымен қатар Оралбай Әбдікәрімов, Қуаныш Сұлтанов, Бақтықожа Ізмұхамедов, Бибігүл Төлегенова, Асанәлі Әшімов, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Ұлықбек Есдәулет, Қырымбек Көшербаев, Икрам Адырбеков, Болат Жылқышиев, Гүлшара Әбдіхалықова, Махмұд Қасымбеков, Жақсыбек Құлекеев, Бауыржан Омарұлы, Руслан Рүстемов, өңір әкімдері мен басқа да қайраткерлер Бердібек Машбекұлының еліміздің дамуына айрықша еңбек сіңіргенін өз естеліктеріне арқау етіп, ұзақ жылғы еңбегін лайықты бағалаған. «Азаматтың көркі – ар, айнасы – еңбек» дейтін болсақ, бұл естеліктер ардың туын биік ұстаған, адал еңбегімен ел-халықтың алғысын арқалаған азаматтың тектілігіне, ептілігіне, еңбегіне қойылған ескерткіш іспеттес. Иә, Сыр-Анадан нәр алған азамат қайсарлық пен намысқа бекем болып ең қиын кезеңде біздің Сыр өңірінің тарап кетуіне қарсы болып, оны дәлелдеп, өңірді аман сақтап қалды. «Еркін экономикалық аймақ» статусын бекіттірді. Сол үшін де қарт Қаратау мен айдынды Арал аумағындағы қаймана халық Бердібек Машбекұлына мәңгіге қарыздар. Ол қарыз бүгінде парыз ұғымымен ұштасып, өнегелі өмір иесінің еселі еңбек жолы кітап болып көпшілікке ұсынылуда. Түсіне білгенге, бұл кітап сонысымен де құнды, қастерлі.
Ұлттың қамын ұран еткен тұлғаның «Атажұрт!» деп келген әрбір қандасты бірінші болып қолдап, бірінші болып қорғап, ерекше жанашырлық танытқаны бізге үлгі-өнеге болып қалмақ. Ал еліміздің бес өңіріндегі қайталанбас дара қолтаңбасы тарихта алтын әріппен жазылады. Қазақ елі бар кезде бес ғасырға, бес асылға бергісіз еңбегі, Абайды төрге шығарып, мүсінін орнатуға бастамашы болғаны, қазақ тілінің аясын кеңейту бағытындағы іргелі істері ешқашан ұмытылмайды. Бар қазақ құрмет тұтар қайраткердің өмір жолы, қызмет жолы бізге де, бізден кейінгі буынға да өнеге мектебі ретінде тарихтан ойып тұрып орын алмақ.
...Бірер жыл бұрын мен Бердібек Машбекұлының 70 жас мерейтойына арнап өлең жазған едім. Өлеңім көпшілік тарапынан жақсы бағасын алып, әлеуметтік желіде көп пікір жазылды. Мен ешқашан ешбір өлеңімді ақыға немесе басқа да қажеттілікке байланысты жазған емеспін, жазбаймын да. Бұл жолғы өлеңім де шын жүрегіммен жазылған жыр еді. Өлеңді оқыған жанашыр азаматтар арнау жырымды Бердібек Машбекұлына жіберіпті. Сөздің қадірін білетін азамат өлеңді оқыған бойда телефон арқылы хабарласып, арнау өлеңнің көңілінен шыққанын айтып, алғысын білдірген еді. Сол күні әрі қуанғаным, әрі толқығаным есімде. Берік Әбдіғаппарұлынан оқу үшін сұрап алған кітапты оқып отырып, жай оқып қоймай ой-пікірлерді көңілге тоқып отырып, осы естеліктер еріксіз еске түсті. Бұл да бір тарих, тағылымы мол тарих...
Халқымыздың дара тұлғасы, дана перзенті, қабырғалы қайраткері атанған азаматтың жатқан жері жайлы болғай!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одағының мүшесі