Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көше кітапханасының мәнін ұға білейік

Көше кітапханасының мәнін ұға білейік

1895 жылы Тодд Бола, Рик Брукс есімді оқымыстылар Америкада баспа өнімдері мен әдебиетті кең насихаттау үшін көше кітапханаларын жасамақ болыпты. Сөйтіп, штаттың ірі қалаларының әр жеріне кітап қоятын жәшіктер орнатып шығады. Оны өздері «Little Free Library» деп атайды. Халықты тегін сауаттандыру мақсатында жасалған бастама білімді, зиялы адамдар тарапынан қолдау табады. Соның нәтижесінде, бес жылдың ішінде штатта алты мыңнан астам шағын кітап жәшігі пайда болады. Көше кітапханасын ашатындар келе-келе «кітапты ал, кітапты қайтар» деген ұранмен насихат жұмысын жүргізген екен. Яғни шет ел тұрғындары көшеден алған кітапты оқыған соң қайта әкеліп береді екен. Оларда осындай түсінік қалыптасқан. Уақыт өте келе көше кітапханасы біздің де қоғамға келіп жетті. Бірақ біздегілер алған кітапты уақытылы қайтаруға құлықты болмай отыр.
Осындан біршама уақыт бұрын аудан орталығының Д.Қонаев көшесі бойына­ кітап сөресі қойылды. Тұрғындарға таңдаулы кітаптар ұсынылуда. Олар осы жерден қалаған кітаптарын алып оқиды. Бірақ олар кітапты оқып болғаннан кейін қайтаруды ұмыт қалдырады. Басында көше кітпханасы еріккеннің ермегі емес, «кітап кеміргіш» жандарға жақсы дүние болған еді. Қазір пайдасы тигеніннен көрі, алған кітапты қайтармайтын адамдар қатары көбейіп тұр. Тағы да батыстан мысал келтірсек, ондағы халық көшеде орналасқан кітапханалардан өздеріне қажетті кітапты алып оқиды. Егер алған кітапты аяқтай алмаса ортасына белгі бау қойып, келесі күні келіп сол жерден жалғастырады. Бұл адамдардың кітапқа деген құрметінің көрінісі іспетті.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында рухани даму үдерісінің бір құрамдас бөлігі саналатын кітап оқу және кітап алмасу жобасының басты мақсаты – қоғамды рухани байыту еді. Алайда сол қоғамды құрайтын бөлшек өзіміз болғандықтан әрбіріміз жауапкершілік сезіну керекпіз.
Адамзат қоғамында білім мен мәдениеттің, ой-сананың, ақыл дәрежесінің бірдей болуы әсте мүмкін емес. Қай қоғамда да заманнан оза туғандар болады. Кемеңгерлікпен көптен өзгешеленген тұлғалар да туады. Олардың әңгімелесерге кісі таппай, жалғызсырайтыны өтірік емес-ау… Әйтсе де, сен оқығанды өзгенің де білгені, білім деңгейі мен мағлұмат алар қайнар көзінің ортақ болғаны жалғыздықты жеңілдететін жолдардың бірі шығар, бәлкім. Қалай десек те, рухани азығын бөлісіп жеп, замандастарының өзімен қатарласа шапқанын кемел адамның қалайтыны анық. Ендеше, біз де бір-бірімізге сенім артып, қоғам мәдениетін өсіруге үлес қосуымыз керек. Ол үшін Сіз оқыған кітапты өзгелердің де оқуына мүмкіндік жасаған жөн. Алған кітапты қайта әкеліп, өзіміздің мәдениетті екенімізді көрсетуіміз керек. Бұл жерге өзіңіз оқыған қызықты кітапты әкеліп қойсаңыз да өте құптарлық жағдай. Үйге сыймаған кітапты дәстүрлі кітапханаларға ғана емес, көшедегі кітап жәшіктеріне салып қояр жағдайға жетсек, жаман болмасымыз анық-ақ.

Майя Қожабай
28 қыркүйек 2019 ж. 788 0