Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАҒЗЫМ

ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАҒЗЫМ


Ауыл жұртшылығы қашанда берекесі тасып, тіршілігін алға сүйреген қалпынан тайған емес. Ел көлемінде орын алған жаңалықтарға үн қосып, уақытында ауызбіршілігін көрсетеді. Ауданға қарасты Іңкәрдария ауылында мәдени-көпшілік шаралар әркез өтіп тұрады. Осы орайда, жақында ауылдық мәдениет үйінде «Әзіл әлемі» театрының актері Қанат Әлжапбаров, «Қорқыт жастары» КТА командасы, облыс өнерпаздары ауыл халқына өздерінің концерттік бағ­дарламасын ұсынды. Шараға аудандық мәслихат депутаты Е.Жа­қы­пов ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдіжаппар Сырлыбаев, сала мамандары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Туған жерге тағзым ете келген өнерпаздар көпшілік көңілінен шыға білді. Концертті Сыр мақтанышы Қанат Әлжапбаров жүргізіп, ауыл өмірінен орын алған шынайы оқиғаларды әзіл ретінде жеткізді. Монологтар барысында халық жадында жүрген өткір әзілдерге ден қойып, жиналғандардың қошеметіне бөленді. «Қорқыт жастары» КТА командасы көрермендерді ұтымды әзілдерімен, қуантты. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған концертте жас әншілер халық әндерін заманауи нақышта орындады. Концертке келген тұрғындар ерекше серпіліс алып, өнерпаздарға зор ықылас білдірді. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдіжаппар Сырлыбаев сөз алып, ұйымдастырушы тарапқа тұрғындар атынан алғысын айтты. Өнерпаздарға шығармашылық табыс тілеп, ыстық ықыласын жеткізді.
Былтырғы жылы Қанат Әлжапбаров Іңкәрдария ауылына атбасын бұрып, тұрғындарымен кездеседі. Кездесу барысында жергілікті халық өнерпаздан концерттік бағдарлама ұйымдастыруын сұрайды. Алдағы уақытта оңтайлы күнді белгілеп, арнайы концерт өткізуге ықпал жасайтынын тілге тиек етеді. Міне, көпшілікке берген уәдесін орындау мақсатында облыс өнерпаздарын бір арнаға тоғыстырып, дәл осы күні концерт өткізуге бел буады. Екі жүзге жуық көрермен жиналған залда ине шаншар орын болмауы концерттің жоғары деңгейде болғандығын дәлелдейді. Әрқашан туған өлке мәдениетін дамытуға үлес қосып жүрген өнерпаздар осылайша ел халқына айрықша көңіл-күй сыйлап, құрметке ие болды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ

22 ақпан 2018 ж. 900 0