Ернар ІІІ тұғырдан көрінді

№11 Сырдария ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің жаттықтырушысы Салтанат Мырзабекованың жетекшілігімен Шымкент қаласында өткен ҚР чемпионатында 3 сырдариялық бақ сынаған. Олардың қатарында Ернар Уалиханов, Олег Ким, Ерасыл Бексейітов бар. Жарыс жолына шыққан жас спортшылар өз шеберліктерін байқатты. Өз кезегінде жаттықтырушының қатаң талабының арқасында қарсыластан жас спортшы жүлдені жұлып алды. Ел чемпионаты барысында Ернар Уалиханов 4 кездесу өткізген.
– Жас та болса ерік-жігерімен 100-ден аса баланы үздіксіз жаттықтырып келе жатқан Салтанаттың еңбегі ерекше. Қай кезде де, спортшы шыңдап, биік шыңға жетелеп келеді. Баланың қарым-қабілетін жетілдіріп, деңгейі жоғары жарысқа тұрақты түрде апарады. Ата-ана үшін баланың жетістігі – үлкен қуаныш. Кеудемізді мақтаныш кернеді. Ішкі біріншілікте жүлдеге іліккен немерем алдағы уақытта әлемді бағындыруына тілекшімін. Тәртіп пен талап бар жерде жетістік қылаң береді. Болашағынан зор үміт күттіретін жастарды тәрбиелеп келе жатқан жаттықтырушыға алғыс айтамын, – деді Уалихан Ахметов.
Тегеуріні мықты жаттықтырушы Салтанат Еркенқызы – Қызылорда қаласының тумасы. Осыдан 10 жыл бұрын Тереңөзектің келіні атанған ол 2 жылдан аса уақытта спортшыларға барынша жол нұсқауда.
– Шымкент қаласында жалауы желбіреген ел чемпионатында кіл мықты жиналған. Біздің спортшылар жеңіс жолында аянып қалмады. Күнделікті жаттығуды жалғастырып, жетістігімізді жақсартуға жұмыс жасаймыз. Жас спортшы Ернар Уалихановты кезекті жеңісімен құттықтаймын. Ол жақында ҚР спорт шеберлігіне үміткер атанды, – деді жаттықтырушы.
Балтабай ОРДАБЕКОВ