Жарыс алаңында – жасөспірімдер
Сырдария ауданында көгалдағы хоккей жақсы дамыған. Білікті жаттықтырушы, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Сұлтанбек Қобландин осы спорттың ауданда, одан бөлек облыста, республикада өркен жаюына ерекше еңбек сіңірді. Сол себепті де көгалдағы хоккейден жерлестеріміз қай жарысқа барса да жеңіс тұғырынан көрініп келеді.
Аудан спортшыларының арасында көгалдағы және индорхоккей спортының шоқтығы биік. Мұнымен айналысушы жасөспірім спортшылар қатары да көп. Өйткені, білікті бапкерлер жаттықтыратын спортшылар жыл сайын республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарып келеді. Оның үстіне, көгалдағы хоккей спортын жетік меңгерген жерлестеріміз бүгінде Қазақстан ұлттық құрамасында жақсы ойын өрнегін көрсетуде. Сондықтан көптеген жасөспірімдер доптаяқ спортымен айналысуға талап білдіреді.
Индорхоккей спортымен айналысушылар үшін жарыстар жиі ұйымдастырылып тұрады. Соған байланысты аудан орталығында индорхоккейден жасөспірімдер арасында №11 Олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің аудандық ашық біріншілігі өтті. Оған Қызылорда қаласынан және аудандардан келген 2008 жылғы және олардан кіші жасөспірімдер қатысып, бақ сынасты. Жарыста 12 команда бойынша 120 спортшы болып, өзара тартысты кездесулер өткізді. Ұлдар мен қыздар арасындағы жарыста сырдариялық жас доптаяқшылар жақсы нәтиже көрсетті.
– Спорттың көгалдагы және индорхоккей түрімен қыздарымыз үздіксіз жаттығу үстінде. Бір жыл ішінде бірде-бір дайындықтан қол үзбеген спортшылар ел біріншіліктерінде үздіктер қатарынан көрініп келеді. Әрбір спортшының шеберліктері командалық ойында өз нәтижесін береді. Сондықтан жарыстарға қатысқан сайын жас спортшыларды жігерлендіріп, жеңіске деген талпынысын жанып отырамыз. Өзіміз де осы спорт түрінен көптеген жетістіктерге жеткеннен кейін, шәкірттеріміздің де биік белестерді бағындырғанын қалаймыз. Сондықтан осындай жарыстарда жас спортшылар жеңісті қолдан бермейді, – дейді жас бапкер Шынар Ақназарова.
Аудандық біріншілік нәтижесінде ұлдар арасында үздік ойын көрсеткен аудан спортшылары жеңімпаз атанды. Ал екінші орынды «Қайсар» құрамасы (Қызылорда) алса, үшінші орынға Қармақшы ауданы ие болды. Қыздар арасында да жеңімпаздар анықталды. Бірінші орынды тереңөзектік жас спортшылар жеңіп алса, екінші орынды №11 Олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің индорхоккейшілері еншіледі. Ал үшінші орын Сырдария ауданының қыздар құрамасына бұйырды.
Е.БЕРКІНБАЕВ