Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қоңыр күз келгенде

Қоңыр күз келгенде

Берекелі күздің соңғы айы қараша да бас­талып кетті. Қоңыр күздің соңғы айы екенін табиғат ана сезіндіріп тұрғандай. Ызғарлы қара суық әлсін-әлсін күшіне мініп, терістіктен соққан ызғырық жел қыс айы жақындап қалғанын ескертетіндей. Түні бойы тоқтаусыз жауған жаңбырдың соңы қылаулаған қарға ұласты. Бұл алдағы қыс маусымының алғашқы қары болатын.

Жылдың осы мезгілінде «Қараша келмей, қар жаумас» дейді ел. Егер қар қарашаның алғашқы күндерінде түсіп, ерімей жатып қалса, халық «қыс ұзақ болады» деп айрықша қамданған. Осы айда адамды, малды ықтырып, бет қаратпайтын суық жел соғады. Оны ел арасында «ықтырма жел» деп атайды.

Табиғат көрінісінде аспанда қиқулап ән салған құстар жылы жаққа бет алып, туған мекенімен қоштасқандай. Жыл құстарының соңы болып, ай атымен аталатын түсі қоңыр келетін қараша қаздар тізбектеліп ұшып барады. Көнекөз қариялардың айтуынша, қараша айының атауы табиғи өзгеріске және халықтың тұрмыстық ахуалына байланысты қойылған.

Ғалым Б.Куфтиннің зерттеуінше, бұл айда жер қара-қоңыр топырақ болып, жаздай малдың тұяғы таптаған өріс тозып, қара балшыққа айналып, қатып-сеңіп жатқан кезіне сәйкес қойылған.

Қарашаның үшінші онкүндігінде «Үркер» батып, қыс тоқ­санның басы басталады. Сол себептен қазақ халқының тұрмысында алдағы суықтарға шыдамайтын кәрі-құртаң, көтерем малдарды сойып, күз соғым жасайды. Осыдан ел ішінде «Қараша қауыс, кәрі-құртаңды тауыс» деген мақал сақталған. Мұндағы қауыс сөзі – араб сөзі. Бұл қараша ай дегенді білдіреді. Қараша-желтоқсан айларында киіктер үйірге түсіп, көктемде лақтайды. Халықтың бақылауы бо­йынша киіктің үйірге түсетін, лақтайтын кезінде күн райында айтарлықтай өзгерістер болады. Қазақ ондай өзгерісті «амал» деп атайды.

Қазақтың салт-дәстүрінде де қарашаға байланысты атаулар бар. Мысалы, қараша үй, қараша халық. Қараша үй немесе қоңыр үй көбінесе күз айларында – қарашада көп тігілген киіз үй. Киіз үйге ыс сіңгендіктен түсі қоңырқай тартып кетеді. Көлемі де шағын болады. Көбіне онда тұрмысы төмен отбасылар тұрған. Ал ауқатты адамдар қараша үйді сәнді үйлеріне қоруыш ретінде, ас-су қоятын, тамақ істейтін және т.б. пайдаланған. Қараша халықтың мән-мағынасы қалың, көп дегенді білдіріп, сөз тіркесі ретінде қолданылады.

Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ
02 қараша 2024 ж. 133 0