Халқымыздың ауа-райын болжаған болжамдары
Ескі ай бітіп, жаңа ай туғанға дейінгі аралық. Аспанда ай көрінбейтін кез. Өларадағы ауа райы, туар айда қайталанады деген тəжірбие қалыптасқан. "Өларада жауын- шашын болса, туар айда жауынды- шашынды болады" дейді халқымыз. Бұл болжам əрқашан қатесіз келіп отырған.
2. АМАЛ
Жыл он екі айда айналып соғып түратын ыстық пен суықты, қар мен жаңбырды, жел мен боранды халыщ бір сөзбен "Амал" деп атаған. Яғни жылдың əр мезгілдеріндегі табиғат құбылыстарының өткінші əрі тосын, аз уақытта болып өтетін өзгерісі мен көрінісін жəне оның бірнеше түрлерін айтқан. Ұлттық сандық ұғымда жеті амал бар. Олар: 1.Күннің тоқырауы. 2.Қарашаның қайтуы. 3.Үркердің батуы. 4.Мұздың қатуы. 5.Киіктің матауы. 6.Қыс тоқсан. 7. Ай тоғымы.
3. ҚҰСҚАНАТЫ
Наурыз айының соңғы күндерінде жыл құстары да ұшып келе бастайды. Құстардың келуімен қар аралас жаңбыр, суық жел тұрады. Мұны ел "құсқанаты" деп атап, амалға жатқызған.
4. АЛАСАПЫРАН
Көктемде, наурыз айында, кейде сəуір айында қар күрт еріп, жер лайсаң болып, шаруашылыққа қиын күндер туады. Осындай жайсыз, қолайсыз мерзімді "аласапыран" дейді.
5. БЕСҚОНАҚ
Жыл аяғында, яғни наурыз айының 17-21 күндері аралығында болатын жауынды-шашынды күндер. Бұл— əр жылы соғып өтетін суық əрі лайсаң мезгіл. Жұрт бесқонақтан қатты сақтанып, күтініп отырған.
6. ҚЫЗЫР ҚАМШЫСЫ
Сəуір айының орта кезінен аса бере алғаш найзағай ойнайды, жаңбыр жауады, жер бусанады, оңтүстікте жаздың жайлы күндері басталады. Осы сəттердегі найзағайдың жарқылын халық: "қызырдың қамшысы шартылдады, қыс кетті" деп есептейді.
7. ТОБЫЛҒЫ ЖАРҒАН
Сəуірдің соңғы күндерінде 2-3 күнге созылатын суық жел соғады. Бұл— тобылғы бүршік жарды, яғни өсімдіктер тамыр жайды, алғашқы көк шыға бастады деген сөз.
8. ҚЫЗЫЛ ЖҰМЫРТҚА.
Мамыр айының алғашқы онкүндігінде дала(су) құстары балапанын шығара бастайды. Ел аузында қызыл жұмыртқа деп аталатын осы кездерде 1-2 күнге созылатын суық болады.
9. ҚҰРАЛАЙДЫҢ САЛҚЫНЫ.
Мамыр айының аяғында болатын суық жел. Осы желге қарсы киік өз құралайларын (лағын) аяқтандырып, жүгіртіп, өргізеді. Киіктің жаппай төлдеуі 2-3 күннен арыға созылмайды. Киіктің тағы бір айта кетерлік ерекше қасиеті— оның ешкісі кез келген құралайды емізіп, бауырына ала береді. Киік құралайының далада жетім, жалғыз қалмауы осыдан. Алла тағаланың құдіретімен киік төлдеген уақытта, қасқырлар ет жемейді.
10. ҮРКЕРДІҢ БАТУЫ
Маусым айының басында үркердің мүлде көрінбей кетуі. Кейде мұны үркердің жерге түсуі дейді. Осыдан кейін 40 күн шілде басталады. "Үркер жерге түспей жер қызбайды" дейді халық жұлдызшылары мен есепшілері.
11. ҚЫРЫҚ КҮН ШІЛДЕ
Маусым, шілде айында 40 күнге созылатын ыстық. Осы аптапты күндерге орай халық арасында қырық күн шілде деп аталатын санақтық атау пайда болған.
12. ҮРКЕРДІҢ ТОЛҒАҒЫ
Мал- жанға жайлы кезең, шілде айының орта кезінде басталады. Бұл кезде үркер туады, жер құрғап, шөп буыны қатып, сарғая бастайды.
13. ТАРАЗЫНЫҢ ТУУЫ
Тамыз айының ортасында ауа- райы салқын тартады, қою бұлт пайда болып, алғашқы күз нышаны біліне бастайды. "Таразы туса- таң суыр" деген пəтел осындайдан шыққан.
14. МИЗАМ ШУАҚ
Қыркүйек айының екінші онкүндігінде салқын басталады, жаңбыр жауады, түнде шөп басына шық түседі. Осы кездерде күндіз шуақты күндер де болады. Далада ұзынан- ұзақ мизамдар (өсімдік ұлпасынан болатын, сағым іспетті ақ сілбі)шұбатылады. Мұндай жылы мезгілдерді "мизам шуақ" деп атайды.
15. СҮМБІЛЕНІҢ ТУУЫ
Сүмбіле жұлдызының көрінетін мезгілі. "Сүмбіле туса- су суыр" дейді халық қағидасы, яғни қыркүйектің соңғы онкүндігінде күз келеді, суықты күндер, жауын басталады.
16. ҚАРАШАНЫҢ ҚАЙТУЫ
Қараша айында құс жылы жаққа қайта бастайды. Бұл кезде алғашқы қар түседі, күн салқындайды.
17. ҚЫРБАСТЫҢ ҚЫЗЫЛЫ
Желтоқсанның басында болатын алғашқы аяз. Қазақстанның солтүстігінде қыс ерте түседі. Бұл кездерде қатты аязды суықтар болады.