Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№88 газет

05 қараша 2024 ж.

№87 газет

02 қараша 2024 ж.

№86 Газет

29 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Ағылшын тілі – жаһандық көзқарастың траекториясын кеңейтеді

Ағылшын тілі – жаһандық көзқарастың траекториясын кеңейтеді

Жерлесіміз Нұрзия Мәжитова – ағылшын тілінің мұғалімі, мемлекеттік және жергілікті басқару бағдарламасы бойынша Іскерлік басқару магистрі ретінде мамандықты игерген. Биыл екінші мамандығы бойынша PhD докторантураны аяқтап, докторлық диссертация қорғауға дайындық үстінде. Жас ғалым Ресейдің қос оқу орнында Қазан федералды университеті мен Мәскеудің City Business School атты бизнес мектебінде магистратураны тәмамдады. Қазіргі уақытта Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, Гуманитарлық-педагогикалық институты, Шетел тілдері және аударма білім беру бағдарламаларының оқытушысы, іскерлік басқару магистрі. Ғылым мен білімге үлес қосып жүрген сырдариялық магистрмен болған сұхбатты оқырмандар назарына ұсынамыз.

– Нұрзия Әбдіқайырқызы, алғашқы сұрақты балалық шағыңыздан бастасақ, қандай бала болдыңыз, балалық шағыңыз несімен есте қалды?
– Әрбір жанның балалық шағы, әрине, қайтып келмес ең бақытты кезең болуымен, бейқамдығымен сипатталады деп есептеймін. Аллаға шүкір, менің де балалық бал күндерім ата-анамның мәпелеп өсірген мейірімділігімен, біздің қамсыз оқу оқып, өсіп-жетілуіміз үшін барлық жағдайымызды жасағанымен есте қалыпты. Онымен қоса, сабақтан бас алмай, барлық жарыс атаулыға қатысып, музыка мектебіне де үлгіріп жүргенім тағы бар. Жалпы, алғыр әрі тәртіпті бала болдым деп ойлаймын.

– Білімге, ғылымға қызығушылығыңыз неден басталды? Болашақ мамандығыңызды таңдауға не себеп болды?

– Әрине, сөзсіз, мектеп – барлық арман-қиялдың бастау алатын ошағы. Санама болашақ мамандығыма деген қызығушылығымды мектептегі аяулы ұстаздарым ашты деп сеніммен айта аламын. Мен оқыған И.Тоқтыбаев атындағы №35 мектеп-лицейінде сабақ берген барлық ұстаздардың алатын орны ерекше. Атап айтар болсам, бастауыш сыныптағы ұстазым білімнің алғашқы дәнегін егіп, ол кісіден мол үлгі алып өстім. Ал қазіргі мамандығым болып отырған ағылшын тіліне деген қызығушылығымды екінші сыныптан бастап Фатима Шадиева оятты. Жоғары сыныпта мектебімізге Америка Құрама Штаттарынан Bethany Stoian атты ерікті мұғалім келіп сабақ берген кезден бастап, халықаралық байланыс құралы болып отырған «ағылшын тілін болашақта жетік меңгеремін» деп нық шешім қабылдадым. Ал, кітап оқу, ілім үйренуге, жалпы көркем әдебиетке деген талпынысыма сынып жетекшім Маржан Қалқоразова себепкер болды деп білемін. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша шығарма жазу мен өлең шығарудан республикалық сан-түрлі байқауларға қатыстым. Жүлдегер ретінде сегізінші сыныпта өзімнің шағын өлеңдер жинағымның да шығуына Маржан апайдың үлесі зор болды. Математикаға да қызығушылығым ерекше болды. Бұл тұста Рыскүл Симағанбетованың еңбегі зор, түрлі олимпиадалар мен конкурстардан қалдырған емес. Жалпы, мектебім жан-жақты шығармашыл тұлға болып қалыптасуымның негізін қалады деп білемін. Ал ізденіс пен шығармашылықтың дәні бойына себілген шәкірт болашақта ғылым мен білімнің жолында жүретіні сөзсіз. Нәтижесінде, өмірімнің тең жартысы білім алып, ғылыммен айналысуға, яғни студенттік өмірге арналыпты...

– Студенттік шаққа ойыссақ, қандай оқу орнын бітірдіңіз, қандай мамандық алдыңыз?

– Жалпы, қазіргі таңда жалғыз мамандықты игеріп, заман талабына сай бәсекеге қабілетті болу қиын деп есептеймін. Сол себепті, осы уақытқа дейін балалық кезімнен бастап өзім қызыққан ағылшын тілінің мұғалімі және мемлекеттік және жергілікті басқару бағдарламасы бойынша МВА (Іскерлік басқару магистрі) атты екі мамандықты толық игердім. 2024 жылы екінші мамандығым бойынша PhD докторантураны аяқтап, Алла қаласа, докторлық диссертациямды қорғауға дайындық үстіндемін. Мен білім алған оқу орындарының қатарында отандық Қызылорда «Болашақ» колледжі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті (бакалавриат және докторантура бойынша) болса, Ресейдің қос оқу орнында магистратураны тәмамдадым. Бірі – Қазан федералды университеті, ал екіншісі – Мәскеудің City Business School атты бизнес мектебі.

– Жастардың арасында шет тілін меңгеруге деген талпыныс қандай, көптілді білу жастардың болашағында қаншалықты орын алады деген ойдасыз? Артықшылығы неде?

– Қазіргі таңда жастар арасында шет тілін, соның ішінде ағылшын тілін үйренуге деген қызығушылық күн санап артуда. Оған себеп – барлық дерлік саладағы талап пен бәсекелестік және жас буынның жаңашылдыққа құштарлығы деп білемін. Ағылшын тілін игеру арқылы көптеген есікті ашуға, белестерді бағындыруға болатыны баршаға мәлім. Қарапайым мысал – әлемдегі үздік білім ордалары ағылшын тілді мемлекеттерде орналасқандығы және шет мемлекетте білім алу тек білім көкжиегін ғана емес, жалпы жаһандық көзқарастың траекториясын да кеңейтетіндігі ағылшын тілін білудің ең басты артықшылығы деп айтар едім. Сонымен қатар, ғылыми жаңалықтар мен жаңашылдықтар алдымен ағылшын тілінде жарық көргендіктен, «әлемнің озық ойлы азаматы болып, көш бастаймын» деген кез келген жас үшін бірнеше тіл білу кедергі емес. Өзім де ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгеріп, болашақ ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері мен аудармашыларға тіл үйрету жолында қызмет етіп жүрген жайым бар. Студенттерімнің ойымен айтар болсам, ағылшын тілі бірнеше мамандық иесі болуға жол ашатын кілт іспеттес: «мұғалім де, аудармашы да, елші де, тіпті борт серік те болуға болады» дейді олар.

– Ғылымға қандай жаңалық әкелу ойыңызда бар, өзіңіз зерттеп жүрген тақырыбыңыз арқылы ғылымға қандай үлес қосасыз?

– Білім саласында қызмет етіп жүрген жылдар ішінде бірнеше түйткілді мәселелердің бар екендігін көріп, докторлық диссертациямның тақырыбын да елдің зияткерлік капиталы мен әлеуеті төңірегінде алдым. Бұл тақырыптың қамту аумағы мен масштабы өте кең. Ал қысқаша айтар болсам, зияткерлік капиталдың компоненттері болып табылатын елдегі білім мен ғылым мәселелерінің бірінің шешімі менің ғылыми еңбегімнің гипотезасы болары анық. Бұл тақырыпта бірнеше ғылыми мақалаларым да жарық көріп үлгірді. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған журналдарда да бірнеше мақалам жарияланды. Әрбір зерттеу жұмысымның артында негізгі триггер – Абай атамыз айтпақшы, ғылымның «кетігін» тауып, қалануға деген ұмтылыс, еліміздің даму жолында еңбек етуге жетелейтін патриоттық сезім мен ниет жатыр.

– Тіл білу арқылы қандай жетістіктерге жеттіңіз, шетелге шығуға мүмкіндік болды ма, қанша елде болдыңыз?

– Әрине, ағылшын тілінің мен үшін ашқан есігі сансыз. Әлемде бізден де басқа елдердің бар екендігін, мәдени-тілдік қарым-қатынас ерекшеліктерін, олардың ұқсастығын, тұлғалық дамудың көп бөлігіне мүмкіндік берген негізгі құрал – ағылшын тілі деп анық айта аламын. Тіл білу арқылы әлемнің үш мемлекетінде білім алып, басқа да бірнеше мемлекеттерде білімімді жетілдірдім. Соның ішінде Еуропаның орталығында, Польша елінің Лодзь қаласында орналасқан University of Lodz университетінде бір семестр академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алсам, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде докторантурадағы шетелдік кеңесшімнің жетекшілігімен тағылымдамадан өттім.

– Сыр елінің іргелі оқу орнының өзге ЖОО -нан ерекшелігі қандай деп ойлайсыз, бүгінде факультетте қанша студент білім алады? Болашақ студенттерге мамандық таңдауда қандай кеңес бересіз?

– Білімнің қара шаңырағы, Сыр еліндегі белді де беделді оқу орны – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті бүгінгі күні өте маңызды тарихи өзгерістерге толы кезеңдерді өткеруде. Атап айтқанда, QS World University Rankings 2024 бойынша, әлемнің үздік университеттер арасындағы позициясы едәуір көтеріліп, 12-14-ші жүздіктің қатарынан табылды. Сонымен қатар, UI GreenMetric-ның рейтингі бойынша, 2023 жылы әлемнің ең тұрақты 1015-ші университеті атанды. Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі (АРТА) өткізетін ҚР жоғары оқу орындары сұранысының тәуелсіз рейтингі – 2024 қорытындысы бойынша Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті 7 орынға ие болды. ҚР жоғары оқу орындарының Бас рейтингі ТОП-20 құрамына енді. Сонымен қатар, студенттерге шет елдерде оқуға, білімін жетілдіру мүмкіндіктері жасалған, яғни университетіміздің 30 елде 125 халықаралық серіктесі бар. Осындай мүмкіндіктер мекені мақтануға әбден лайықты. Мен қызмет етіп жатқан Гуманитарлық-педагогикалық институттың өзінде бүгінде 2000-ға жуық студент білім алуда. Университет қабырғасын аттамас бұрын болашақ студенттер алдағы 10-15 жылдықта еңбек нарығының ең қажет ететін мамандықтар тізімі талдамасын жасап алуға кеңес берер едім. Әрине, ішкі жан қалауы, арман-мақсат бірінші орында. Дегенмен, технологияның дамыған «ақылды» қоғамда өмір сүріп жатқандығымыздан, біздің де іс-әрекетіміз бір екі қадам алда болуы қажет деп ойлаймын.

– Туып-өскен отбасыңыз, өз отбасыңыз туралы айтсаңыз?

– Қасиетті туған мекенім – Тереңөзек. Осында ата-анам мен әжемнің тәрбиесімен сусындап өстім. Әкем – Әбдіқайыр Әбенов, автогрейдерші, кез келген техниканың тілін табатын маман, ірі компанияда адал еңбегімен ұзақ жылдар бойы қызмет атқарды. Математика мен шахматқа деген қызығушылығымды оятқан бірден бір тұлға. Анам – Ләззат Искендирова, жеке кәсіпкер, 25 жылға жуық уақыт бойы аудан халқына қызмет етуде. Экономикаға қызығушылығым, жалпы коммуникациялық қабілетім анамнан десем болады. Үйдің үлкенімін, артымнан ерген үш бірдей сіңлім бар. Қазіргі кезде өзім де отбасын құрып, екі қыз тәрбиелеп отырмын.

– Сұхбатыңызға рақмет, докторлық диссертацияңызды сәтті қорғап шығуыңызға тілектеспіз!

Сұхбаттасқан
Бибісара ЖАНӘЛІ

22 қазан 2024 ж. 220 0