Орман шаруашылығы экологиялық жағдайды жақсартады
Орман шаруашылығы – экономиканың бір саласы. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның табиғаты өте бай және алуан түрлі. Алайда орман-тоғайлар жеріміздің 5 пайызын ғана алып жатыр. Табиғаттың әр алуандығын сақтау үшін біз орман алқаптарын көбейтуіміз қажет. Бұл міндет еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де өте маңызды» деді. Күллі адамзат баласының тыныс-тіршілігі табиғатпен байланысты. Дана халқымыз «Адамның табиғатсыз күні жоқ» деп бекер айтпаса керек. Өзіне қажетті қорек пен қажеттіліктің барлығын қоршаған ортадан алады. Ал осы табиғаттың қалыпты сақталуын, аң-құстың жойылып кетпеуін орман саласы қызметкерлері қамтамасыз етеді. Жыл сайын қазан айының үшінші жексенбісі орман саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Биыл орман шаруашылығы 90 жылдық мерейтойын атап өтеді. Осы орайда, Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры Болатбек Ұлтанбекұлының сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.
– Болатбек Ұлтанбекұлы, орман шаруашылығының 90 жылдық мерейтойы құтты болсын! Ең алдымен әңгімеміздің әлқиссасын сіз басқарып отырған мекеменің тарихынан бастасақ...
– Орман шаруашылығының тарихы әріден басталады. Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі Қызылорда орман шаруашылығы бірлестігінің 1992 жылғы 27 сәуірдегі №48 бұйрығы негізінде құрылды. Қазіргі таңда орман мекемесінің аумағы Қызылорда облысы, Сырдария әкімшілік ауданының аумағында орналасқан. Мекеме құрылған жылдан бері бізге белгілісі Иван Савин, Марат Сақтапов, Болат Байсалбаев, Ораз Дүйсенов, Құдайберген Батниязов, Ғайрулла Алданазаров, Болат Дүйсекеев, Сахабадин Зиядинов, Жарбол Ешмаханов, Әлібек Рахымжанов, Болат Бисенбаев басқарды.
– Орман шаруашылығының негізгі мақсаты мен міндеті, қызметкерлердің құрамы жайлы айта өтсеңіз...
– Бүгінде Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі аудан көлеміндегі орман қоры жерлерін қорғап, тиімді пайдалану ісін жүзеге асырады. Мекемеге қарасты 236 549 гектар орман қоры жері бар. Осы жер қоры 13 айналымға бөлінген, 178 орамнан құралған. Осы жерді қорғау, молайту, тиімді пайдаланумен қатар, орман өртінің алдын алу мекеме қызметкерлерінің басты міндеті. Жалпы қазіргі таңда мекеменің штат кестесі бойынша 51 қызметкер жұмыс істейді.
– Жыл басынан бері орман қоры жерлерін молайту үшін қандай жұмыстар атқарылып келеді?
– Орманның адам өмірінде алатын орны өте жоғары. «Орманға сен қалай қарайсың, орман да саған солай қарайды» демекші, мекеме қызметкерлері орман қоры жерлерін молайту үшін қажырлы еңбек етіп келеді. Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында бес жыл ішінде орман қоры аумағында 2 миллиардтан астам ағаш отырғызу тапсырылды. Ағаштарды отырғызуды қамтамасыз ету жөніндегі осы тапсырманы орындау үшін Орман шаруашылығы мекемесінің тұқымбағында 10 гектар қара сексеуіл егіліп, Арал ұлтанына қазіргі таңда қара сексеуіл көшеті мен тұқымын және қарабарақ тұқымдары жинап жіберілуде. Атап айтқанда, көктемде көшет қазу бойынша мекеме тұқымбағынан 635 000 дана сексеуіл және басқа да ағаш көшеттері қазылды. Оның 626 000 дана сексеуіл көшеті Арал теңізінің құрғаған ұлтанына егуге жіберілді. Қалған 8600 дана әртүрлі ағаш көшеттері кент және елді мекендерге акция кезінде тегін таратылды. Сондай-ақ, мекеменің №9 аялдама саябағында көктемгі ағаш егу, жер жырту, жеміс ағаштары отырғызылып толықтырылды. Мұнан бөлек, 1 га питомниктің 0,5 га сеппе бөліміне 80 кг қарағаш пен 50 кг үйеңкі тұқымдары егілсе, 0,5 га мектеп бөліміне 4000 терек, 4000 жиде, 12 000 сыр талы ағаштарының қаламшалары отырғызылды.
– Орман табысы бойынша не айтасыз?
– Биыл орман қоры жерінен халыққа отынға пайдаланатын 333 шаршы метр жыңғыл ағашы босатылды. Орманды жанама пайдалану бойынша 49 адамға мал жайылымдық жер берілсе, бақшалық көкөніс егу үшін 2 адамға жер үлестірілді. Сонымен қатар, ара ұялары, омарта орналастыру үшін де сырдариялық 4 адамға жер берілді. Осы жұмыстың нәтижесінде барлық орман табысы бойынша жыл басынан 1 362,38 мың теңге бюджетке түсірілді.
– Аталған мекеменің негізгі қызметтерінің қатарында орман өртінің алдын алу және болдырмау жұмыстары да бар. Орман өртінің алдын алу үшін қандай жұмыстар атқарылып келеді?
– Өрт қауіптілігінің алдын алу жұмыстары қатаң жүргізілуде. Мекеме теңгерімінде 5 трактор, 1 өрт сөндіру автокөлігі, 2 патрульдік автокөлік және т.б. техникалар нормативке сай қамтылған. Қызметкерлер байланыс құралдарымен жабдықталған. Мекеменің материалдық техникалық базасы жыл сайын жаңартылуда, 2024 жылы жыл басынан өрт сөндіру автокөлігі, 1дана автокөлік JAK, 6 дана мотоцикл, пилоттық дрон алынды. Жыл соңына дейін қосымша 2 автокөлік Нива мен трактор алу жоспарлануда. Төтенше жағдай орын алған жағдайда 7 техника, 7 өрт сөндіруші жұмыс жасайды. Орман күтушілері мен өрт сөндірушілері байланыс құралдарымен қамтылған. Өртке қауіпті маусымдарда тәулік бойы кезекшілік мекеме ғимаратында және өрт бақылау мұнарасында ұйымдастырылады.
Жыл басында полиция бөлімі, төтенше жағдайлар бөлімі, №12 өрт сөндіру бөлімі, қоғамдық даму бөлімімен бірлесіп сәуір айында орман өртінің алдын алу оқу-тактикалы жаттығу іс-шарасы ұйымдастырылады. Жыл басынан бері мекемеде орман өрті тіркелген жоқ.
– Табиғат сақшылары орман қорғау бойынша қандай жағдайларға ерекше мән береді?
– «Орман – ел дәулеті, жер сәулеті» деп бекер айтпаса керек-ті. Бүгінде табиғат сақшылары орман қорғау бойынша нәтижелі жұмыс атқаруда. Орман қоры жерін 24 қызметкер күнделікті бақылауда ұстайды, 5 техника мен жекелеген құрал-сайман дайындықта тұр. Оның ішінде, браконерьерлерге қарсы күрес шараларын күшейту мақсатында аудандық полиция бөлімі, облыстық инспекциясымен жедел топтар құрылып, бірлескен рейдтер ұйымдастырылып келеді. Нәтижесінде 13 жағдай анықталды. Сонымен бірге, әр ауылда орманшылар қызылмия тамырын, ақбөкен аңын, сексеуіл ағашын қорғау үшін тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Аң аулау заңдылықтарын бұзу бойынша 11 жағдайға хаттама толтырылып, заңбұзушыларға олжалаған аң құсы болмағандықтан 8 жағдайға ескерту шарасы көрілді. Қалған 3 жағдай бойынша 27690 теңге айыппұл және 83070 теңге келтірілген шығын толық өндірілді. Оған қоса, жыл сайынғы акция барысында балық шабақтарын қорғау, қыс мезгілінде су айдындарында мұзды ойып, қамыс қою арқылы балықтардың дем алуына жағдай жасау жұмыстары уақытылы атқарылуда. Мекеме бойынша жабайы аң-құстарға биотехникалық шаралар жасау мақсатында бірінші тоқсанда орман қоры жеріне жем шашылып, есеп-санақ жұмыстары жүргізілді. Жыл басынан орман шаруашылығына байланысты өзге де орман заңбұзушылықтарынан 2 жағдай тіркелді. Мекемеге қарасты мемлекеттік орман қоры жерлерінде заңсыз есірткі егуге, өсіруге жол бермеу мақсатында мекемеде қызметкерлері арасында арнайы жиналыс өткізіліп, орман қорының жері жіті бақылауға алынған. Орманшылықта шеберлік учаскелер шеберлері және орман күтушілері бекітілген айналымдарды күзету, қадағалау жұмыстарына ерекше мән беруде. Әр орманшы өздеріне қарасты орман қоры жерлерінде орналасқан елді мекендерде заңсыз есірткі егу, өсіру, оны пайдаланбау керектігі жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бүгінгі күні мекемеге қарасты орман қоры жерлерінде есірткі алқаптары анықталған жоқ. Сондай-ақ, біз осы орман қоры жерлерін мақсатты пайдалануды жолға қойып, аң-құсты жаппай қыруға жол бермейміз. Және де алдағы уақытта да жоспарға сәйкес жұмысты жалғастыра беретін боламыз. Осы ретте, орман және жануарлар дүниесін қорғауда тынымсыз еңбек етіп жүрген әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтап, табыс тілеймін!
– Сұхбатыңызға рақмет.
Әңгімелескен
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА