Орман шаруашылығы экологиялық жағдайды жақсартады
Аймақтың экологиялық жағдайын жақсарту үшін орман шаруашылығын дамыту өте маңызды. Бүгінде орман шаруашылығы мекемелерінде орман өсіру мен көгалдандыру жұмыстарына қажетті сексеуіл мен саялы ағаш көшеттерін өсіретін 158 гектар уақытша орман тұқымбақтары ұйымдастырылуда. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Сермағамбетов мәлімдеді.
– Облыс аумағында мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы көлемі 7,0 млн гектарды құраса, оның 3,8 млн гектары орманды алқаптар болып табылады. Ал, орманды алқаптың 83 пайызы негізгі орман құраушы сексеуіл ағаштары алып жатыр. Облыстағы ормандарды қорғау, молықтыру, сақтау және орман өртін алдын алу мақсатында 8 орман шаруашылығы мекемелерінде 729 қызметкерлер жұмыс жасап жатыр. Мемлекет Басшысының Арал теңізінің құрғаған табанында 2021 - 2025 жылдар аралығында жалпы аумағы 1,1 млн гектар жерге орман мелиорациялық екпелер егу тапсырмасын орындау мақсатында 2021 жылы 101 мың га жерге, 2022 жылы 250 мың га жерге, ал өткен жылы 193,2 мың га жерге жүргізілсе, биыл көктемде 65 мың га жерге жүргізілді. Қалған көлем агротехникалық талаптарға сәйкес күз айында орындалатын болады. 2024-2025 жылдары барлығы 556,2 мың гектарға фитоорманмелиорациялық жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Айта кетейін, қала және елді мекендердің жасыл белдеу көлемін ұлғайтумен қатар, қала, елді мекен көшелерін көгалдандыруға қажетті ағаш - бұта көшеттерін орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарынан «Таза Қазақстан» акциясына беріліп келе жатыр. Өткен жылы «Таза Қазақстан» акциясына 88 345 дана саялы ағаш көшеттері босатылған болатын. Биыл науқан аясында 145 486 дана саялы ағаш көшеттері босатылды,- деді Серік Сағитжанұлы.
@ Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі