Үлкен әулеттің шамшырағы
Ауылдың тыныс-тіршілігі белгілі. Бос жүрген ешкімді таппайсыз. Бірі малдың, бірі үйдің қамымен әлек болса, енді бірі ас-ауқат әзірлеп, қонағын күтуге дайындалып жатады. Боранкүл Келісованы іздеп, шаңырағына барғанымызда осындай тамаша көрініске куә болдық. Ұлы мен немерелері үйдің қоршауын жаңалап жатса, келіні үйдің ішкі шаруасымен айналысып жатыр екен. Ал ардагер ананың өзі үлкен үйдің көлеңкесінде кезекті намазын оқып жатыр екен. Шамасы бұл екінті намазы...
Иә, біз екінті намазының уақытысында барыппыз. Ардагер ананың сәждеге бас иіп, Жаратқанға қол жайып, дұға тілеп жатқаны ерекше әсер етті. Бұқар жыраудың 11 тілектен тұратын өсиеті ойыма түсті. Сонда «Бесінші тілек тілеңіз, бес уақытты бес намаз, біреуін қаза қылмасқа» деп жырлайтын еді ғой. Сол секілді әр намазын қаза қылмауға тырысатын намазхан анаға қарап, құрметім бұрынғыдан да арта түсті.
Біз білетін Боранкүл Келісова 1951 жылдың тумасы. Сәуірдің 15-інде дүниеге келіпті. Негізі Қармақшы ауданының Қармақшы ауылында туған. Әкесі Келіс Жирентаев шаруашылық жұмысын ілгері сүйреген белгілі малшы болыпты. Анасы Нұрхан Махатқызы сауыншы болып еңбек еткен.
«Негізі көп ағайынды болғанбыз. Бірақ бәрі шетінеп кете берген. Содан 1941 жылы туған Әскербек ағам екеуміз ғана аман-есен адам болғанбыз. Ол қиын кезеңдер еді ғой. Менің атымды көрші үйде тұратын Қынаш есімді әжей қойыпты. Мен туғанда қатты боран болған екен. Сәуірде болған боранды кім көріпті?! Содан сол боранның әсерінен менің де есімім Боранкүл қойылған» деп еске алды балалық шағын ардагер ана.
Кейіпкеріміз өзінің шыққан тегі, өскен ортасы, отбасы туралы әріден сөз қозғап, асықпай әңгімеледі. Әңгіменің өзегі екінші дүниежүзілік Ұлы Отан соғысына барып тірелді. Иә, бұл сұрапыл соғыс бір емес, миллиондаған отбасына кері әсер етті ғой. Майдан салған тауқымет Боранкүл апаның да отбасын айналып өтпеген. Қысқаша айтсақ, Әбсаттар атты азамат болыпты. Ол кісі майданға кетіп, жау әскерімен болған кескілескен шайқастардың бірінде мерт болады. Сөйтіп артынан қаралы қағаз келеді.
Боранкүл апаның анасы Нұрхан осылайша жастай жесір болып қалады. Қиын тағдыр, бірақ көнбеске шара да жоқ. Содан арада уақыт өтеді... Бірнеше жылдан кейін үлкен кісілер өзара ақылдаса келе жас келінді Келіс есімді азаматпен қосады. Ол майданнан оралмаған Әбсаттардың қыз алыспайтын жақыны еді. Сөйтіп жаңа өмір басталады. Әрі қарай тереңдеп айтқысы келмеген ананың бейнесіне қарап, әңгіме ауанын өзге арнаға бұрдық. Әрі қарайғы сұхбатымыз мектепте білім алған кезеңі, студенттік жылдары мен еңбек жолына арналды.
«Есепші болуды қатты армандадым» дейді Боранкүл апа. Қармақшы ауылындағы орта мектепті 1967 жылы бітіргеннен кейін сол арманына қанат бітіріп, Н.Гоголь атындағы институтқа құжат тапсырады. Бірақ оқуға түсе алмай қалады. Оқуға түсе алмадым екен деп қол қусырып отыруға тағы болмайды. Сөйтіп ауылға келіп шаруашылықта жұмыс істейді, қой шаруашылығымен айналысады. Кейін шаруашылықтың есепшілер бөліміне ауысады. Ол кезде бас есепші Қанибек Молдабеков болатын. Бір жылдан кейін Алматы ауылшаруашылық институтына тағы да құжат тапсырады. Алайда, тағы да оқуға түсе алмайды. Бірақ алға қойған мақсатына жетпей қоймайтын жалынды жастың қарым-қабілеті мен құлшынысы өмірден өз орнын табуына жол ашады. Осы жылдар аралығында ТУ-8 техникалық училищесінде білім алып үлгереді. Қызылорда мен Алматыға құжат тапсырып, оқуға түсе алмаған Боранкүл апа өзінің мықтылығын мойындатып, Ресейдің сонау Ростовск облысында білім алады. Мұнда Новочеркасск қаласындағы инженерлік-мелиоративтік институында оқиды. Бұл 1970 жыл еді.
– Алматыдан екі студент, Сыр елінен өзім, барлығы үш қазақстандық азамат оқыдық. Алғашында орысша білмейтін едік. Кейін үйреніп кеттік. Оқу оқып жүріп, анама хат жазғанмын. Менің Ресейдің сонау Ростовск облысында білім алып жатқанымды естіген анам шошып кетіпті. Содан «қызым сонда қалып қоятын болды, келмейтін болды» деп мені ойлап жылай беріпті. Жылауының соңы көз ауруына ұшыратып, көзі де көрмей қалыпты. Бірінші курсты аяқтап, ауылға келгенімде шешем қояр да қоймай мені оқуға жібермей алып қалды. Анамның айтқанын істеп, оқу орныма хат жазып, құжаттарымды кері қайтарып алдым. Әрі қарайғы өмір жолым еңбек жолыммен ұштасып жатыр. Қаладағы орталық алаңның жанындағы «Көктем» дүкенінде кассада жұмыс істедім. Комсомолдардың совхозтехникумына оқуға түсіп, 1973-1975 жылдары «Бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша қызыл диплом иелендім. Мамандығым бойынша шаруашылықта жұмыс істедім. Ол кезде төраға Алдаберген Бисенов, бас есепші Кәрім Сүлейменов, бас экономист Зейнел Искаков еді, – дейді Боранкүл Келісова.
1980 жылы ауылдық советте орталықтандырылған есеп бөлімі құрылады. Ол кезде заңдылыққа сәйкес бас есепшінің аудандық қаржы бөлімінің басшысы тағайындайды екен. Әсербай Айкупешовтің бұйрығымен тағайындалған Б.Келісова бұл қызметті 1997 жылға дейін абыроймен атқарады. 1998 жылдан бастап 2013 жылға дейін мектептің бас есепшісі болады. Бірнеше мектеп директорымен бірге жұмыс істеп, ұжымның абыройы үшін нәтижелі еңбек етеді. Білікті маман, іскер ұйымдастырушы ретінде ұжымның құрметіне бөленеді. Облыстық білім басқармасының, аудандық білім бөлімінің Алғыс хаттарымен марапатталған. Қазір де еңбек ардагері ретінде шаруашылықтың, мектептің қадірлі зейнеткері.
Еңбекте үздік маман атанған Боранкүл Келісова өмірлік жары Жалғасбай Мәлібековпен бірге 5 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсірген. 10 ағайынды үлкен отбасынан шыққан Жалғасбай ағамыз 2013 жылы өмірден өткен. Ол кісі зоотехник болып еңбек етіпті. Екеуі оқу оқып жүріп танысқан. Үлкен қыздары Гүлдана №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектепте бас есепші екен. Клара мектеп жанындағы шағын орталықта тәрбиеші болса, Ұлдана Қызылорда қаласындағы №278 мектепте ұстаздық қызмет атқарады. Алуа №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектепте директордың бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары болса, Олжас – жоғары білімді психолог маман. Ал кенже қызы Жадыра Астана қаласында денсаулық сақтау саласында еңбек етеді. Ұл-қыздарынан 30-ға жуық немере, 10-нан астам шөбере сүйіп отырған Боранкүл апа «ендігі арманым ұрпақтарымның денінің саулығы, олардың елдің дамуына қосқан үлесін көру» дейді.
«Ақ әжелер» ансамблінің белді мүшесі өнерге бала күнінен жақын екенін айтты. Оқушы, студент кезінде түрлі іс-шаралар мен байқауларға қатысыпты. Кейін тұрмыс құрған соң отағасы өнер көрсетуіне рұқсат бермепті. «Мені қызғанған шығар, көп рұқсат бермейтін. Бертін келе ғой сахнаға шығып, ән айтып жүргенім. Жанат Шайзадаева шақырды, сөйтіп ансамбль құрамына мүшелікке қабылдандым. Оған еш өкінбеймін. Талай қала, аудан, ауыл араладық. Жақсы іс-шаралардың басы-қасынан табылдық. Марапаттарымыз да бар. Ансамбльдің ауылдың тарихында, жетістігінде алатын орны ерекше. 15 жылдығымызға орай кітап шығаруға қолдау білдіріп жатқан азаматтарға айтар алғысымыз шексіз. Аналарымыз, әжелеріміз аман болсын» дейді Боранкүл апа аппақ пейілімен.
Біздің сұхбатымыз аяқталған тұста ауыл мешітінен азанның дауысы естілді. Бұл Ақшам намазының уақыты еді. Бізді риза пейілмен шығарып салған Боранкүл апамыз жайнамазын жайып, келесі намазын оқуға дайындалып жатты. Тілегіңіз де, дұғаңыз да қабыл болсын деген ниетте біз де көңіліміз толып жолға шықтық...
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ