Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұқар жырау айтқан өсиет

Бұқар жырау айтқан өсиет

Атақты Бұқар жырау бабамыздың он бір тілектен тұратын өсиеті бар. Сол он бір тілекте өмірдің ең қымбат, ең мағыналы, ең қажетті тұстары көркем тілмен керемет баяндалған. Он бір тілек орындалса, Отанымызда да, отбасымызда да береке-бірлік пен көркем тірлік орнайды деп білеміз. Сіздердің назарларыңызға бабамыздың он бір тілегін ұсынамыз.

Бірінші тілек тілеңіз:
Бір Аллаға жазбасқа.
Екінші тілек тілеңіз:
Әзәзіл пасық залымның
Тіліне еріп азбасқа.
Үшінші тілек тілеңіз:
Үшкілсіз көйлек кимеске.
Төртінші тілек тілеңіз:
Төрде төсек тартып жатпасқа.
Бесінші тілек тілеңіз:
Бес уақытты бес намаз
Біреуі қаза қалмасқа.
Алтыншы тілек тілеңіз:
Алпыс басты ақ орда,
Ардақтаған аяулың.
Күнінде ертең біреуге
Тегіннен тегін олжа болмасқа.
Жетінші тілек тілеңіз:
Желкілдеген ту келіп,
Жер қайысқан қол келіп,
Сонан сасып тұрмасқа.
Сегізінші тілек тілеңіз:
Сегіз қиыр шар-тарап,
Жер тұлданып тұрмасқа.
Тоғызыншы тілек тілеңіз:
Төреңіз тақтан таймасқа,
Тоқсандағы қарт бабаң
Топқа жаяу бармасқа.
Оныншы тілек тілеңіз:
Он ай сені көтерген,
Омыртқасы үзілген,
Аязды күнде айналған,
Бұлтты күнде толғанған,
Тар құрсағын кеңейткен,
Тас емшегін жібіткен,
Анаң бір аңырап қалмасқа.
Он бірінші тілек тілеңіз:
Он бармағы қыналы,
Омырауы жұпарлы,
Иісі жұпар аңқыған,
Дауысы қудай саңқыған,
Назыменен күлдірген,
Құлқыменен сүйдірген,
Ардақтап жүрген бикешің
Жылай да жесір қалмасқа.

Фото: e-history.kz
30 сәуір 2024 ж. 153 0