Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№87 газет

02 қараша 2024 ж.

№86 Газет

29 қазан 2024 ж.

№85 газет

25 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Әбдуәли Қайдар: Тіл біліміндегі тың ізденістер мен мұралар

Әбдуәли Қайдар: Тіл біліміндегі тың ізденістер мен мұралар

Саналы ғұмырының жарты ғасырынан астам уақытын тіл білімі саласына арнап келген, жастарға тіл білімінің қыр-сырын үйреткен, қазақ этнолингвистикасының негізін салушы, қазақ тіл білімінің көрнекті маманы, белгілі түркітанушы ғалым Әбдуәли Қайдардың туғанына биыл - 100 жыл.

Әбдуәли Қайдардың 100 жылдық мерейтойы – қазақ тіл білімі мен түркітану саласындағы ғалымдар мен зерттеушілер үшін ерекше маңызды.

Академик Әбдуәли Қайдар - қазақ халқының тіл білімінің дамуына зор үлес қосқан айтулы тұлға. Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қазақ тілінің мәртебесі үшін қызмет етіп, Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының президенті болды.

Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беруге бағытталған тіл саясатының қалыптасуына академик Ә.Қайдардың тіл маманы, қоғам қайраткері, тұғыры биік азамат ретінде атсалысқаны қалың жұртшылыққа белгілі. Академиктің ғылыми шығармашылығының өзекті бір саласын оның мемлекеттік тіл проблемасына, тіл заңына, тіл экологиясына байланысты көптеген көкейкесті мәселелері құрай алады. Ғалым ғылымдағы өзінің үздік өнегесімен ғана емес, сонымен қатар ол еліміздің рухани-мәдени, саяси-әлеуметтік, қоғамдық өміріне де белсене араласып, бұл салада да азаматтықтың жоғары деңгейінен көрінді.

Әбдуәли Қайдар ғылыми еңбектерінің ішіндегі түркі тілдері мен қазақ тілінің фонетика, грамматика, лексика, фразеология салалары бойынша іргелі еңбектер жазған. Ол - қазақ тілінің синтаксисі бойынша бірнеше монографиялар мен оқулықтардың авторы.

Ғалым бір буынды түркі түбірінің жеке-дара лексема ретінде дербес қолданылуы жөнінде сондай-ақ бұл мәселеге байланысты түркологияда қалыптасқан «түркі түбірі әрқашан да айқын-анық қолданылады» деген пікірдің қате екендігін дәлелдей келіп, автор бұл тұрғыдан барлық бір буынды түбірлерді «өлі түбір», «мағынасы күңгірттенген», «қолданысы туынды сөз тұлғасыммен шектелген», «бір текті және әр текті түбірлер», «екі ұдай мағыналы синкретті түбірлер» деп жіктеп қарастырады.

Тілді табиғатпен байластырып, «гүлдеп өскен жапырақтарды күн сайын тілде туындап жатқан жаңа сөздер» деп балаған Әбдуәли Қайдар өзінің «Ғылымдағы ғұмыр» кітабының «Түбі бір түріктің – түбірі де бір» зерттеуінде түбір сөздерді ашып айқындаған.

Ғалым еңбектерін ақтарып, тіл саласындағы зерттеулерін қарар болсақ, толассыз мәліметтер жинауға болады. Алайда, ғалым әр сөздің түбір нұсқасын жекелей алып, 20-30-дай туынды тұлға көрсетеді. Бұл дегеніміз – біз жазып тауыса алмайтындай зерттеулер. Мәселен, «шап» деген етістік түбірінен туындаған 20 шақты туынды тұлғада былай көрсетеді.

Шап - шабу, шаптығу, шабарман, шабуыл, шапқыншы, шаппа шот, шап ете түсу, шап беру, шап ете түсу, шап беру, шабыт, ат шабу, балта шабу, шалғы шабу, көңілі шабу, айға шабу деген сөздер шыққанын дәлелдеген.

Ғалымның кезекті талдауы бәріміздің назар аударсақ, құлағымыз естіп үйренген «Алматы» атауын бүгінде «Алма-ата» деп те атайтынын естіп жүрміз. Алайда, «Алматы» - қазақ халқының жүрегінен қайнап шыққан, өз тілінің сөзжасам үлгісі бойынша дүниеге келген көне де байырғы қазақы атауларының бірі. Бұл атау - «алма» сөзіне –ты, -ті қатысты сын есім жұрнағының ең көне қатаң нұсқасы жалғануы арқылы жасалған атау. Көріп тұрғанымыздай, бұл атау құрамында ешқандай «ата» деген сөз жоқ. Демек, «Алма-ата» - «отец яблоки» деп түсіндіру қате екендігін көрсетеді. Сондықтан тосын құлақ үшін қаншама жағымды естілсе де, алма мен ата қатар тұра алмайды, бұл- алогизм.

Бүгінгі таңда Яссауи сөзінің де жазылуы көпшілік тарапынан сұрақ туындатып жүр. Ясауи ме, Иассауи ме? Бұған жауап беру үшін ғалымның тағы бір зерттеуіне жүгінеміз.

Бұл атау көбінесе Әзірет Сұлтан Қожа Ахметтің есіміне қосылып, кейінгі жылдарға дейін Қожа Ахмет Ясауи түрінде жазылып келді. Алайда, соңғы жылдары бұл атауды жазуда бірізділік байқалмай келеді. Ол: Ясауи, Яссауи, Йасау, Йассауи, Иассауи, т.б. жазыла бастады. Мәселен, Түркістан қаласында шыққан бір ғылыми жинақта «Яссауи тағылымы» деп дұрыс жазылса, жақында Түркияда басылып шыққан Қожа Ахметтің хикметтері «Қожа Ахмет Иасауи» деп берілгендігі көп зерттеулерде айтылып жүр. Түркістан қаласындағы университет өз атауын «Қожа Ахмет Яссауи» атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті деп жазған.

Меніңше, ең алдымен тіл заңдылығына жүгінген дұрыс: археологтардың ресми қолданып, барлық тарихи бұлақтарда жазылып келген бұл қаланың аты –Ясы. Олай болса, екінші «С» дыбысының бұл сөзде пайда болуы заңсыз екендігін айтады (Сөздің басындағы қосарлы дыбыс [й-йот және ашық дауысты дыбыс] белгісі кирилицада «Я» әрібі (таңбасы) арқылы берілетінін мойындасақ, онда қолданып жүрген ережеміз бойынша Йаса, Йасса, Иасса, Иаса емес, Яса түрінде жазғанымыз жөн. Ғалым осы тұста ұқсас сөздерді де атап көрсетеді. Мысалы, Яса+у-и, Тақа+у-и, Маға+у-и т.б.

Ел аралап, бейтаныс жерлерді көріп, саяхат шегетін адамдарды «саяхатшы» деп атайтынымыз мәлім. Ал осы тұрғыда академик Әбдуәли Қайдар не дейді екен? Саяхатшыдай болмаса да, сол сияқты ел-елді аралап, сол елдердің тілінде өзінің ізін, яғни «қолтаңбасын» қалдырып жүрген сөздерді де саяхатшы деуге болатынын алға тартып, «саяхатшы» сөзін кеңенен талқылайды. Бүгінгі таңда қолданылуы сиректеп, көнере бастаған бірақ кешегі діндарлар тілінде жиі кездесетін «бірадар» сөзін ғалым «саяхатшылар» қатарына жатқызады. Себебі бұл сөздің екі түрлі мағынасы барын байқаймыз. 1) «жақын ағайын, досжар адам» және 2) «дін жолында бірге жүріп, Аллаға мінажат етушілер». Зерттеулерге сүйенсек, бұдан 5 мың жыл бұрын үнді-еуропа тілінде бхратэр деген сөз болған екен. Ол « ағайын, туыс» (яғни «брат») мағынасында қолданылған. Қанша жерді шарлаған осы сөз әр түрлі өзгерістерге түссе де, өзінің түпкі мағынасын сақтап отырған. Ұлыбритания елінде brother (бродер, және раl (пэл) деген екі сөз қалған. Бұл сөз «жолдас», «дос-жаран», «ағайындас» деген мағынаны білдеретін төркіндес сөздер.

Бірадар сөзі ағылшындар елінде ғана қолданылып шектелмейді. Сонымен қатар, көне латын, грек, ирланд, гот тілдерінде өз «ізін» қалдырған. Қай елге тараған нұсқасын қарасақ та, өзінің негізгі мағынасын жоғалтпаған «саяхатшы» сөзі халықтарды жақындастыру, туыстастыру, достару үшін атқарған қызметіндей байқауға болады. Оған осы талқылауларымыз дәлел бола алады. Көне үнді-санскриттен шығып Евразия елдерін түгел аралап оның лингвистикалық картасына өзінің атын қазақ тілінде бірадар «бірәдәр, орыс тілінде брат, ағылшын тілінде brother деп жазып, барлығында да ортақ «жақын туыс, жора-жолдас» деп түпкі мағынасын жоймай келе жатыр.

Ғалым зерттеулері біз үшін мол мұра. Ондағы мәліметтер арқылы дау болып жүрген сұрақтардың жауабын табатынымыз рас. Академик Әбдуәли Қайдар жалпы тіл ғылымының, оның ішінде түркітану, қазақ және ұйғыр тілдерінің қыры мен сырын әлем жұртшылығына таныта білді.

Ә.Қайдардың ғылыми-шығарма¬шы¬лық жұмыстары тек академиялық институт шеңберімен шектеліп қалмаған. Ол өзінің өрісті ойын өсіп келе жатқан жас толқын мамандар арасына салып, сыннан өткізіп, керісінше, жастардың ой-өрісі, өмірлік тыныс-тіршілігін сезіну арқылы шынайы қоғамдық қатынастарға жақын болған ғалымдардың бірі.


Әбдуәли Қайдардың 100 жылдығы – қазақ тіл білімі мен түркітану саласындағы маңызды кезеңдердің бірі. Ғалымның мұрасы бүгінгі күнде де өзекті болып, оның еңбектері жас зерттеушілер мен ғалымдар үшін құнды дереккөз болып табылады. Әбдуәли Қайдардың ғылыми мұрасы мен оның қазақ тіліне қосқан үлесі ұмытылмауы тиіс және келешек ұрпаққа жеткізілуі керек.

Осы ретте, Облыстық тілдерді оқыту орталығы өз парақшасында ғұлама ғалымдардың өмірі мен тың еңбегін насихаттап, «Тіл - ғұмыр» және «Ғылымдағы ғұмыр» атауларымен ақпараттық айдарлар жариялап отыр. Ондағы мақсат, қазақ тіл білімінде сандық көмегі мен сапалық құндылығы тұрғысынан көш басында тұрған біртуар тұлғалардың көпшілік біле бермейтін мәліметтерді көпшілік назарына ұсыну.

«Біз үшін тіліміздің мемлекеттік мәртебесін заңдастырып қою – аз. Оны академик Ә.Қайдаров, С.Елубаев құсап қолдау, қажет болса, қорғау керек» деп Ә.Әбішев ғалымның тілге қосқан ерен еңбегін бір ауыз сөзбен көрсетіп отыр. Олай болса, алдағы уақытта иісі қазаққа, барша түркі әлеміне Әбдуәли Қайдарды тереңдете таныту керек.


АЛТЫНАЙ ОРЫНБАЕВА,
Облыстық тілдерді оқыту орталығының
ғылыми-әдістемелік бөлімінің басшысы

11 қазан 2024 ж. 106 0