Елдігімізді білдіретін кез келді
Қазір елімізде маңызды саяси науқанға үлкен дайындық жүруде. Бұл жайында бұқаралық ақпарат құралдары ел-халыққа жариялап, алдағы айда өтетін бүкілхалықтық референдум жайын талқылауда. Аудандық газеттің тұрақты оқырманы ретінде мен де өз ойымды, пікірімді білдіруді жөн көрдім.
Қыркүйек айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Жолдауын жариялады. Жолдауды мұқият тыңдадық. Биылғы Жолдауда мемлекетіміздің қарыштап дамуына бағытталған жаңа мүмкіндіктер туралы айтылған. Соның бірі – ел болашағы үшін жасалатын АЭС мәселесі. Өзекті мәселенің шешімін Президент халықтың дауысына салатынын айтты. Яғни референдум өтіп, халықтың пікірі ескеріліп, нүкте қойылады. Меніңше, бұл – өте дұрыс шешім. Ал елімізге АЭС керек пе деген сауал төңірегінде ел-жұртқа дұрыс ақпарат тарату маңызды. Түрлі ақпарат құралдары ғалымдар, зерттеушілермен қоса қарапайым халықтың да пікірін жариялауда. Әркім әр қалай түсінетіндіктен, мәселені жан-жақты талдап, оның ең алдымен экономикалық пайдасын, экология мен адам денсаулығына қауіпсіздігін саралап, мамандардың зерттеуіне көз жеткізу қажет.
Шын мәнінде, бізге АЭС керек. Дамыған елдің қатарына қосылуға, Жаңа Қазақстан құруға бет алған мемлекетіміздің өз атом электр станциясы болуы қажет. Өзгеден алған энергия көзіне тапшылық бола береді. Өйткені ірі өндіріс орындарын салу арқылы, оның жұмысын жүргізуге қуат көзі қажет. Сонымен қатар кеңес үкіметі тұсында салынған жылу электр станцияларының да қызмет көрсету мерзімі біткен. Сондықтан бір елде бір АЭС-тің болуы аса маңызды. Осы уақытқа дейін электр энергиясын өзге мемлекеттен тасымалдап алатын еліміз ол үшін қыруар қаржы төлейді. Ал өзімізде салынған жағдайда оның құны да қымбат болмайтыны анық. Әрине, алғашқы жылдары құрылысқа жұмсалған қаржыны өтеу үшін энергия құны жоғары болуы заңдылық. Алайда энергияны өндіретін маңызды отын уран өз елімізден шығатындықтан уақыт өте бағасы да арзандайтынына сенімдіміз. Атом электр санциясын салу арқылы өндіріс те, кәсіптің сан алуан түрі де дамиды.
Сондықтан қазан айында болатын бүкілхалықтық референдумнан қалыс қалмай, қатысып, болшаққа қызмет ететін АЭС құрылысын қолдаймын.
Сұлупан ШАМШАДИНОВА,
еңбек ардагері,
ардагер-ұстаз