Ауылдың рухани айнасы
Бүгінде әрбір ауылдағы өнер ошағы жергілікті халық үшін қалтқысыз еңбек етіп келеді. Талай таланттың бағын ашқан, өнерлі өнерпаз да, күміс көмей әнші де, мың бұралған биші де, күмбірлете күй шерткен күйші де шоғырланған киелі шаңырақ – Сәкен Сейфуллин ауылдық клубы. Осы ретте, білікті басшы, өнер иесі, ауылдық клуб директоры Дастан Палмаховпен руханият ордасының бүгінгі жай-күйі жөнінде сұхбаттасқан болатынбыз.
–Дастан Құрманғазыұлы, ең алдымен өзіңіз жетекшілік ететін ауылдық клубтың тарихынан сыр шертсеңіз...
–Иә, әр мәдениет ошағының өз тарихы болады. Сол құнды тарихтың артында қаншама еңбек, мәдениеттің мәйегіне айналған майталман мамандардың аянбай қызмет етіп келе жатқан өзіндік орны бар десекте болады. Ауылдық клуб 2013 жылы аудан әкімінің қаулысына сәйкес «С.Сейфуллин ауылдық клубы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып қайта құрылды. 2015 жылы жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Содан бері мәдениет ошағы облыстық, аудандық түрлі іс-шараларды өткізіп, ауылдағы 1631 адамға мәдени қызмет етіп келеді. Руханият ошағында 150 орындықты көрермен залы, сахна, фойе, кітапхана және бірнеше қызметтік бөлме бар.
–Мәдениет ошағында қанша қызметкер бар және өнепаздарды шыңдау барысында қанша үйірме жұмыс істеп келеді?
– Қазіргі таңда 8 білікті маман клуб жұмысын абыроймен атқаруда. Барлық клуб қызметкерлері өз ісінің білікті маманы, әрі шәкірт дайындауда аянбай еңбек етіп келе жатқан мақтаулы жетекшілер. Руханият орталығында Сейфолла Оспан, Бағдат Есназар, Нұрмат Мансұр сынды жыр алыптарын тудырған киелі мекеннен ағаларының ізін өкшелеп қуып келе жатқан жас өнерпаздар жетерлік. Клубта тұрақты жұмыс жасайтын 6 үйірме бар. Сан бағыттағы үйірменің ауыл баларына берері мол. Осындай үйірмелер арқылы қаншама оқушы өз талантымен талайды тамсандырып, сахнада еркін қалықтай білді. Атап айтар болсақ, жас қалам, қолөнер, домбыра, көркемсөз, би үйірмелері бар. Бүгінде үйірмелерге 88 өнерпаз тартылған. Оқушылардың шығармашылық негізін қалыптастыруда білікті маман А.Арыстанов, Г.Өтебасова, А.Ізімбет, Г.Байділдаева, Ж.Ізімбетова секілді мамандардың еңбегін атап өтсек болады. Сонымен бірге ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуде «Жаншуақ» әжелер ансамблі, тал шыбықтай иілген «Ай-Тұмар» би тобының бишілерінің орны ерекше.
–Ауыл өнерпаздарының жетістіктеріне тоқталсаңыз...
–Өнерлі өрендеріміз жоғары деңгейдегі байқауларға қатысып, жеңімпаз атануда. Бұл клуб үйінің білікті мамандары мен өнерлі өнерпаздардың бірлесе жасаған жұмыстарының нәтижесі. Мәселен, домбыра үйірмесінің жетекшісі А.Арыстанов «Елдік пен бірлік мұрасы» атты аудандық жазба ақындар мүшәйрасына қатысып ІІ орын, «Ұранды елдің-ұрпағы қайсар» атты аймақтық жас жазба ақындар мүшәйрасында ІІІ орын, «Ай-Тұмар» би тобы Түркістан қаласында өткен «NAURYZ FEST-TYRKISTAN 2024» I халықаралық шығармашылық өнер фестивалінде ІІ орын иеленді. Сонымен қатар, «Күмбірле домбыра» атты аудандық күйшілер байқауында Н.Кеңесбаев ІІ орын және Н.Бердібеков алғыс хатпен марапатталды.
–Cіз клубқа басшылыққа келгелі қандай жаңашылдыққа бетбұрыс жасалды?
– Мәдениет саласы – ең бірінші көрерменнің көңілінен шығатын, киелі сахнаның құдіретін барынша ұғындыратын шоқтығы биік сала. Сонымен бірге тек күнделікті іс-шарамен ғана шектеліп қалмай, әрқашан жаңашылдықты талап етеді. Осы ретте, жаңашылдық енгізу мақсатында концерттік бағдарламаны өткізу барысын өзгеше етіп ұйымдастыруды жөн көрдік. Бірінші концерттік бағдарламаны ауыл тұрығындарына ұсынып көрдік. Бір жыл ұйымдастырылған іс-шарадан жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Биыл жаз айынан бастап басқа да ауылдарға шықтық. Яғни, біз құр концерттік бағдарламаны алып барған жоқпыз. Қазіргі кезде әлеуметтік желілердің дамыған заманында құр концертпен таңғалдыру қиын. Ауылдарға шықпас бұрын біз сол ауылдың тыныс-тіршілігін зерттеп алдық. Концерттік бағдарламамен қоса балаларды қызықтыратын түрлі батут, серуендейтін машина, дәмді сусындар мен балмұздақты сатылымға шығардық. Мұндағы мақсат – концерт тамашалау әрі балаларға жақсы көңіл-күй сыйлау. Сондай-ақ, лоторея ойындары ойнатылды. Бұл өз кезегінде ақылы жоспарды орындауға және түрлі шығындарды өтеуге мүмкіндік берді.
–«Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы» тұжырымдамасы негізінде қандай жұмыстар атқарылып келе жатыр?
–«Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының тұжырымдасы аясында жыл басынан бері 33 іс-шара өткізілді. Іс-шара барысы Сұхбат Time, Әлем-BOOK, Жанұя шуағы, Кино Тime, АРТ уақыт, Креатив HUB, Еріктілер жобалары негізінде жүзеге асып келеді. «Әлем-BOOK» жобасы аясында «Қазақ халқының адал перзенті», «Сөз тұнығын терген ақын», «Тұрар Рысқұлов – ұлы тұлға», «Абай мұрасы – қазақтың алтын қазынасы» атты тақырыптық кеш өткізілсе, «Жанұя шуағы» жобасы аясында «Аналар асыл жандар», «Үлгі болар отбасы – қазағымның айнасы» атты іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Мұнан бөлек, «Кино TIME» жобасы аясында «Пейіш» кинофильмі ауыл тұрғындарына және балаларға арналған «Ұйқыдағы ару», «Сиқырлы үй» мультфильмі кішкентай көрермендерге көрсетілген болатын. Ал, «Еріктілер» жобасы аясында «Өнегелі ұрпақ» тазалық аптасы, «Сұхбат Тime» барысында «Міркемел кәлпе» мешітінің иманы Нұрлан Орынбасaрұлымен кездесу кеші ұйымдастырылды. Сонымен бірге, жақында өткен «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының тұжырымдасы аясында «Мәдениет – өнер мәйегі» атты аудандық өнер фестивалі ерекше форматта өткізілді. Бұл ретте, жиналған қауым «Адал адам» мәдени-тәрбие тұжырымдамасының 7 бағыты бойынша жасалған жұмыстарды таразылады. Ең алдымен өнер кешінің қонақтары ауыл халқының дайындаған ауқымды көрмесін тамашалады. Сахна төрінде ауыл өнерпаздары түрлі бағытта өнер көрсетті. Іс-шара барысында қыз бен жігіт айтысы, әжелер ансамбілі заманауи бағытта халық әндерінен попурри шырқады. Кеш барысында оқушылар білім саласының майталманы, біртуар азамат Бағдат Есназар туралы қойылым қойды. Сонымен қатар ұлттық киімдер шеруі көпшіліктің көңілінен шықты. Алдағы уақытта да бұл жоба аясында көптеген іс-шаралар жалғасын таба бермек.
–Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА