Ұрпақтан – ұрпаққа жалғасқан ауыл мәдениеті

Ең алдымен тарих беттеріне үңілсек Асқар ауылы ертеректе шағын 4 колхоздан тұрғаны белгілі. Кейінірек 4 колхоз біріктіріліп, «Партияның XIII сьезі» совхозы болып қайта құрылады. 1963-1964 жылдары ауыл орталығына 5-6 бөлмеден тұратын бірқабатты клуб салынып, пайдалануға беріледі. Клубтың алғашқы меңгерушілері болып Ш.Бекжанова, Ж.Маханбетов, Г.Нұржауова, Е.Ибрашевлар қызмет атқарған. Кез-келген ауылдық округте негізгі білім ошағы мектеп болса, одан кейінгі орынды ауылдық мәдениет үйі алады. Өйткені, ауыл тұрғындары жұмыстан бос уақыттарын тиімді әрі пайдалы өткізу мақсатында ауылдық клубта өнер көрсетуге мүмкіндігі бар. Мәселен, сол кезеңдердегі жезтаңдай әншілер Жамал Ысқақова, Рәш Бесбаева, Тәтті Нұрпейісова, Тұрсынай Ильясова, Мұхтар Асанов, Қантгүл Бөленбаева, Мәрия Ұзақбаева, Налытпас Жүнісов, Күлзада Төлепова, Аралбай Қалымбетов, Рысты Өкшебаевалар өнерлерімен ауылдың ғана емес, аудан халқының қошеметіне бөленіп жүрді. 1974 жылдан бастап ұзақ жыл бойы Гүлзабира Жүнісова ауылдық клуб меңгерушісі болып қызмет атқарады. Сол кезеңдерде ауыл өнерпаздары аудандық байқауларда үнемі үздіктер қатарынан көрініп отырды. Клуб ашылғаннан бастап, мұнда түрлі іс-шаралар толастамай жүргізіле бастаған.
2005 жылы ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетовтің 100 жылдығы республика көлемінде тойланған болатын. Осы мерейтой қарсаңында 150 орындық залы бар ауылдық клуб салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Клубтың екінші қабатынан ақынға арналған мұражай ашылып, онда ақынның пайдаланған заттары, киімдері, фото-суреттері, қолжазбалары және құжаттары қойылған. 2014 жылы Асқар Тоқмағамбетов атындағы ауыл клубына жаңадан басшы тағайындалды. Жалындаған жас әрі іскер басшы Әсел Ибраева ауыл мәдениетіне жаңа леп, серпін алып келді. Ауыл орталығындағы заманауи жабдықталған мәдениет ошағы ел игілігіне берілген күннен бастап ел дамуына қызмет етіп, әсіресе, мәдениеттің озық деңгейін қалыптастыруды қолға алды. Ауылдың рухани бай құндылықтарын дамыту мәселесін алдыңғы кезекке қойып, мәдениеттің мәйегін өнер арқылы дәріптеп, халықтың жүрегінен орын алуы жолында елеулі еңбек етуде.
Бүгінгі таңда ауылдық клубта 7,5 штат бойынша 8 қызметкер жұмыс жасайды. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші балаға дер кезінде бағыт-бағдар беру, қабілетін анықтау, оның бойында тасып тұрған күш-қайрат, жігерін орынды жұмсауға үйрететін ата-анасы және ұстазы. Осы орайда жас өнерпаздарды өнерге баулу мақсатында ауылдық клубта «Домбыра», «Қолөнер», «Ән салу», «Би», «Асыл ана» әжелер ансамблі, «Көркемсөз» сияқты 6 үйірмеге 70-тен аса, дәлірек айтқанда 76 адам тартылған. Қазіргі таңда үйірмеге келетін балалар саны көбеймесе, азайған емес. Балалар түрлі жарыстарға дайындалып шыңдалып, сахналарға шығып түрлі бағытта өнер көрсетіп, бірнеше дәрежелі жеңімпаз атануда. Одан бөлек 2021 жылы ауылдық клуб жанынан «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығы ашылған болатын. «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының үйірмелері халық баласын жан-жақты тәрбиелеуде. Қазіргі таңда берекесі тасыған елді мекенде 4 үйірме бойынша өнерлі өрендер кәсіби мамандардан дәріс алады. Мәселен, «Эстрадалық вокал» үйірмесінде болашақ жезтаңдай әншілерді білікті маман Әсел Ибраева дайындайды. Ал «Ұлттық би» үйірмесіне қатысушы бүлдіршіндерге Аяулым Бекболатова би өнерінің қыр-сырын меңгертеді.

– Асқар ауылының мәдениеті туралы айтатын болсақ ең алдымен біздің ауылымыздың және мәдениетіміздің мақтанышы, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Жәнібек Асанұлы жайлы сөз қозғау біз үшін парыз деп есептеймін. Өлке тарихын зерттеумен бүгінде 40-тан астам зерттеу мақалалары республикалық «Әлімсақ», облыстық «Сыр бойы», аудандық «Тіршілік тынысы» газеті беттерінде жарық көрген. Сонымен қатар бірнеше рет республикалық «Хабар», «Қазақстан», облыстық «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының «Қалжан ахун» туралы түсірілген деректі фильмі және т.б. еңбектері насихатталды. «Сырдария ауданының Құрметті Азаматы», «Мәдениет саласының үздігі» т.б. төсбелгісімен марапатталған. Жәнібек ағай ауылдық клубтың іс-шараларынан қалмай, үнемі атсалысып жүреді. Тек қана ауылда емес аудан, облыс, республика көлеміне танымал қолөнершілердің бірі, – дейді клуб директоры Әсел Қалданқызы.
Көрермендердің көзайымына айналған «Асыл ана» әжелер ансамблінде қазіргі таңда 14 әнші бар. Олардың барлығы – осы ауылдың тұрғындары. Үлгілі ансамбльдің репертуарында 30-дан аса ән бар. Ансамбль тек ауыл сахнасында ғана өнер көрсетіп қоймай, көпшіліктің сұрауымен ауданда болатын түрлі мәдени іс-шараларға да жиі қатысып тұрады. Әжелеріміздің басты мақсаты – өскелең ұрпаққа өнеге болу.
– Елімізде балаларға қатысты сан түрлі жобалар қолға алынуда. Арнайы жобалар негізінде республикалық байқаулар көптеп ұйымдастырылу үстінде. Мәселен, «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының өрендері зор жетістіктерге қол жеткізуде. Алматы қаласында өткізілген «Берекелі алтын күз» республикалық байқауында «Аспапта ойнау» номинациясы бойынша асқарлық Еркежан Кеңесбайқызы жүлделі І орынды жеңіп алды. Балалар мен жасөспірімдер арасында шымылдығын түрген байқауда біздің өнерлі өрен жоғары деңгейде өнер көрсетті. Кішкентайынан домбыраны жанына серік еткен Еркежан бірнеше күйді нақышына келтіріп орындай біледі. Талантты өнерпаздың жетекшісі – білікті маман, тәжірибелі музыкант Гүлназ Сералиева, – дейді ауылдық клуб директоры.
Өнер тұнған туған өлкеден республика, облыс көлеміне танымал Әділет Омаров, Тұрғанәлі Шарапов, Жансая Маханбетова, Алуа Бердіханова, Абылайхан Байділдаев, Аяулым Бекболатова секілді күміс-көмей, жезтаңдай әншілер шыққан. Осы аға-әпкелерінің соңынан ерген «Шабыт» балалар хоры, «Айтұмар» би тобы, «Мирас» домбырашылар ансамблінің жас көркемөнерпаздары өздерінің өнерлерімен талайды таңғалдырып, ауылдың атын елге танытып, ауыл мәдениетінің көркеюіне өз үлестерін қосып келеді. Мәдениет үйінің мамандары өнерпаздарды өнерге баулуда ізденісті серік етіп, жас жеткіншектердің талантын ашуда.
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ