Іскерлік – жақсы қасиет
Аудандық Достық үйінде «Қоғамдық келісім» КММ Сырдария аудандық бөлімшесінің ұйымдастыруымен отбасы күніне орай «Іскерлік – жақсы қасиет» атты Ақсақалдар кеңесі мен этнос өкілдерінің кездесуі өтті. Кездесуге ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан, тарихын танытқан ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдері, қызмет пен отбасын ұштастыра білген аналар мен жұмыста және кәсіпте кейінгі жастарға үлгі бола білген этнос өкілдері отбасыларымен қатысты. Аудандық «Аналар» кеңесінің төрайымы Өтегенова Балшекер Сұлтанбекқызы іс-шараны ашып, жүргізіп отырды.
Алғашқы құттықтау сөзін «Әжелер» мектебінің төрайымы, ауданымыздың «Құрметті азаматы» Ұлмекен Жаналиева сөйлеп, елімізде 6 қазан күні өтетін АЭС салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдумға қатысты маңызды ақпараттармен бөлісіп, ақпараттандырып өтті.
– Баршаңызды отбасы күнімен шын жүректен құттықтай отыра, отбасыларыңызға бақыт, бақ-береке тілеймін. «Отан – отбасынан басталады» демекші, еліміздің жарқын болашағы үшін дұрыс шешім қабылдау мына біз бен сізден басталады. Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүруде. Соңғы 5 жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгеріп, жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді. Бір сөзбен айтсақ, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, халықтың қалауымен жасалуда. Жолдаудағы бір ерекшелік халықтың қалауынан салынған дүниелер мен реформалар, заңдарға өзгерістер халықтық талқыға түсіп барып қабылдануы бұл Әділетті Қазақстанның бір көрінісі. Жолдауда айтылып, қазіргі қоғамның басты назарын аударып отырған тақырып бұл Атом энергетикасын дамыту болып отыр. Президент өз Жолдауында «Атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» тақырыбында 6 қазан жалпыхалықтық референдум жариялады. Бұл қоғам үшін өте маңызды әрі өзекті тақырып. Сондықтан 6 қазан күні ел ертеңі үшін референдумға қатысуға баршаңызды шақырамын, – деді Ұ.Жаналиева.
Тағылымы мол іс-шара барысында қоғамдық іс-шараларға белсене қатысатын өзге ұлт өкілдері отбасы құндылығы жөнінде мәнді де мағыналы әңгіме айтып, мерекемен құттықтады. Одан бөлек аудандық этнос өкілдерінің ішіндегі белсенді Мясцовтар отбасы ән айтып, қонақтарға керемет көңіл-күй сыйлады.
– Отбасы – тұлға тәрбиелеудің және оны қоғамның сан қырлы жақтарын игеруіне мүмкіндік туғызатын ең алғашқы әлеуметтік орта. Отбасы – шағын мемлекет. Оның тірегі – әке мен ана. Үлгілі жанұя үлкен қазына. Қазақ халқында «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген даналық сөз бар. Ұлы мен қызына тәрбие беретін ата-ананың парызы мен қарызы үлкен. Халық айтса, қалт айтпайды, «Отан – отбасынан басталады», «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деген даналық сөзінде үлкен ғылыми тұжырымдаманы көрсетеді. Бүгінде жергілікті этнос өкілдері және отбасылары аудан экономикасының өркендеуі мен әлеуметтік ахуалының жақсаруына атсалысып келеді. Ауданымызда өзге ұлттардың басын біріктірген «Достық» үйінің белсенділері бүгінде облыстық, аудандық іс-шараларда сахна төрінен көрініп жүр, – деді Балшекер Өтегенова.
Кездесу соңында, қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып, атсалысып жүрген өзге ұлт өкілдері отбасыларына Алғыс хат және естелік сыйлық табысталды.
Алтынай ЖҮНІСОВА