Отбасы–бақыт мекені
№210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектептің ұйымдастыруымен Сырдария аудандық кент мәдениет үйінде Отбасы мерекесіне орай «Отбасы – бақыт мекені» атты ата-аналарға арналған кездесу кеші өтті.
Кездесуге аудандық полиция бөлімінің капитаны Жандос Жұмабеков, акушер-гинеколог Сандуғаш Жәнібекқызы, ата-аналар комитетінің төрайымы Серікгүл Байталиева, ардагер ұстаз Үміт Есназар, БАҚ өкілдері, ұстаздар және ата-аналар қатысты.
Маңызы зор кездесуді ұйымдастырудағы басты мақсат – мектеп өміріндегі ата-аналардың педагогикалық білімін жетілдіру, мәдениетін арттыру, бала тәрбиесіне белсене араластыру, соның нәтижесінде ата-ананы баланың алғашқы ұстазына айналдыру. Тағылымы мол кеш мектеп оқушыларының дайындаған тәрбиелік мән-мағынасы бар әсерлі қойылымынан басталды. Өз кезегінде мектеп директоры Света Сақтапова кездесу кешін ашып, алғы сөз сөйледі. Одан бөлек мектеп директоры бала тәрбиесі, мектеп формасы, оқушылардың мектептен тыс бос уақытын тиімді өткізу жайында сөз қозғап, ата-аналармен талқылады. Кездесу барысында мектеп директоры мектепте үнемі іс-шараларға қатысып, белсенділік танытып жүрген ата-аналарды алғыс хатпен марапаттады.
– Қай халық болсын үмітін ең алдымен ұрпағымен байланыстырады. Бүгінгі бәсекеге қабілеттілікті талап еткен қоғамда жас ұрпақты сол қоғам мүддесіне сай, оның мұң-мұқтажын өтерлік, елін, жерін, халқын көзінің қарашығындай қорғайтын ұлтжанды, отаншыл азамат етіп тәрбиелеу көзделеді. Біздің де алға қойған мақсатымыз – қазіргі қоғам мұратына сай жан-жақты жарасымды тұлға өсіру. Отбасында, оның ішінде бала тәрбиесінде ата-ананың алар орны мен рөлі қай кезде де ерекше. Бала тәрбиесіне, оның тұлға болып қалыптасуына, жан-жақты дамуына тек ата-ана немесе ұстаз жауапты деп айта алмаймыз. Бұл ұстаз бен ата-ананың бірлесе отырып жасалынатын үлкен маңызды жұмыс десек болады. Бүгінгі қоғамда бала тәрбиесі үлкен маңызды рөл атқарады. Ата-аналар да, ұстаздар қауымы да бала тәрбиесіне назар аударып, көп көңіл бөлсе екен деймін. Күн тәртібіндегі екінші мәселе – мектеп формасы. Барлық оқушы мектеп формасын міндетті түрде сақтау қажет. Бұл – барлығына ортақ ереже. Сондықтан осыны әр ата-ана қолға алып, үнемі мектеп формасының дұрыс сақталуын қадағалау қажет. Баршаңызды оқу жылының басталуымен құттықтаймын, – деді мектеп директоры.
Кездесу барысында аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері полиция капитаны Жандос Жұмабеков бала құқығы, балалар арасындағы буллинг, әлімжеттік, құқық бұзушылық, бұзақылық және оның алдын-алу жөнінде ата-аналарға баяндама оқыды. Сонымен қатар аудандық аурухана акушер-гинекологы Сандуғаш Жәнібекқызы балалардың денсаулығы, ерте жүктілік, гигиена сақтау әдебі, тазалық жөнінде түсіндіріп өтті. Одан бөлек мектеп оқушысы Арсен Бақытбек жанды дауыста «Анамның тілі» әнін орындап, кештің көркін аша түсті. Өз кезегінде мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Друмова бала тәрбиесіне байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
– Ұлт өмірінің іргетасы, негізін қалаушы – отбасы болса, отбасының іргесі – бала. Ал бала отбасының жылуын, қолдауын сезінгенде ғана бақытты болып ержетеді. Қазіргі таңда мектеп қабырғасында ата-аналармен жүргізілетін жұмыстың түрлері мен әдістері олардың педагогикалық мәдениетін көтеруге, мектеп пен отбасының өзара ынтымақтастығына және тәрбие жұмысының әлеуетін арттыруға бағытталған, – деді Айгүл Друмова.
Кездесу соңында аудандық мәдениет үйінің өнерпазы «Ана» әнін орындап, кешті қорытындылады.
Алтынай Қайратқызы