Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құлбаев феномені

Құлбаев феномені

Қырман меңгерушісі Райыс ағай ылғи «Мен сендерге бір қызық айтайын» деп бастайтын әңгімесін. «Қырманда сары плащ киген бір кісі жүр, облыс әкімі Сапарбаевқа ұқсайтын сияқты, қазір төбеде күріш тазалайтын агрегаттардың қасында тұр» деді қалың көзілдірігінің шаңын сүртіп тұрып. Шаруашылық басшысы екеуміз бірден «қой» деппіз. Далаға атып шығып төбе жаққа қарасақ, шынымен Сапарбаев Бердібек Машбекұлы екен. Төмен түсе «Қырман тасысын» деп біздің сәлемімізді ақжарқын пейілмен алып жатыр. Аймақ басшысының біздің шағын ауылымызға ескертпей келуі бізді таң қалдырды. Қасында тек жүргізушісі. Қалжан ахун шаруашылығының директоры Құлбаев Алдаберген Бодыбайұлы ағамыз да қонақты қырман қосына қарай бас­тап, шаруашылықтың жай-күйімен таныстырып әбігер болуда. Алдекеңнің де осы шаруашылыққа басшы болып қайта келгеніне көп болған жоқ еді. Алдыңғы қызметі облыстық орман шаруашылығының бас директоры болған.

Бердібек Машбекұлы қырман қосында асықпай шай ішіп отырып, әңгіме үстінде аймақтағы жаңа­лықтармен бөлісті. «Менің аяқ асты ауылдарыңа келуім, сіздерді ойландырып отырған шығар», – деп ашық әңгімеге көшті. «Көкейімде көптен бері мазалап жүрген жұмы­сым, Алдеке, өзіңізбен кездесіп, алды­ңыз­дан өту еді. Ойпырмай бұл қалай болды?» – деп ренжіп те жүрген шығарсыз. «Облыстың кадр­­лық саясатына байланысты сізді өзіңіздің абыройлы жұмыс іс­теп кеткен шаруашылығыңызға қай­­та әкелуге тура келді. Сіздің ел ал­дындағы еңбегіңізді бағалап, ал­дағы жұмыстарыңызға табыс тілеп, әлде де бірге жұмыс істейміз деген сеніммен келіп отырмын» – деп тұрып Алдекеңнің қолын алды. Қазір ойлап отырсам, Алдекеңнің алдына аймақ басшысының, кейінгі министр, премьердің орынбасары, еліміздің тағы да төрт облысының әкімі болатын тұлғаның бұлай келуі үлкен абырой және алдағы жұмыстарына сәттілік әкелді деп ойлаймын. Талай жетістіктер мен қиындықтардан абыроймен өтіп, әлде де аяғы үзеңгіден кеткен жоқ. Сол кездесу менің есімнен кетпейді. Өйткені облыс әкімімен әңгіме дүкен құрған аз уақытта ол – қазаққа тән «Ұлық болсаң – кішік бол» деп айтқандай, ізеттілік пен әдептіліктің, құрмет пен адамгершіліктің жоғарғы құндылығын көрсетіп кетті. Бұл 1997 жылдың күзі болатын.

Алдекең бұл шаруашылыққа ал­ғаш­қы директор болып келгенде 1985 жылы 36 жаста екен. Шаруашылық «21 партсъезд совхозы» болып аталып оған Қызылдихан және Қалжан ахун (бұрынғы Жетінші) елді мекендері қарайтын. Совхоздың орталығын Қызылдиханнан Қалжан ахун елді мекеніне көшіріп жатқан кезде қабылдап алды. Алғашқы таңертеңгі «нарядтарды» (планировканы) Қалжан ахун каналының жағасында, бөрененің үстінде, келешек техникалар тұратын тұрақ орнында жасап жүрді. Шаруашылықтың негізгі жұмысы күріш егу болғанымен, қосымша мал бордақылау, құрылыс салу, көкөніс-бақша егу, балық-құс асырау жұмыстары алда күтіп тұрды.

1986-1989 жылдары совхоз мемлекетке астық тапсыру міндеттемесін орындауы бойынша ауданда бірінші орында болды. Өндіріс бригадтары Қуаныш Мықбаев, Жарылқасын Ерташев, Зайдағали Жүсіпбаев және ең маңызды қиын саланы басқаратын шөп бригадирі Орынтай Махамбетов ағалардың ұйымдастырушылық қабілетімен ауыл азаматтарының қажырлы еңбегінің арқасында сов­хоз суырылып, облыстың алдыңғы қатарына шықты. Мал басы ірі қара – 5000, жылқы басы – 600-ге жетті. Осы жылдары шаруашылық өз күшімен 78 үй, екі дала қосын, кеңсе, гараж, қырман салып, жеті үйдің есебінен ауыл клубының қабырғасын қалады.

Ауыл құрылыс алаңына айналып, 10 бригадада жүздің үстінде құры­лысшылар жұмыс істеді. Құрылыс­шылар Самұрат Сисенов, Жақсығали Еспанов, Қасым Қожанов және Кархолев отбасы бригадалары салған тұрғын үйлер әр отбасыға қуаныш сыйлады. Малшылар күніне арнайы келген облыстың басшысы Әуелбеков Еркін Нұржанұлы жолда жүру кестесін өзгертіп, әуелі құрылысшылардың жұмысымен танысып, дала қосында әңгімелесіп отырып, сол кездегі аспазшы Жұмаш Қаюмова жеңгеміздің істеген аухатынан ауыз тиіп риза болыпты. Одан әрі көлікті жоспарда жоқ жақын жердегі малшы қонысына бұруға тапсырма берген. Ол кездері әр бригадтың дала қосында үкіметтің малын бағып бақташылар отыратын. Бұлар барған ескі қырман жұртындағы малшының үйінде келін түсіруге тойға дайындық жасалып, далада әйелдер түтіндетіп бауырсақ пісіріп жатыр екен. Облыс басшысы келеді деп кім ойлаған. Бәрі асып-сасып, абыр-сабыр болып қалыпты. Еркін Нұржанұлы малшы отбасының қуаныштарына құтты болсын айтып, қорадағы малдың жағдайымен танысты. Күз айы, жаңбырдан кейінгі мал қораның жағдайы белгілі. Машинасынан етігін кие түскен бірінші хатшыға сықырлаған туфли кигендер ере алмай масқара болыпты. Қайтып келе жатып «бәрі дұрыс, бірақ бауырсақ пісіріп жатқан қазақтар – құдайы қонаққа наннан ауыз тиіңіздер» – деп те айтпады ғой дегенде «жерге кіріп кете жаздағанбыз» – деп еске алады Алдекең. Ол кезде Әуелбеков талай басшыларды састырып мекемелерге, ауылдарға қасына нөкерлерін ерітпей және ескертусіз жалғыз барады екен. Ол сапарлары қызықты аңыз әңгімеге айналып, ел арасына тарап айтылып жүретін.

Алдекең кейін аудан әкімінің орынбасары, ауыл шаруашылығы бөлімінің, «Шапағат ЛТД» бірлес­тігінің, Шіркейлі, С.Сейфуллин шар­уа­шылықтарында басшылық қыз­мет­терде болды. Жауапкершілік пен ар намысты алдына мақсат етіп қойған ағамыздың ол кезде де ерлік­пен пара-пар игілікті жұмысы, қалдырған ізі аудан халқының көз алдында. Бір-ақ мысал, қиын аумалы төкпелі заманда малдан қол үзген Іңкәрдария халқына егінмен айналысуына жағдай жасап, қысқа уақыттың ішінде 17 драглайн экскаватор қо­йып, канал қазып, оның сағасына салған «КҰЛБАЙ» шлюзі әлі де елдің игілігіне жарап тұр.

2001 жылы Қалжан ахун ауылында аудан әкімі Әріп Хожбановтың ұйымдастыруымен асарлатып мектеп салынды. Сол жылғы шаруа­шы­лықтың табысының жартысын және «келесі жылы бір нәрсесі болар мектеп салынғаны олжа» – деп тұқым күрішке дейін тиеп жіберген осы төраға Алдекең еді.

Екі мыңыншы жылдардың бі­рінші он жылдығында көптеген шар­уа­шы­лықтардың жұмыстары жүр­­­мей, нарыққа бейімделе алмай то­қырауға ұшырады. 2008 жылы Оспан Мәлібаев ауылының Дәуітбай Сақтағанов, Сымат Үсенбаев, Есентай Қозыбаев, Қосым Жөлекенов бастаған ардагерлердің өтінішімен Алдаберген Бодыбайұлы Қызылдихан шаруа қожалығының төрағасы болып қайта сайланды. Ал 2012 жылы көктемде облыс әкімі Көшербаев Қырымбек Елеуұлы қатысқан аудан активінде Асқар Тоқмағанбетов, Сәкен Сейфуллин, Қалжан ахун шаруа­шылықтарының егіс еге алмай отырған жағдайы қаралды. Жиналыста Қалжан ахун ауылының тұрғындарының атынан сөйлеген Қуандық Сарыбаев ақсақалдың ұсынысымен Қалжан ахун шаруа­шылығы Қызылдихан шаруа қожа­лығының қарауына қамқорға алынды. Сол кездегі жағдайды төраға былай әңгімелейді:

– Екі ауылда да бірдей жағдай болыпты ортақ қырман сатылып, техникалар тоналып тек отын тасуға жарайтын бір-екі Беларусь тракторы қалған екен. Тәжірибелі күрішші-механизаторлар ауылдан жыраққа жұмысқа тұрып кеткен. Қарыз екі ауылда да шаш етектен. Ең бастысы шаруашылыққа ақша салатын инвес­тор іздеу қиын болыпты. Не жасыратыны бар ағайын туыс, жора-жолдас жағалап қарызданып заңгерлердің көмегімен екі шар­уашылықты да бірінен соң бірін банкроттыққа жіберіп тазалауға тура келіпті. Қазір бәрі артта қалып екі ауылдың да шаруашылықтары аяққа тұрған соң баға беру оңай, – дейді төраға. Оның артында қасымда серік болған әріптес жігіттер мен тілектес азаматтардың баға жетпес еңбектері жатыр. Олар Нұрым Тәжібаев, Өтебай Бегманов, Өтеш Әбілов, Арысбай Ақмырзаев, Серікбай Кенжебаев, Тахир Ерғалиев, Сайфулла Анасов, Ақшагүл Мусаева, Бақтыбай Ильясов, тағы басқада ауыл азаматтары. Ол айта берсең ұзақ әңгіме, – деді Алдекең.

«Жақсының шарапаты жалпақ елге жетеді» деп қазақ атам айтып кеткендей қазір Құлбаев Алдаберген Бодыбайұлына қарасты екі шаруашылықтың әрқайсысы 2 миллиард теңгенің үстіндегі қаражатқа жаңа техника алып жұмыс жасауда. Егін алқаптары қайта тегістеліп, су жолдары жөнделіп, жаңа қырмандар салынып, басқа да әртараптандыру жұмыстары қарқынды жүруде. Шар­уашылық елдің әлеуметтік жағдай­ларына белсене араласуда. Биыл екі төрт пәтерлік үй салынуда. «Еңбегіне қарай өнбегі» дегендей бастысы айлық уақытылы төленіп, сыртқа кет­кен егінші-механизаторлар ауылдарына келіп жұмыстарын жал­ғастыруда.

Халқымызда «Сүйіп істеген іс шаршатпайды» деген дана сөз бар. Осы сөз биыл егіс жинау науқанына қатысқанына 53 жыл болып, 75 жас­қа толып отырған Құлбаев Алдаберген Бодыбайұлына айтылғандай.

«Еңбек пен бақыт егіз» деп көре­ген халық бекер айтпайды. Жоғарыда баяндап өткен ұзақ еңбек жолының қысқаша әңгімесі оның куәсі. Олай дейтіні Алдекеңмен табан тіресіп күні-түні сол еңбек майданында мен ауыл әкімі, ол шаруашылық басшысы болып, бір мақсат жолында бес жылдай қызмет жасадық. Ол кісі «Жер ана» ұғымын терең түсіне білген, жерді күтіп, баптай білгенге еңбегіне қарай ол да бас иетінін мойындаған жан. Халықтың шынайы ықыласына бөленіп, оған арқа сүйеуі үлкен азаматтылықты талап етеді. Жәй шаруалардың басына түскен қиындықтардың күрмеуін шешу де аса іскерлік пен шыдамдылықты қажет етеді.

Біреудің жөнсіз сілтеуімен жүріп, байлаулы баспақ болу оның табиға­тында жоқ нәрсе. Турашыл­дығымен қоса қызбалығы, жөнсіз басшы мен қосшыға да иіле қоймайтын мінезі жұмыстарына талай рет кедергі болғанын көрдік. Кей кезде «осы қырсық біржақты мінезімнен де шығар – тіл-көзден аман қалып жүр­генім» деп те әзілдейді.

Алдекең елдің алғысымен қатар мемлекетіміздің де жоғарғы марапат­тарына ие болды. «Құрмет» белгісі, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет», «Парасат» ордендерімен қатар «Ерен еңбегі үшін» медалінің, басқа да төсбелгілердің иегері. Марапат­тардың ішінде жанына жақын тұта­тыны – «Сырдария ауданының Құр­метті азаматы» атағы. Ол оның жар­ты ғасырдан бергі егіншінің күнде таңертеңгі алтыдан басталатын ең­бе­гіне тереңөзектіктердің берген баға­сы деп біледі.

Алдекеңнің осылайша еркін жүріп еңбек етуіне қолдау көрсетіп үйдегі бала-шағаға еге болып, отбасының ұйытқысы болып, бәрін реттеп отырған Күлзейнеп жеңгеміздің арқасы десем, артық айтпаған болармын. Олардың ұл-қыздары Айгүл, Эльмира, Марат, Талғат, Қанат барлығы да жоғарғы білім алып, отбасын құ­рып, түрлі салада қызмет етіп, ата-анасына немере-жиендерінің қы­зығын көрсетіп отырған азаматтар.

Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы тіршілік баяны бар. Бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Оны сырт көз өздерінше бағалап жатады.

Алдаберген Бодыбайұлы, алдағы келе жатқан 75 жасыңыз құтты бол­сын! Шаңырағыңыздың алтын діңгегі өмірлік қосағыңыз Күлзейнеп екеуіңіз зор денсаулықта болып ұрпақ­тары­ңыздың қызығын көре беріңіздер!

Марат ОМАРОВ,
ҚР Журналистер
одағының мүшесі

14 қыркүйек 2024 ж. 438 0