Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәскеуде қазақстандық болып қала береміз

Мәскеуде қазақстандық болып қала береміз

Сырдариялық аға ұрпақ пен орта буын өкілдері ауданның байырғы тұрғындары Олег Ким мен Любовь Ставердің есімдерін жақсы біледі. Олег Александрұлы ауданның полиция бөлімінде қызмет атқарса, Любовь Ефимқызы денсаулық сақтау саласында абыройлы еңбек етті. Бүгінде 75 жасты еңсерген ардагерлер Мәскеу қаласында тұрады. Мәскеулік жерлестеріміз жақында туған елге келіп, тереңөзектік ағайынмен қауышты. Ерлі-зайыптылар туған жерге деген сағынышын қазақ тілінде жеткізіп, керемет әңгіме-сұхбат құрылды. Оқырмандар назарына тілші сұхбатын ұсынамыз.

– Ең әуелі сіздерге қош келдіңіздер дейміз. Сіздердің есімдеріңізді аудан жұртшылығы жақсы біледі, дегенмен оқырмандарға өздеріңіз туралы, туып-өскен жер жайында айтсаңыздар?

Олег Ким: Қасиетті Сыр елі менің туып-өскен жерім. Дүниеге 1950 жылы келдім. Әкем мен анам үш баланы, мені және екі қарындасымды тәрбиелеп өсірді. Анам Ванда Брониславна емханада тері дәрігері болған С.Дәужановтың жанында ұзақ жыл медбикелік қызметті атқарды. Жұбайым Любовь Ефимқызы небәрі 3 жасында отбасымен Молдавиядан осында қоныс аударғандар. Туған жерде Тереңөзектегі №36 А.Жданов атындағы орта мектепте оқып, білім алдық. Өзім Қарағанды жоғары милиция мектебін бітіріп, ішкі істер органында учаскелік полициядан бастап, бөлім басшысының орынбасары қызметіне дейін көтерілдім. 28 жыл қызмет еткеннен соң отставкаға шықтым.

Любовь Ставер: Мектепті бітірген соң Қызылорда қаласындағы кооператив техникумын бітірдім. Ауданда тұтынушылар одағы мекемесінде еңбек жолымды бас­тап, өнерге деген жақындығым аудандық мәдениет үйінде қызмет етуіме әкелді. Бала кезімнен ән салуға жаным құмар болатын. Аудан­ның көркемөнерпаздарымен талай мәрте бүкіл­одақтық фестивальдерге дейін барып, лау­реат та атандым. Қазақ, орыс, молдаван, грек тілінде ән айтып, Сыр елінің атын шығардық. Кейін аудандық ауруханаға қызметке ауыс­тым. Денсаулық сақтау саласында Д.Айсина, С.Танкенова, Р.Садықовтың басшылығымен қызмет етіп, кадр бөлімінің басшысы болып, зейнетке шықтым. Ең керемет жастық шағымыз Тереңөзекте өтті. Аурухананың атынан концертке шығып, сахналық қойылымдар қойдық. Ауданда алаңда өтетін мерекелік іс-шаралардың басы-қасында болуыма өнерге деген махаббатым себеп болды.


– Иә, бала кезімізде мерекелік іс-шаралар сіздің орындауыңыздағы әндер­мен өтетін. Мемлекеттік Гимннен бастап, түрлі ұлт өкілдерінің әндерін тамылжыта орындағаныңызда дауысыңызға тамсанбайтын жан қалмайтын?

Олег Ким: Любовь Ефимқызы – аудан сахнасында Гимнді алғаш шырқағандардың бірі. Біздің отбасымызда балаларымыз да өнерді ерекше бағалайды. Қазіргі кезде немерелеріміз әжесінің әнін естісе, дереу таң қалып, қазақ тіліндегі әнге қызығушылық танытады.

Любовь Ставер: Туған жерге деген сағыны­шымды әнмен басамын десем артық айт­қандық болмас. Қазақтың халық әндері жүрегімнің түкпірінде тұр. Ұялы телефоннан, теледидардан қазақ тілінде айтылатын әндерді іздеп тауып тыңдаймын. Сөзін жаттап, қосыла шырқаймын. Мәдениет үйіне жұмысқа келгенімде мәдениеттің майталманы Алма Бақтиярованың іскерлігі ғажап еді. Сол кісінің қолдауымен Алматының төрінде ән салдық. 1980, 1985 жылдары екі мәрте Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивалінде лауреат атандым. Аудандық мәдениет үйі жанындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрінде ән салдым. Қазір арада қанша жыл өтсе де, сахнадағы қазақ ұлтының киімін киіп ән салған күндерім есімнен кетпейді. Керемет күндер естелік болып қалғанының өзі қуаныш сыйлайды.

– Мәскеуде қай уақыттан бері тұра­сыздар, немен айналысасыздар?

Любовь Ставер: Біздің 1 ұл, 1 қызымыз бар. Қызымыз Татьяна голландиялық азаматқа тұрмысқа шықты. Олар Голландияда тұрады. Ұлым Дмитрий әкесінің жолымен полицияны таңдады. Қызмет жолын Байқоңыр қаласында атқарды. Байқоңырдан Мәскеуге қызмет ауыс­тырып, қазір отставкаға шықты. Әкесі де подполковник, баласы да подполковник шенімен шықты. Дмитрий Мәскеуден үй салды. Бізді зейнеткерлікке шыққан соң сонда көшіріп әкетті. Қазір оншақты жылдан бері Мәскеуде тұрамыз. Әрине, оңай болған жоқ, қоныс аударатын кезде көп ойландық. Баламыз қайда болса, біз де сонда болуымыз керек деп шештік. Қарап отырсаңыз бұл да қазақтың дәстүрі секілді. Кенже балаңның қолында болу. Қазір жағдайымыз жақсы, немерелеріміз бар, немеренің алды үйленді, шөбере күтіп отырмыз.

– Татьяна мен Дмитрий біздің заман­дасымыз, мектепте бірге оқыдық. Бала­ларыңыз да өте белсенді, қоғамдық жұмыс­тың ортасында жүретін, сабақты да жақсы оқыды.

Олег Ким: Балаларымызға жақсы тәрбие бердік деп ойлаймыз. Мектепте жақсы оқыды. Білім берген ұстаздарына мың алғыс. Қазір екеуі де үйлі, балалы-шағалы. Қызымыз Татьяна Богдан есімді жиен сүйгізді. Дмитрийдің өз бизнесі бар. Үлкен немереміз Вадим Домадедовада полиция қызметінде, атасы мен әкесінің жолын таңдады. Үшінші ұрпақ десек болады құқықты жалғастырған. Одан кейін Никита – университет бітірді, Александр мен Марк мектеп оқушылары. Келініміз Ольга – Байқоңырдың қызы. Құда-құда­ғиы­мыз да Мәскеуде тұрады.

– Адам өмірі үшін жастық шақ ең ұмы­тылмас кезең. Алғашқы еңбек жол, араласқан құрдастар, әріптестер, олардың есімдерін әрдайым құрметпен айтып отыру да ұрпақтарыңызға берген тәрбие емес пе?

Любовь Ставер: Денсаулық сақтау саласында қызмет атқарғанымда кәсіподақтың да жұмысында белсенді болдым. Марқұм Бектас Ердәулетовтің адамгершілігін ұмытпаймын, Сейітқан Дәужанов, Шынтас Ізетов, Қожагелді Сарыбаев, Абдолла Арғынбаев, Айгүл Жақыпова тағы басқа ақ халатты абзал жандармен аралас-құралас болғанымды мақтан етемін. Ал жолдасым Олег Александрұлы Қ.Қонақбаев, Н.Сыздықов, Б.Италмасов, Е.Өксікбаев басшы­лық еткен жылдары қызмет етті. Ауданда ішкі істер бөлімінде бірге қызмет атқарған Айтуған Төлтаевпен осы күнге дейін хабарласып тұрамыз. Осы жолы Асылбек Ақбалаевқа сәлем беріп қайттық, марқұм Байназар Өткелбаевтың отбасында болдық. Елдегі жақсы жаңалықтарды телефон арқылы біліп, байланысып отырамыз. Біздің де ұрпағымыз Қазақстанда сондай керемет жаны жайсаң азаматтардың бар екенін біледі.

– Туған елге ат басын бұруға, тіпті бүгінгідей заманда көп адамның қолы да тие бермейтіні рас. Сіздер соңғы рет Тереңөзекке қашан келдіңіздер? Ауданымыздан қандай әсер алдыңыздар?

Любовь Ставер: Жиі-жиі келіп тұруға тырысамыз. Әлемде болған ковидтің кесірінен келе алмадық. Үш жылдан бері келіп тұрғанымыз осы. Ұзақ уақыт бола алмасақ та, біршама болдық деп айта аламыз. Осы уақытта аудан керемет өзгерген, үлкейген. Өз бетімізше келсек, туысқандарымыздың үйін таба алмас па едік. Мұнда бізді құрақ ұша қарсы алатын қайынсіңлім Зоя мен марқұм жұбайы Василийдің үйі бар. Біз Зояның баласы Сашаның үйіне тоқтадық. Осы кең сарайдай үйде аунап-қунап жаттық. Келін Мақпалға да көп рақмет, асты-үстімізге түсіп, бар жағдайымызды жасап жатыр.

Аудан орталығының ажарына көз сүйсінеді. Осындағы бұрынғы әріптестеріммен кездестім. Барлығымен сағынысып көрістік. Тіпті алаңда өткен концертке барғанымызда бізді сонадайдан танып, сәлемдесіп жатқан жерлестерімізді көріп қуаныштан көзімізге жас келді. Кезінде бірге сахнада ән салған әріптестерімді де көрдім.

Олег Ким: Әрбір сапарымыз керемет өтуде. Бұл жолы да есте қаларлықтай болды. Бұрынғы әріптестерім, қазіргі полиция ардагерлері, ұйым төрағасы М.Еспенбетов «Қазақстан полициясына – 30 жыл» мерекелік медалімен марапаттады, Қызылорда қаласында да кездесулер өтті. Бәрі емен-жарқын керемет әсерлі кездесу болды. Туған елге деген сағынышымыз басылмады. Әбден сағынысып қалыппыз. Орталық алаңның да көркіне көз сүйсінеді. Бауырларым Нағи Ілиясов ауылына апарды. Ғажайып ауылды қалаға бергісіз дер едім. Жасыл желекке оранған ауыл біздің ауданда болғанына мақтандық. Әбден суретке түсіп алдық, бала­ларымызға, немерелерімізге көрсететін боламыз. Жұбайым да бұрынғы әріптестерімен кездесті. Көңілде барлығы сайрап тұр, жақсы күндеріміз көп болсын деп тілейміз.

– Қонақжай қазақ елі мен орыс ұлтының дәстүрі туралы айтсаңыз? Ресейде қазақ салтын көрсететін кез болады ма?

Любовь Ставер: Әдепкі көшіп барған тұста үйренісе алмадық, тіпті ауылға қайтамыз ба деген де ой да мазалады. Бірақ өзімізді қолға алып, көршілермен байланыс орнатуға тырыстық. Тамақтың неше түрлісін пісіріп үйімізге қонаққа шақырдық. Бір-екі шақырғанда келмеді, сонан соң өзім тамағымды алып бардым, олар таңғалды, неліктен бұлай етесіз деп. Мен бұл қазақтың салт-дәстүрі, біз қонақжаймыз деп, ет тамақ жасап, үйге шақырдым. Дастарқан толы ас-ауқаттан, үйіп пісірілген ет тамақтан дәм татып, бауырсақтан ауыз тиіп, қарым-қатынас орнай бастады. Ол жақта мұндай жоқ. Бөтен адамды шақырып, ас беру олар үшін жат. Қазір біз Наурыз мерекесін, басқа да мерекелерді атаусыз қалдырмаймыз. Ресейліктер бізді жатсынбады. Біз де ол жақтың керемет орманды табиғатына уақыт өте үйренісіп қалдық. Біз Мәскеуден 30 минуттық Ирбис деген коттеджі кентте тұрамыз. Арнайы күзет қызметі бар, халқы тыныш, әркім өзінше өмір сүреді.

– Мәскеуде Қазақстанды еске түсіретін жер бар ма немесе ондағы халықтың арасынан қазақстандықтарды жиі кездес­тіресіздер ме?

Олег Ким: Мәскеуде 20 млн аса халық тұрады. Ресейдің астанасы әйгілі Қызыл алаңымен танымал. Қаланы аралағанда ұлы Абай Құнанбайұлының ескерткішіне барамыз. Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың атында көше мен мектеп бар. Мектеп алдындағы ескерткішті көрдік. Шындығында қазақтарға көп кезікпедік. Көбіне өзбек, тәжік, қырғыздарды кездестірдік. Біз – қазақстандықпыз. Және онымыз үшін мақтанамыз. Әкем корей ұлтынан болғанымен анам поляк, жұбайым молдаван, Тереңөзекте қазақ құдаларымыз бар. Бір қарындасым Екатерина Санкт-Петербургте тұрады, Тереңөзекте Зоя бар. Бойымызда күш-жігеріміз барда Тереңөзек­тен алшақтамаймыз, келіп тұрамыз.

Любовь Ставер: Ауылға келгенімізде кенттегі музейге бардық. Мәскеуге көшер алдында өзіме қатысты құжаттарды, газетке шыққан мақалалар мен фотоларды музейге өткізген болатынмын. Музей қызметкерінен сол құжат салынған папканы сұрадым, бәрі сақтаулы тұр екен. Жаңа музейден арнайы орын берілетінін айтып, қуантты. Туған жерде бізді іздейтін, сағынатын адам болса сонда барып көруіне болады.

– Сырдариялық оқырмандардың атынан сіздерге зор денсаулық тілейміз. Ұрпақтарыңыздың қызығына кенеліп, ұзақ жасаңыздар деген тілек айтамыз!

Любовь Ставер: Ауданның айнасы «Тір­шілік тынысы» газетіне рақмет, бізді арнайы іздеп келіп, сұхбат құрғандарыңызға. Биыл 85 жылдығын атап өтіп жатқан басылымға оқырмандарыңыз көбейе берсін, жазар жаңа­лық­тарыңыз көп болсын дейміз!

– Рақмет.

Сұхбаттасқан
Бибісара ЖАНӘЛІ
14 қыркүйек 2024 ж. 421 0