Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Полиция ардагері

Полиция ардагері

Полиция ардагері Сәбит Әлжанов – ел тыныштығын сақ­тау­да қажырлы еңбек еткен, бүгінде құрмет төріндегі зейнеткер.

Ішкі істер саласындағы қызметке келмес бұрын Қызылорда қаласында картон комбинатында еңбек жолын бастаған Сәбит Әлжанұлы Алматы қаласында милиция мектебінде оқиды. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары тәртіп сақшысы болған байырғы полицей бүгінде 85 жаста.

– 1937 жылдың 7 қарашасында анамнан егіз болып туылдық. Нұғман деген сыңарым бар. Әкем теміржолда жұмыс істеді. Анам Айымкүл 13 құрсақ көтерген, соның 5-ін жеткізген қадірлі жан. Ленинград қаласында 3 жыл әскерде болғаннан кейін елге оралып, бала кезімдегі арманым милиция мектебіне оқуға түстім. Сонда 3 жыл оқып, жолдамамен Қызылорда облысына келдім. Мұнда мені Шиелі ауданына жіберді. Шиеліде ішкі істер бөліміне қарасты ОБХСС-те инспектор болып 11 жыл қызмет еттім. ОБХСС дегеніміз социалистік меншікті ұрлауға қарсы күрес бөлімі. Сонда аға инспектор болып қызмет атқардым. 1968 жылы Қарағанды жоғарғы милиция мектебіне оқуға түсіп, оны аяқтадым. Капитан шенімен оқу орнын аяқтаған соң қарт анамның күтіміне байланысты басшылыққа Тереңөзекке ауысу туралы өтініш білдірдім. Тереңөзекте де өз салам бойынша 1980 жылға дейін қызмет еттім. Кейін үздік қызметім үшін мерзімнен бұрын «майор» шенін алдым. Ол кезде шенмен көтерілу өте қиын еді. Бұйрық Мәскеуден келеді. Қызметтің қаншалықты ауыр болғанын байырғы адамдар жақсы біледі. Мемлекеттің меншігіне қол сұққандар қатаң жазаланады. Барлығын бақылау, тексеру жүргізу тәжірибені қажет етеді. Социалистік меншікті ұрлауға қарсы күрес бөлімінде басшының орынбасарлығына дейін көтерілдім, – дейді ардагер С.Әлжанов.

Қырағы полиция қызметкері ауданға ауысқан соң аудандық ішкі істер бөлімінде жоғары лауазымды қызмет атқарып, тергеу саласында қажырлы қызмет етеді. 25 жыл қызмет өтілімен зейнет демалысына шыққан тәртіп сақшысы ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінде заңгер болып абыройлы еңбек етеді. Қоғамдық жұмыстардың ортасында, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан азамат аудан әкімдігінде де заң кеңесшісі болып қызмет еткенін айта кеткен жөн.

1964 жылы жас полицей Сәбит Әлжанов Аралдық Бекзадамен отау құрады. Алматы қаласындағы республикалық медициналық училищені тәмамдаған жұбайы ауданда денсаулық сақтау саласында зейнеткерлікке шыққанға дейін қызмет етеді. Ақ халатты абзал жан дүниеге 6 ұл бала әкелген алтын құрсақты ана. Перзенттерінің барлығы жоғары білімді азамат. Араларында әке жолын қуған Ерлан Сәбитұлы полиция бөлімінде қызмет етіп, зейнеткерлікке шықты. Қазір қарттың немересінің бірі Аслан полицияда – кинолог.

– Азамат болып ер жеткеннен ауданның құқық қорғау саласында қызмет еттім. Шүкір, көп тәжірибе жинадым. Бауырларыма қамқор болып, балалы-шағалы болдық. Осы жасқа келгенге дейін соңымыздан көптеген мықты кадрлар ерді. Тәлімгер болып, білікті мамандардың өсуіне, қызметті адал атқаруына үлес қостық. Аға буын өкілі ретінде бөлім басшылығы ардақтап, құрметтейді. Инспекторлықтан бастап бөлім бастығының орынбасарына дейін көтерілдім. Подполковник шенімен зейнетке шықтым. Атқарған қызметіме көптеген наградалар берілді. Ең бастысы халықтың тыныштығы үшін аянбадық. Талай қылмыстың алдын алдық, дер кезінде ашылуына атсалыстық, – дейді 85 жастағы қарт полицей.

– Аға буын өкілдеріне қашанда құрметіміз жоғары. Ардагерлердің ақыл-кеңесі артық етпейді. Олардың тәжірибесі қазіргі жас кадрларға өте қажет. Бөлімдегі ардагерлердің бастауыш ұйымының төрағасымен кеңесіп, ардагерлердің басын қосып, кездесіп отырамыз. Полиция қызметінде сала ардагерлері қоғамнан тыс қалмайды, оларға қамқорлық таныту, сый-құрмет көрсету біздің парызымыз, – дейді полиция бөлімінің басшысы Н.Ибраев.

Зейнеттегі подполковник зайыбы Бекзада апа екеуінің 22 немересі бар. Қазір қарттарды кенже ұл Бауыржан бағып-қағып отыр. Немерелердің қызығына кенеліп отырған қос қарияға денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз.

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
11 қазан 2022 ж. 606 0