Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұлттық өнерді ұлықтаушы

Ұлттық өнерді ұлықтаушы

8 жасынан бастап Абылайхан өнер мектебінің табалдырығын аттаған болатын. Үйдегі кенже ұлды ата-анасы күйшілік өнерге баулыды. Ұлы музыканы меңгеріп, домбыра сыныбынан дәріс алғанын қалады. Өнерлі жан «1 пайыз талант, 99 пайыз еңбек» керектігін жақсы біледі. Сондықтан ол тәуліктің тең жартысын кәсіби шыңдалу жолына арнайды. Бала күнінен домбырасын серік еткен Абылайхан Қилымхановты көпшілікке танытып, төлқұжатына айналған күйі Жантөре Айшуақұлының «Шалқымасы» еді.

Күйшілік өнердің түбірін қо­парып, білімін тереңдете түскен жас өнерпаз – төкпе күйдің шебері. Қарсы алдына келген шәкірт біткенді барынша шыңдай түсетін ұстазы Марат Сәдуақасов Абылайханның бетін қақпады, белін буды. Домбырасын арқа­лаған бозбала өнер мектебін үздік бағамен тәмамдады. Аудан көлемінде өткізілетін мәдени іс-шаралардың көркін қыздырып, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді. Үш жүздің күйін білетін өнерпаз музыканың жанрлық бағытына аса мән берді. Әр өңірдің мақамын жаттап өскен жас талант Қызылорда қаласындағы «Қазанғап» атындағы музыкалық колледжге оқу­ға түседі. Мұнда Нұрадин Ахметовтың сыныбында күйшіліктің қыр-сырына қанығып, алғашқы жылдары «Кеңес», «Келіншек», «Балбырауын» күйлерін нақышқа келтіре орындайды.

– Әкем Абдуахит 9 жасымда алғашқы домбырамды алып берді. Ата-анам үнемі сенім артып, өнер жолындағы армандаған мақсат-мін­деттерімнің орындалуына қолдау көрсетті. Өзім №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде білім алдым. Ұстазым Бибігүл Спан әрқашан биік белестерді бағындыруыма жол ашты десем болады. «Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй» деп заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов айтқандай, күйдің терең­дігін, кемеңгерлігін ұғына білу де тамырынан қол үзіп қалмаған, уызына жарып туған ұлағатты ұрпақтың ғана маңдайына жазылған бақ шығар, бәлкім?! Бағымызға орай өнердің киесін ұғынып, ата-баба мұрасын насихаттап келемін, – дейді жас талант.

Талантты күйші осыдан 4 жыл бұрын Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түсіп, домбыра мамандығы бойынша білімін жетілдіреді. Ауылдың қарадомалақ баласын Алатау бөктері жатырқамады. Күмбірлеген күйдің күдіретін се­зінген жас өнерпаз дарынды музыканттардың аманатын орындауға талпынды. Жүрек пен түйсікті ұйыстырған Абылайхан Абдуахитұлы арманына қол жеткізді. Туған жердің өнерін өркендету үшін барын салуға ниетті. Доцент Жұмағали Қуаныш Тереңөзектің төл перзентін кәсіби тұрғыдан жан-жақты дайындап, толық­қанды кәсіби маман етіп шығарды.

– Біз – текті қазақтың бақытты ұрпағымыз. Күй­шілік дәстүрдің негізі ешбір мемлекетте қа­ланбаған. Тек ұлтымыздың төл мұрасы ретін­де қалыптасқан. Мен үшін қазақтың әрбір күйі күрделі. Мәселен, пәлсапалық күйлердің ма­ғынасы зор. Батыс, Арқа, Сырдың күйшілік мектебінде өзіндік ерекшеліктер бар. Мақамға назары ауған күйші авторлық туынды шыға­руға мән береді. Өз басым авторлық күй шығарудың әлі уақыты келген жоқ деп санаймын. Алдағы уақытта кұдіретті өнердің дамуына үлес қосуға барымды саламын, – дейді жас күйші.

Жыл өткен сайын кәсіби деңгейін же­тілдіре түскен Абылайхан Қилым­ханов бұған дейін облыстық, рес­публикалық, ха­лықаралық байқау­лардың лауреаты атан­ған. Бірнеше байқауда қазақ өнерінің мәр­тебесін биіктеткен жас өнерпаз 15 жылдай уақытын музыка білімін меңгеруге жұмсаған. Бүгінде кәсіби маман ретінде аудан мерейін үстем етіп жүр.

Балтабай Аябекұлы
03 шілде 2021 ж. 524 0