Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Заң үстемдігін қамтамасыз ету – ортақ міндет

Заң үстемдігін қамтамасыз ету – ортақ міндет

Мемлекеттің мемлекет болуы, қоғамның орнықты дамуы мен стратегиялық мақсат-міндеттердің сапалы орындалуы үшін ең алдымен заң керек. Заң жоқ жерде тәртіп болмайды. Ал тәртіп болмаса, бәрі бекер. Сондықтан адамзаттық құндылықтардың бастауында, саяси маңызды шешімдердің түп негізінде заң ұғымы тұрады.

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында «Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құрамыз. Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілек­тестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз» деп атап өтті. Расында да заң үстемдігін қамтамасыз ету, Ата Заңымыздың әрбір тарауы мен тармағын орындау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Осы ретте қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет екені анық. Мысалы, даладағы, көшедегі вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіп­сіздігі, мәдениетсіздігі, неше түрлі тұрмыстық жанжалдар еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіреді. Сондықтан Президент атап өткендей, біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету болуы керек.

Теңдігіміздің тұғыры, елдігіміздің негізі болған Ата Заңымыз – мем­ле­кеттің әрбір азаматының құқықтарын қорғап, міндет­терін айқын­дайтын, ел игілігі үшін дұрыс өмір сүру­дің бағыт-бағдары бола біл­ген маңызды құжат. Бұл – мемлекетіміздің бар­­лық заңдарының бір­лес­кен тетігі секілді. Яғни, біздің азаматтардың тәртіпке бағынып, адал өмір сүруі алдымен Ата Заң талаптарын сақтаудан басталады.
Конституцияда адам құқығы ең жоғары құндылық ретінде айқын­далған. Осы орайда, Конституцияның әрбір азаматқа оңтайлы болуы үшін 2022 жылдың 5 маусымында Ата Заңымызға өзгерістер енгізу туралы референдум өткізілгенін жақсы білеміз. Бұл да жылдар өте келе заман ағымы мен азаматтардың сұранысына негізделген маңызды өзгеріс жасаудың көрінісі. Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың бәрі өзара байланысты және бір мақсатты көздейді. Атап айтқанда, супер­президенттік басқару үлгісінен президенттік рес­публикаға түбегейлі көшу, бірқатар билік өкілет­тігін қайта бөлу, парламенттің рөлін кү­шейтіп, мәртебесін арттыру, елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту және азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру мақ­сатында то­лықтырулар енгі­зілді. «Қазақстан Респуб­лика­сының Конс­титу­­циясына өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасы республикалық баспасөзде бір ай бұрын ресми түрде жарияланды, яғни Конституцияның бұрынғы және жаңа нұс­қаларының айырмашылығынан ха­бары аз адамдарға түсінікті болу үшін Ата Заңның нақты баптары мен тармақтары бірнеше бөліктерге бөлінді.

Жаңа Ата Заңымызда партияға қатыс­ты өзгерістер болып, белгілі билік өкілдеріне партия мүшесі болуға тыйым салынды. Бұл әрекет саяси бәсекені арттырып, барлық саяси партияның дамуына бірдей жағдай қалыптастыруды көздейді. Соның аясында облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкім­дерінің құзыретке ие болу тәртібі де едәуір өзгерді. Жергілікті би­лікке қа­тысты Президенттің өкі­лет­­­тігі азайып, ол мәс­лихаттардың рө­лін айтар­лықтай артты­рады. Сонымен қатар, Парла­­мент­­тің рөлі күшейіп, мәртебесі артуда. Ерекше атап өтер­­лік жайт, елімізде айрықша қажет­тілік туын­даған жағдайда, заң­дар жедел қабылданатын болды. Конституциядағы өзгерістер халық­тың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті сақтауға, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдай­лармен күресуге бағытталғаны көңіл қуантады. Бұдан бөлек, елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту, азаматтардың құқықтарын қор­ғау тәсілдерін жетілдіру мәселе­лері қарастырылғанын жоғары баға­лаймыз.

Мемлекет басшысы «Әділетті Қа­зақстан» мен «Адал азамат» ұғымы егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиістігін әркез айтып келеді. Шын мәнінде, адалдық һәм тәртіп пен заң жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды. Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын, заңды қадірлейтін адал азамат болса, қоғамда әділдік орнайды. Сондықтан адам бостандығы мен құқы­ғының кепілі болған Ата Заңды құрметтеуіміз қажет.

Нұрхан ӘБДІКӘРІМ,
Сырдария аудандық сотының
әкімші басшысы
30 тамыз 2024 ж. 207 0