Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде

"Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде

Сырдария ауданында «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Қараша айының 20-сынан басталған жұмыстар айдың соңына дейін жалғасады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында қоғамдық тәртіп пен бұзақылықтың алдын алу мәселелері туралы да сөз қозғады. Қоғамдық тәртіпті бұзушылар мен арандатушылық әрекеттің қатаң түрде жолын кесу қажеттігін айтқан Президент «...Қоғамымызда ұдайы келеңсіз оқиғалар болып жатады. Мысалы, даладағы, көшедегі вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі, неше түрлі тұрмыстық жанжалдар еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіретін болды. Тағы да айтамын: біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек» деді.

Осы міндетті орындау, қылмысты болдырмау мен алдын алу мақсатындағы профилактикалық іс-шара аудан тыныштығын қамтамасыз етуді көздейді. Осы орайда «AMANAT» партиясының аудандық филиалының және білім беру саласының мамандары, еріктілер аталған жедел профилактикалық іс-шараға атсалысып, тыныштық сақшыларымен қатар сап түзеді. Олар адам көп шоғырланатын орындарға арнайы барып, бақылау жүргізді. Сонымен қатар сауда орталықтары иелері мен есепте тұрған азаматтарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Вандализм, ұрлық, ережені бұзу, біреудің мүлкі мен арына қол сұғу сияқты қылмыстардың алдын алу мақсатында ұйымдасқан жұмыстар атқарылуда.

– Министрліктің тікелей тапсырмасымен ауданда «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс шарасы өтіп жатыр. Алғашқы жеті күннің ішінде 277 әкімшілік хаттама толтырылып, 2 көлікті масаң күйде жүргізген азамат ұсталды. Олармен заң аясында жұмыстар жүргізіледі. Қоғам – біздің ортақ үйіміз. Өзіміз өмір сүріп отырған ортаның тыныштығы, қауіпсіз болуы өзіміз үшін де, ұрпағымыз үшін де маңызды. Сондықтан азаматтарды заңға бағынып, қауіпсіз қоғамды бірге құруға шақырамын. «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген аталы сөз бекер айтылмаса керек, – дейді Сырдария АПб-нің бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі А.Оспанов.

«Тт» ақпарат
23 қараша 2023 ж. 169 0