Берекелі білім ошағы
Заманның заңғар тұлғаларының бірі Ілияс Жансүгіров «Жас мұраты – білім, тәлім – талабы... Өнер, оқу – жастықтың қару жарағы» деп айтқанындай, қай уақытта да қоғам мен мемлекет дамуының басты тетігі сапалы білім беру. Болашағымыздың нығаюына, келешегіміздің кемелденуіне, рухани, мәдени саламыздың жоғары сатыға өсуіне, жаңа технологиялардың енуіне, өзгерістердің өрлеуіне тек сапалы білімнің ғана құдіреті жететіні күннен күнге айқындалып келеді. Ел іргетасының бекемделуіне, күрделі мәселелердің күрмеуін шешіп, алға бағыт алып, келешегіміздің көркеюі – бүгінгі беріліп жатқан білімде екені анық. Бүгінгі «Білім» бетінің кезекті шығарылымы Қалжан ахун ауылының №126 орта мектебіне арналады. Білім ордасының тарихы, тыныс-тіршілігі, жетістіктері, атқарылып жатқан жұмыстары туралы мектеп директорымен құрған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Бақытжан Жамалқызы, сұхбатымыздың алғашқы сұрағын әдеттегідей мектеп тарихынан бастасақ...
– Мектебіміздің тарихы сонау ХХ ғасырдың 34-жылдарынан бастау алады. Ол кейін «Шолақарық», «Бостандық жол», В.И.Чапаев және А.Иманов атындағы бастауыш мектептердің негізінде ірілендіріліп, 1950 жылы В.И.Чапаев атындағы жетіжылдық мектеп болды. 1962 жылы сегізжылдық, 1987 жылдан бастап орта мектеп болып жұмыс істеп келеді. Мектептің іргетасын қалап, жас ұрпаққа тәрбие беруде еңбек еткен Ш.Жансымақов, М.Аюпов, Б.Оразаева, Н.Әбдібахитова, Қ.Ділдебаев, Ә.Сүйінішбаев, Ә.Ыбыраев, Қ.Нақыпов, С.Досымбетов, Қалыбай мен Нақыш Ермахановтар, М.Күндәулетов, Т.Бәшенов, Н.Әкбаров, Қ.Нұрыбаев, С.Қарамырзаев, Қ.Маханбетовалардың ұстаздық қызметі мен елеулі еңбегі әрқашан ел есінде, ұмытылмақ емес. Мектептің қазіргі ғимараты Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай жаңадан салынып, 2002 жылы пайдалануға берілді. Кеңес үкіметінің соңғы жылдарынан бастайтын болсақ, мектеп директоры қызметін Е.Әбілов, Қ.Нұрыбаев, Б.Зинабдинов, Л.Палымбетова, Б.Сағындық, М.Төлегенов сынды білікті басшылар басқарып, мектептің өсіп-өркендеуіне, дамуына сүбелі үлестерін қосты. Ғимараттың жалпы көлемі – 1781,3 шаршы метрді құрайды.
Мектеп тарихындағы жетістіктерге келетін болсақ, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Рыскүл Құлмағанбетова 1997 жылы «ҚР Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Одан бөлек 2007 жылы мектеп мұғалімдері арасында өткен «Көңілді тапқыштар клубы» сайысында ауданнан бас жүлде алып, №126 орта мектебінің «Сырдария серілері» командасы облыстық сайыста бірінші орынға ие болды. Сондай-ақ 2016-2023 жылдар аралығында алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі Мұрат Бөдеев Президенттік көпсайыстан Қазақстан Республикасы чемпионатының 7 мәрте чемпионы атанып, аудан мерейін асырып, абыройын асқақтатқан болатын.
– Ұстаз – мектеп жүрегі демекші, педагогтардың құрамына тоқталып өтсеңіз...
– 2023-2024 оқу жылында мектепте жалпы 50 мұғалім жұмыс жасады. Оның 7-і зерттеуші, 13-і сарапшы, 17-і модератор біліктілік санаттары бар. Оқушыларға сапалы білім беруде аянбай еңбек етіп, өскелең ұрпақтың білімді әрі тәрбиелі болуына сүбелі үлес қосып жүрген білікті ұстаздарымыздың еңбегі зор, әркез бағалы. Ұстаздарымыз өткен тәжірибесін жаңамен ұштастыра алатын кәсіби қызығушылығы жоғары, танымы биік, бастаған ісінің нәтижесін көре алатын, ғылыми зерттеу жұмыстарын таңдай білетін, педагогикалық үрдістің заңдылықтарымен етене таныс, оқытудың әдістемелік жаңалықтарынан хабардар, оқыту үрдісін ізденімпаздықпен арттыратын өз ісінің шеберлері. Әр ұстазымыз шәкірт жүрегіне жол табуда, өз пәніне қызығушылық оятуда ең тиімді әдістерді іздей біледі. Бүгінгі заман талабына сай мектебіміздің тәжірибелі мұғалімдеріміз де жас мамандарымыз да қазіргі қоғамдық-әлеуметтік талаптарға жауап беретін, заманауи, жан-жақты, білімді, жаңашыл ойлау дағдысын меңгерген, оқушының жан-жақты дамуын ұйымдастыра алатын және ата-аналармен ынтымақтастық орнатуға икемді. Бұл өз кезегінде білімді жоғары жетілдіруге септігін тигізеді. Мектебіміздің ұстаздары өз салаларының білікті мамандары қатарында АӘД жетекшісі М.Бөдеев, денешынықтыру пәнінің мұғалімі Г.Сүлеймен, бастауыш сынып мұғалімі Л.Жұмаділова, орыс тілі пәнінің мұғалімі Г.Әбдіғаппарова, математика пәнінің мұғалімі Э.Жорабекқызы, педагог-ұйымдастырушы А.Есназарова және тарих пәнінің мұғалімі Л.Сәрсенбаеваны ерекше атап өтуге болады.
– Оқу жылы барысындағы оқушылардың құрамы, жеткен жетістіктері және ҰБТ көрсеткіші туралы жалпы айтып берсеңіз...
– 2023-2024 оқу жылы бойынша 61 оқушы «үздік», 72 оқушы «жақсы» үлгеріммен оқу жылын аяқтады. 2023-2024 оқу жылында 9 оқушы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды МУ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда универсиеті, Шәкәрім атындағы Семей МУ, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан МУ жоғары білім орындарының білім гранттарын иеленсе, 1 оқушымыз «Алтын белгіге» аяқтап, Алматы қаласындағы Сүлеймен Демирел атындағы университет түлегі атанды. Жыл көлемінде аудандық пәндік олимпиададан 6 оқушы жүлделі орындармен марапатталды. Физика пәнінен 11 сынып оқушысы Б.Сейтасанов облыстық ауыл балаларының олимпиадасынан жүлделі 3-орын алды. Химия пәнінен 8 сынып оқушысы Т.Төребекова облыстық кезеңде жүлделі 3 орынмен марапатталды. Жаратылыстану пәнінен 5-сынып оқушысы Ж.Сәрсенғали облыстық кезеңнің алғыс хатымен марапатталған болатын. Ғылыми жобалар сайысының аудандық кезеңінде бірнеше оқушы жүлделі 2-3 орындармен марапатталды.
– Қазіргі уақытта бала тәрбиесі күн тәртібіндегі бірінші маңызды мәселенің бірі екені белгілі. Мектепте тәрбие саласы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталсаңыз...
– Иә, шынында қазіргі таңда бала мәселесі өте маңызды болып табылады. Тәртіп бар жерде ғана білім болады. Оқушылармен әркез жоспарға байланысты арнайы тәрбие сағаттары өткізіліп отырады. Өткен оқу жылында балаларды құндылықтарға баулу мақсатында 200-ден астам тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Сырдария ауданы мектептеріндегі тәрбие және бағдарлы оқыту саласы мамандарының қатысуымен ақпан айында «Өнеге көзі – тәрбие, ошағы – театр», наурыз айында «Мамандық таңдау және тұлғаның өз бағдарын айқындау» тақырыптарында семинарлар және наурыз айында «Ризашылық – мейірім бұлағы» тақырыбында аудандық ардагер ұстаздардың семинар жұмыстары өткізілді. Жыл көлемінде құқық бұзушылықтың алдын алу шараларына басымдықтар берілді, түнгі рейд жұмыстарына ата-аналарды тарту жобасы оң нәтижесін көрсетті. Бұдан бөлек Оқу-ағарту министрлігінің 2022 жылғы 25 тамыздағы «Орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы» №377-бұйрығы бойынша психологиялық қызмет жұмыстары тәрбие мамандарымен, ата-аналармен, пән мұғалімдерімен бірлесе атқарылды. Бұл жұмыстар мектепішілік бақылауға алынған оқушылармен жүргізілетін шараларды жүйелендіріп, сынып жетекшілердің жұмысына қолдау берді. Мектебімізде «Ата-аналар академиясы» аясында «Даналық мектебі» құрылып, аталар мектебі, әжелер мектебі, әкелер мектебі, аналар мектебі жұмыстары ұйымдастырылды. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында мектеп педагогтарының ата-аналармен тығыз қарым қатынаста болуы маңызды. Осы орайда ата-аналар комитеті жұмысымен қатар «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы» жұмыс жасады. «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығында» бастауыш, негізгі және орта буын сыныптарына лайықталған сабақ жоспарлары бойынша ата-аналармен бірлескен тренингтер, оқу сабақтары, дөңгелек үстелдер, кездесулер, т.б. іс-шаралар ұйымдастырылды. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде балалар арасындағы қатыгездік, зорлық-зомбылық және буллингке қатысты көп жағдайлардың куәсі болып жүрміз. Осыған байланысты «Қатыгездіксіз және зорлық-зомбылықсыз балалық шақ», республикалық ақпараттық науқаны аясында «Бақытты балалық шақ» тақырыбында бала құқығын қорғау мазмұнында сынып сағаттары өтті. Сонымен қоса «Зорлық-зомбылықсыз өмір!» тақырыбында 8-9-10 сыныптармен дөңгелек үстел өткізілді. «Буллинг және кибербуллингтен қалай сақтанамыз?» тақырыбында құқықтық сабақ, «Өз құқығыңды білесің бе?» тақырыбында дебат ойыны өткізілді. Қаңтар айында «Құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыбында ер балалармен жиналыс, «Әке-тәрбие тірегі» тақырыбында әкелер жиналысы, Сырдария АПБ-нің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Мамыт Нұрлан, Сырдария АПБ-нің ЖПҚб ЮПт учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Жұмабек Гүлстан жоғары сынып оқушыларына құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. 2024 жылдың 30 сәуірі күні мектеп бітіруші сыныптардың ата-аналар жиналысы өтті. Негізгі мәселе – мектеп бітіру кештерін қауіпсіз өткізу. Балалар арасындағы әлімжеттікті болдырмау, шаралар ұйымдастыруда ата-аналардан, балалардан ақша жинамау мәселесі қаралды.
– Көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қандай да бір көмек көрсетіле ме?
– Балаларды әлеуметтік қолдау аясында аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан 49 бала оқу жылы көлемінде киім-кешекпен, ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. 20 оқушыға демеушілер есебінен бір жолғы көмек көрсетілді. Жалпыға міндетті оқу қоры есебіне 20 бала, кәсіподақ есебінен 3 бала «Жалын» тынығу лагерінде демалды. «Нұрбек» және «БАҚ» шаруа қожалықтары демеушілігімен негізгі мектеп курсын үздік аттестатпен аяқтаған 4 оқушыға құны 520 мың теңгенің Түркістан облысындағы «Машат» лагеріне жолдама табысталды. «Қазақстан халқына» қоры есебінен 2 оқушы Түркістан облысындағы «Қуаныш» лагерінде демалды. Мектеп жанынан «Жас өркен» күндізгі тынығу лагерінде 80 оқушыға түске дейінгі демалыс ұйымдастырылды. Осы лагерь жұмысына «БАҚ» шаруа қожалығы 100 мың теңге қаржылай қолдау көрсетті. Жалпы мектепке демеушілік қолдауды «Нұрбек» ШҚ төрағасы Алдаберген Құлбаев, «БАҚ» ШҚ төрағасы Серік Әбжалиев мырзалар жасап келеді. Демеушілер қаражаты мектеп акт залының пердесін жаңарту, стенділер жасату, жазғы лагерь жолдамалары мен жұмыстарын ұйымдастыру, т.б. шығындарға жұмсалды. Демеушілік қаражатының жалпы сомасы – 1 млн 620 мың теңге.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Сұхбаттасқан А.Қайратқызы