Шыңғыстың шыңы
Жасындай жарқырап, әркез алға ұмтылып, аудан абыройын талай байрақты бәсекелерде биікке жетелеген жергілікті спортшылардың бірі де бірегейі Шыңғыс Сәбитұлы Сейтқалиев еді. Ол тірі болғанда дәл бүгін 26 жасқа толып, көгалдағы хоккей спортына құштар аудан жастарымен бірге жеке мерекесін атап өтетін еді. Амал нешік, сайыпқыран спортшы жақында ғана қапыда қаза болып, отбасына ғана емес, ауданның спорт сүйер қауымына зор күйзеліс әкелді.
Біз Шыңғысты бала күнінен білетінбіз. Мектептің белсенді оқушысы болды. Кейін спортқа құштарлығы оянып, өмірінің ең қымбат кезеңін стадионда, жаттығу залында өткізуді әдетке айналдырды. Сонау 2008 жылдан бастап көгалдағы хоккей спортымен айналысуды бастады. Білікті бапкер Сұлтанбек Қобландиннің көзіне түсіп, оң бағасын алды. Сөйтіп ауылдың қарадомалақ баласы 2013 жылы облыс құрама командасына қабылданды. Бұл оның үлкен спорттағы ең алғашқы белесі болатын. Араға бір жыл салып спортшы көгалдағы хоккейден Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпазы атанып, Қазақстан Республикасының көгалдағы хоккейден спорт шебері атағын алды. Осылайша небәрі 16 жасында-ақ спорт саласында өзіндік орнын қалыптастырды.
Шыңғыс Сейтқалиев республикалық жарыстардан бөлек, халықаралық жарыстарда да топ жарды. Мәселен, 2015 жылы Индия мемлекетінің Гвалиор қаласында өткен көгалдағы хоккейден «Шеберлер Кубогі» халықаралық жарысында жүлделі III орын иеленді. Осы жылы Өзбекстан Республикасының Бұхара қаласында өткен «Өзбекстан Республикасының Кубогі» халықаралық жарысының жеңімпазы атанды. Сондай-ақ 2016 жылы Қазақстан Республикасының ұлттық құрама сапында Сингапур мемлекетіндегі «Әлемдік Лига» жарысының I кезеңінің қатысушысы болды. 2017-2018 жылы Казань қаласында өткен Ресей Федерациясының Жоғарғы Лигасының жеңімпазы ретінде жеңіс тұғырынан көрінді. Ал 2018-2019 жылы көгалдағы хоккейден Электросталь қаласында өткен Ресей Федерациясының Жоғарғы Лигасының күміс жүлдегері атанып, аудан абыройын асқақтатты. Осы ретте 2019 жылы көгалдағы хоккейден Талдықорған қаласында өткен Орталық Азия Кубогі иегері атанған кезінде аудандық газет редакциясына хабарласып, сүйінші жаңалықты жеткізген спортшының жерлестеріне деген сүйіспеншілігіне тәнті болғанымызды айтып өткеніміз орынды.
Спортшы Тәжікстан мемлекетінің Душанбе қаласында өткен халықаралық турнирдің де жеңімпазы атанды. Мұнан бөлек Дубай қаласында ұйымдастырылғанын «Friendship Cup» халықаралық турнирінің де жеңімпазы болды. Ш.Сейтқалиев Қазақстан Республикасының ұлттық құрама сапында Индонезия мемлекетінің Джакарта қаласында өткен «AHF CUP» жарысының қатысушысы ретінде үздіктер көшін бастады. Былтыр Оман мемлекетіндегі Азия Кубогінің қатысушысы ретінде де жақсы қырынан танылды. Шыңғыс Сәбитұлы көгалдағы хоккей спортының облысымыздағы белді ойыншысы болды.
– Біз Шыңғысты мақтан тұтатынбыз. Оның спортқа деген құштарлығы, жеңіске деген ұмтылысы ерекше болатын. Ойын алаңындағы қимыл-қозғалысы, іс-әрекеті де шапшаң, тез үйлесім тауып, команда спортшыларына серпіліс сыйлайтын. Көгалдағы және индор хоккейден ҚР спорт шебері атанғанда ерекше қуандық. Ол сондай-ақ көгалдағы хоккейден Қазақстан Республикасының 8 дүркін, индорхоккейден 5 дүркін жеңімпазы ретінде де аудан тарихында қалды. Шыңғыс Сейтқалиев қол жеткізген жетістіктері үшін облыс, аудан әкімдерінің, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының Алғыс хаттарын иеленді. Облыстың «Жылдың үздік спортшысы» номинициясымен марапатталған болатын, – дейді «Қайсар» ерлер команасының аға жаттықтырушысы Ғалымжан Әлиев.
Біз мақала жазу барысында саңлақ спортшының әкесі Сәбит Үсеновпен пікірлестік. Бауыр еті баласынан қапыда айырылып қалған азамат әлі де ештеңеге сене алмай жүргенін, ұлының қысқа өмірде көп жетістікке жеткеніне шүкір ететінін айтты.
– Халқымыз «Аталатсаң, аталат, боталатпа» деп бекер айтпаған екен. Ұлымның қазасы отбасымыз үшін ауыр соққы болды. Алланың ісіне шара бар ма?! Қиналамыз, төземіз, шүкір етеміз. Баламыз кішкентайынан спортқа құштар еді. Сұлтанбек Қобландин ағасынан тәлім алып, талай жарыстарға қатысты. Әр жеңісі мен жетістігіне қуанатынбыз. Енді оның бәрі өткен шақта айтылатыны өкінішті. Баламның спорттағы достарына рақмет, еске алып, сіздерге ұсыныс айтып, туған күніне орай мақала да жаздыруда. Аудан спортын өрге сүйреп жүрген спортшыларымыз аман болсын, – дейді Сәбит аға.
Иә, жасындай жарқырап, жастай қаза болған спортшы Шыңғыс Сейтқалиев аудан тұрғындарының, спорттағы достарының есінде мәңгі сақталары анық. «Тас түскен жеріне ауыр» демекші, бұл қаза ең алдымен марқұмның отбасы, ағайын-туыстары үшін өте ауыр екені сөзсіз. Десек те ол артына өшпес із қалдырды. Шыңғыстың бағындырған шыңы, спорттағы жетістіктері жастарға үлгі болып қалды.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ