Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Орталық Азияның үздік қақпашысы

Орталық Азияның үздік қақпашысы

Сан додада бағы мен бабы қатар жанған Бақытбек Сәрсенбайұлы – Сыр елінен шыққан сайыпқыран спортшы. Ол көгалдағы хоккеймен айналыса бастаған кезде он алты жаста болатын. Байрақты бәсекелерде жігерін жани түскен дарабоздың бапкері – Сұлтан Қобландин. Соңғы он төрт жылда «Қайсар» көгалдағы хоккей клубының намысын қорғап келе жатқан жігерлі жастың есімі алыс-жақын шетел спортшыларына жақсы таныс.

Тәуелсіздіктің құрдасы туған өлкенің атын әйгілі етуді алдына мақсат етіп қойған. Ел егемендігін алған жылы Бақытбек Сәрсенбайұлы Шаған ауылында дүниеге келеді. Кейіннен Тереңөзекке көшіп келген болашақ чемпион №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің 1-сыныбына қабылданады.

– Біз мектепті 19 түлек бітірдік. Алғашқы ұстазым – Сәрсен Құдайбергенова. Жоғары сыныпта білікті педагог Айнұр Көшенова ұстазымыз тағылымды тәрбие берді. Ұлағатты жан қашанда жан-жақты болуға үйре­тетін, егемен елдің патриоты болуға шақыратын. Мектеп қабырғасында талай қызықты күндерді бастан өткердік. Өзіммен қатар өскен достарыммен бірге спортпен шұғылдана бастаған болатынмын. Қазіргі таңда аудан намысын бірге қорғап келеміз, – дейді сайыпқыран спортшы.

Он төрт жыл көлемінде қырағы қақпашы атанған спортшы тегеурінді шабуылдан еш қорықпаған. Қайта алаңдағы ойыншы біткен қақпашыдан айласын асыруға тырысады. Командаласы Ырысбек Қапбаровпен бірге үлкенді-кішілі жарыста ыждағаттылық танытып, қақ­пасын қорғап жүр. Асқан төзімділік пен жылдамдыққа негізделген қақпашының алаңда атқарар қызметі зор. Бір тәулікте кемінде бір ойынға шығатын Бақытбек Сәрсенбайұлының түрлі жарақат алуы жиі кездеседі. Шап­шаңдықпен шашасына шаң жұқтырмайтын қақпашы жеңіс үшін барын салады. Қарсыластың соққысына сәй­кес, өзара дене қимылын артыру ойын барысында ай­рықша рөл атқарады.

Осыған дейін көптеген додадан дара шыққан Ба­қытбек Сәрсенбайұлы 2008 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік колледжіне дене шынықтыру мамандығы бойынша оқуға түседі. Кейіннен аталған білім ордасының университетінде білімін жетілдіреді.

«Қайсар» көгалдағы хоккей клубының белді ойыншысы атанған сырдариялық өреннің толағай табысы айтарлықтай баршылық. Кәсіби спортшы 2011 жылы «Қазақстанның спорт шебері» атағына қол жеткізді. Араға үш салып, еліміз бойынша «Үздік қақпашы» атанады. Бақытбек Сәрсенбайұлы – облыс әкімінің «Сыр үміті» жастар сыйлығының иегері. Сонымен бірге 2017 жылы «Nur Otan» партиясының «Тәуелсіздік құрдасы» арнайы дипломымен марапатталған. Ал 2018 жылы Сырдария ауданының 90 жылдығы мерейтойлық медалі жас спортшыға табысталды. Өткен жылы индор хоккейден Азия чемпионатының күміс жүлдесін иеленген спортшы «Орталық Азияның үздік қақпашысы» атанды.

– Бұған дейін қол жеткізген жетістіктерім спортта жан-жақты шыңдалғанымның арқасы. Жылдар бойы спортшыларды кәсіби тұрғыдан жаттықтырған бапкерім Сұлтан Қобландиннің еңбегі зор. Ұлттық құрама сапында жүріп, аудан мерейін асыруды мақсат етіп қойдық. Қазақ еліне бейбіт күнді сыйлаған ұлық мереке – мен үшін қастерлі. Егемен елдің кірпіші болып қаланып, туған жердің атын әйгілі етуде барымды салып келемін, – дейді Тәуелсіздік құрдасы.

Спорттағы ең күрделі әдіс-тәсілге иек артатын сыр­дариялық жасты ата-анасы мақтан тұтады. Сыр халқының үмітін арқалаған Бақытбек Сәрсенбайұлы осыдан 4 жыл бұрын тереңөзектік Гүлжанар Әбіловамен отау құрды. Қазіргі таңда жас отбасы 2 перзент тәрбиелеп отыр. Алдағы уақытта Сыр мақтанышының бағындарар белесі биік.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 

16 желтоқсан 2020 ж. 553 0