Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көресіні көріпкелден көріп жүрмейік

Көресіні көріпкелден көріп жүрмейік

«Мен өткенде ақшамды сондай алаяқтарға жем қылдым ғой. Сенгенім сонша, сенен қарызға ақша алғаным да сол еді. Қалай алданып қалғанымды білмеймін. Негізі жай қызық үшін көрмекші болғанмын. Бірақ сөздің өзі сиқырлы ғой. Оны өміріңмен байланыстырып, ебін тауып айтқанда, тіпті адасып кетеді екенсің. Тура соның айтқаны келіп қалатындай» деп бастады бір танысым әңгімесін. Жағдай былай болған.

Адамның бір дел-сал күйі болмаушы ма еді. Ешкім, ештеңе керек еместей, әлемде жалғыз өзің қалғандай... «Денем ауырлап, жағдайым жайсыз болды сол кездері» деп есіне алады Айдос. Содан бір сөйлесіп, жолымды аштырсам, жеңілдермін деп көріпкел, палшы іздей бастаған. Әрине әлеуметтік желі дамы­ған заманда жаныңа керектіні ойыңа ала қалсаң ертеңіне телефоннан шығып тұратыны бар. Айдосты онлайн-көріп­келдермен «жолық­тырған» да осы ұялы телефон болған. Әңгіме басталысымен «Неге сенесің сондайға? Оның үстіне жоғалтқаның аз ақша емес, көп ақша сұрағанынан-ақ ат тоныңды алып қашпадың ба?» дедім сөзге қонақ бермей. Сөйтсем алаяқ ауқымды ақшаны жоспарлы түрде «жымқырған» екен.

«Қалай соңынан ілесіп кеткенімді өзім аңдамай қалдым. Бастапқыда пал ашу 4000 теңге деген. Келістім. Өмірімде не болып жатқаны, болашақта не болары қызықтырды. Көріпкел тағдыр-дәптерімді ашып көріп бере ме, басқа әлемге еніп көріп келе ме, ол жағы ойландырмады сол кезде. Негізі ондайларға сенуге болмайтынын жақсы білемін. Бірақ сол сәтте көзім байланып қалғандай болды. Сонымен не керек, әлгі көріпкелім мені әлдекімнің сиқырлап, оқытып тастағанын, алдымда тек жаман нәрселер күтіп тұрғанын айтты. Ал енді сенбеу қайдан?! Өзімнің жайсыз күйімді сонымен байланыстыра қойдым, онымен қоса әлгінің сөзі сенбесіңе қоймайды. «Бір туысқан әйел оқытып, дуалаған. Маған 6000 теңге берсең, үш күн сыртыңнан оқып, дуадан тазартамын» деді. Қалай бермейсің?! Сол кездегі бар ойым бар-жоғы белгісіз дуаны шештіру, әйтпесе өмірім оңбайтындай болды да тұрды» деп әңгімесін жалғастырды Айдос.

Содан үш күн өткеннен кейін әлгі көріпкел қайта пайда болып дуаның толық шешілгенін, досымның анадан қазір туғандай таза, пәк күйге түскенін айтқан. Содан кейін өзінің әдетін қайта жалғастырып «Енді 5000 теңге берсең, барлық пәле мен жаладан қорғап тұратын қорға­ныш салып беремін бойыңа. Одан кейін саған ешкім кесірін тигізе алмайды. Және саған қасастық қылған адам туралы айтып беремін» деп есін шығарыпты. Әлгі досым өңін, жүзін де көрмеген телефонның ар жағындағы қайдағы біреуге сеніп, әр сұраған ақшасын беріп отырған. «Моральдық тұрғыда қиналған сәтте жоққа сеніп, мимен ойлану қиын болады екен. Кейін есімді жидым. Әлгінің сөзі де тәуір сияқты. Арбап әкетеді. Алланы аузына алып отырған соң қайдан білейін» деп ақталды. Бірақ алаяқ кезекті ақшасын алғаннан кейін хабар-ошардан мүлде жоқ болған. Айдос та есін сол кезде бір-ақ жиған.

Мәселені екі жақтан тарқатуға болады. Бірінші­ден, онлайн дүниеге сену. Екіншісі «болашақ болжағыш көріпкелге» сену. Кім-кімде болмасын өзіңді жалғыз қалғандай сезіну кездесуі мүмкін. Адамның алдауға да, арбауға да көнгіш кезі сондай уақытпен тура келіп жатады. Түрлі бағытқа түсіп, алданып қалатын адамдардың көбі сондай қиын уақыттан шығуды мақсат етіп, қате жолға түсіп кетуі де мүмкін. Ал ондай көріпкелдер көбіне адам жанын терең меңгерген әрі прагматик болып келеді. Прагматик дегеніміздің өзі – сөзбен алдап, арбап, сендіру. Бірақ көріпкелге сенуді дініміз құптамайды.

– Шариғатымызда пал аштыру, жұлдызнамаға сену және көріпкелдік сынды іс-әрекеттер – харам. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім балгерге, сиқыршыға не көріпкелге барып бір нәрсе сұрап, оның айтқандарын растаса, онда ол Мұхаммедке түскен нәрсеге күпірлік еткен болады» деген. Сонымен қатар, тағдырды, болашақты Алладан басқа ешкім білмейді. Алла Тағала қасиетті Құранның Ағраф сүресінің 188-аятында: «(Уа, Мұхаммед) оларға: «Мен Алла қаламайынша, өз-өзіме титтей де пайда келтіре алмаймын, сондай-ақ өзіме келетін зиянның да бетін қайтара алмаймын. Егер ғайыпты (болашақты) білетін болсам (еш уақытта шығынға ұшырамай) әрдайым мол табысқа кенеліп отырар едім һәм (алдағы қауіп-қатерден алдын-ала сақтанар едім) басыма ешқандай жамандық та, бәле-жала да келмес еді. Мен бар болғаны иман келтіретін қауымға ескертуші әрі сүйіншілеушімін» деп айт» деген. Яғни, тылсым күштермен айналысуға, оларға жүгінуге шариғатымызда қатаң тыйым салынады, – дейді аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Нұрсұлтан Болатбеков.

Былайынша да әр ісін көріпкелдермен ақылдасып барып бастайтындар да бар. Олар себепті-себепсіз сиқыршыға жиі жүгінеді. Асыл дініміз бұндайды «Құдайға серік қосу» деп құптамайды. Ал көріпкелдердің кейбірі бұны атадан қалған кәсіп десе, енді бірі бойында тылсым қасиеттің барын айтады. Қазіргі кезде көріпкел-алаяқтардың алдауына арбанып, құқық қорғау органдарына шағымданатындар қатары да көбейген. Негізінен дуа, жын дегеннің, сондай-ақ Құранмен дем салудың бар екені ақиқат. Бірақ ол бөлек әңгіме. Дінде рұқсат етілген нәрсе мен көріпкел, палшылықты шатастыруға болмайды.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: depositphotos.com
06 тамыз 2024 ж. 152 0